Біз, қазақтар, мына пандемия жексұрынға әлі сенбей келеміз. Көз алдымызда туыстарымыз, дос-жарандарымыз ана дүниеге аттанып жатса да: «Ее, дәрігерлер пандемияға жаба салды» дейтінімізді, сөйтіп, кейін опық жейтінімізді қайтерсің?
Пандемияны мазаққа, өздерімізді тозаққа айналдырдық. «Пандемияның қашан келіп, қашан кететініне дейін министрлер қайдан біледі? Бәрі өтірік, бұл – саясат!» деп соқты менің бір құрбым. Апталдай азаматтардың бірінен соның бірі кетіп жатқанда да: «Ажал ғой, ажалы жеткен де. Қайдағы пандемия?» дейтін былқ етпес адамдарды да көрдік. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз өңірлерінде жасырын той-томалақтар көп.Өзім де талай тойға бардым. Ойладым, отыз-қырық шақты адам шығар деп.Бірақ, алдынан емес, артынан кіреміз. Тойхананың алды тым-тырыс. Бір көлік көрінбейді. Көліктерді әр жерге қойғызып, шашыратып жібереді. Адамнан қулық артылған ба? Мұндайда полицейлер де қөрмей, соқыр бола қалады. Шеттерінен соқыр. Көрсе де, көрмейді. Бір-екі тойды «показуха» үшін тексеріп, жандарын шығарып, қуып шығады, желілерде насихаттайды. Болды. Ал, Шымкентте, Құдайым-ау, күнде той ғой, күнде той! Жаппай жазалап, жаппай тазалап жатқан құқық қорғау қызметкерлерін көрмейсің. Неге дейсіз бе? Бәріне кінәлі адамдар емес, ақша! Бұл ақшаның жүрген жеріне шөп те, шөңге де шықпайды! Той иелері ақша беріп, ауыздарын жабады. Едірейіп, екіленіп келгендер, ақшаларын алған соң, қойдан жуас бола қалады.
Осындай қызықты тойлардың бірінде әнші Майрат Мұртас неғып жүр десеңші? Қайта ол жұртты жинап алып, жиналыс ашпай ма? «Ағалар, әпкелер, құрдастар, тойды қоя тұрыңыздар, өмірімізді сақтайық!» демейді ме? Демейді. Өйткені, ол – Майрат Мұртас. Өйткені, оған бәрі бір.Бірде Алматыдағы бір тойды құзырлы органдар тексере бастады. Той иелері әкіреңдеп, оларға қатты-қатты сөз сөйлеп, жағаларынан ала жаздап жатқанда, Майрат ініміз залдағы перденің артына тығылып қалды.
– Майрат қайда, Майрат? –деді біреу.
– Ол тығылып қалды ма?
– Жаңа ғана «Коко-кола» ішіп тұр еді ғой?
– Оған бәрібір ме?
– Ақшасын беріп, айыппұлдан құтыла салады ғой?
– Ақтауда да ұсталып еді дейді.
Ұяты қайда?
– Қалтасында.
– Намысы қайда?
– Ұшып кеткен...
Ақмарал АБДРАМАНОВА