Қазір адамдардың жүйкелері жұқарып кеткен. Әйеліңнің өзіне абайлап айтпасаң, быт-шытыңды шығарады. – Ұршы мені, –деп алдыңа тұра қалады. – Ал, ұрсам ше? – Быт–шытыңды шығарамын! Сотқа беріп! Көрдіңіз бе, быт-шытыңыз шықпай тұрып, аузыңызға ие болыңыз. Көлік кептелісінде біреумен сөзге келе көрмеңіз! Көлігінен атып шығады да, быт-шытыңызды шығарады. Сөзге тоқтамайды. Көшедегі қайыршының өзі ақшаны аз тастасаң, быт-шытыңды шығарады. Құдайым-ау, мына өмірде быт-шытымыз шықпаған не қалды өзі? Теріс тәрбиемен өскен ұлы әкесін сабайды. Ішіп алып. – Сен менің әкемсің бе, папамсың ба? – деп сұрайды «дупль» мас баласы. – Әкеңмін ғой, балам, әкеңмін! – Жоқ, пахансың. – Паханы құрысын, әкеңмін. – Жоқ, пахансың, – деп сөзге тұрмағаны үшін әкесінің быт-шытын шығарыптастайды. Өткенде, Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарында да қып-қызыл төбелес орын алды. Жүргізушіні автотұраққа беретін жүз теңге майдасы болмағаны үшін басына баспен ұрған күзетші мықты екен, анаудың быт-шытын шығарды. Өзге серіктері оның "газелінің" де быт-шытын шығарды. Жастар. Жас болса да, өмірге мастар. Оларға артық сөз айтсаң, быт-шытың шығады. Кейіннен бұл бұзақылық оқиға құқық қорғау органдарына жетіп, екі тараптың татуласуымен аяқталса да, іс қозғалып жатыр.. Құқығымды қорғайды деген полицейлердің де қолына түсе көрмеңіз! Мейлі, сіз кінәлі болыңыз, болмаңыз, быт-шытыңызды шығарып, тепкілеп тастайды. Сондай оқиғалардан көз жұмғандар жетерлік. – Мойындамайсың ғой? – Мен өлтірген жоқпын. – Онда біз сені өлтіреміз! – Менің түк қатысым жоқ, ағатайлар! – Полиция ағатай емес! Осылай тентек тергеумен бастап, жазықсызды жындандырып жіберетін, немесе ана дүниеге аттандыра салатын полицейлерді не дейміз? Ал күні кеше, Шымкентте сот іс қарады. Өйткені, бір топ қылмыскерлер қаржы пирамидасын құрып, салымшыларды алдаған әйелге қысым көрсетіпті. Сосын не болушы еді? Салған ақшаны талап еткен қарсы тарапты дәмханаға «рәзборкаға» шақыран. – Ақшаны қайтарыңдар! – Сен кімсің, сонша? –Көзіңе көк шыбын үймелетемін! – Ал, мен быт-шытыңды шығарамын! – Қойе, қумашы, а? – Сен уже трупсың! – Қойее? – Сындырып тастаймын қазір! Не керек, ерегістің арты атысқа ұласты. Өзге тамақтануышылар тұра қашты. Оған қарайтын қылмыскерлер ме? Бір-бірін көздеп атысып, ақырында бір адам көз жұмды.Үшеуі жарақаттанды. Әбинұр Қарабаев, судья: – Атыстан бір азамат дәмханада көз жұмды. Екі жігіт ауыр жарақаттанса, біреуі орта дәрежеде жарақаттанған. Сотталушыларға ауыр айып тағылды. Бас күдікті 18 жыл арқаласа, серігі 16 жылға бас бостандығынан айырылды.Ал, екі күдікті іздестіріліп жатыр. Сотталғандар жазаларын тәртібі барынша қатаң колонияда өтейтін болады. Көрдіңіз бе, біздің қоғамда абайламасаң, өзгенің өмірінің быт–шытын шығаратындар кездесіп қалады. Аман болайық, ағайын!
Ақмарал АБДРАМАНОВА