Ізгілік іздері

Ізгілік іздері

(Жалғасы). Басы өткен санда.

Мұндай балалық-шалалық кімнің басынан өтпейді. Таяққа себеп аз ба, «үстіңдегі бір-екі киіміңе ие бола алмағаның не болғаның?» – деп, сол күні шешем мені өлтіре сабап алса, кім қой дейді. Болмашы нәрсе үшін балаларын таяққа жығып, өлімші ететін қатыгез ата-аналардың қаншасы керек?! Бір сұмдық факті құлағымызға тиді. Ерлі-зайыпты екі жас үй сатып алады. Үйге қымбат бағалы жиһаздар келе бастайды. Бір күні ерлі-зайыптылардың екі-үш жас шамасындағы қыз баласы жүгіріп ойнап жүріп, әлі құрылмаған хрусталь люстраны салдыр-күлдір қиратып алады. Содан баланы шешесі бір өлтіре сабайды. Әкесі тағы өлтіре сабайды. Бала ауруханаға жеткізіліп, сонда жан тапсырады! Ал, не болды?! Әскери-азаматтық борышымды өтеуге Есік қаласынан аттандым. Жаңғалақтық ол жақта да қыр соңымнан қалған жоқ. «Салага» деп аталатын деректі әңгімемде бірсыпыра хикаяларым бар. «Сұлуынан жылуы» дегендей, біздің тұстастарымыздың көбісі бала кезде киімнің сыйғанын киіп өсті, размер дегенді білмеді. Солардың бірі өзім. Әскерде алғашқы салдыр-күлдірім сол «размерден» басталды. Танкінің оқуын оқытатын батальонға тап болдым. Онда рота-ротаға бөлді. Ротаға апарардың алдында моншаға түсірді. Моншаға түспес бұрын кім қандай размерлі етік киетінін — айқайлап сөйлейтін бір орыс сұрап жазып алды. Ол кезде маған «сарының бәрі орыс». Кейін білдім, әлгі Коршак деген старшина екен, ұлты еврей. Құлақшынның размерін қасымда тұрған шағындау жігіттің айтқанын қайталап айта салдым. Бұным жобаға соқты. Етіктің размеріне келгенде, састым. Коршак ойлан деп кетіп қалды. Қасымдағы шағыннан «Сен нешінші размерлі етік киемін дедің?» – деп сұрап едім, ол «34» дегендей болды. Коршак қайтып айналып соққанында «34-размер» дедім. «He, қуыршақ болдың ба сонда?» – деп ақырып, старшина кетіп қалды. Айналамда мырс-мырс күлкі. Балқаш жағынан Мырзалиев деген қазақ, Еңбекшіқазақ ауданының Пахрудинов деген ұйғыры бар еді, соларды іздедім. Тақан (Мырзалиев) шек-сілесі қатып күліп алып: «Өзіңді жын қаққан ба, отыз төртінші размер киіп не, шынында да, қуыршақ болғаның ба? Сен дегенің... сен дегенің, мен айтайын тошнасын, 57-размер киесің», – деп бетін әрмен бұрды. Мен айдап салып отырып, старшинадан шықтым. Орысшамның бет-ауызы жап-жаман кез, бірін түсінсем, бірін түсінбеймін, старшина айқайлап-айқайлап алып, артынан жұмсарып, мені әңгімеге тартты. Размерімді өзі жобалап жазып алды. Онысы шұлғаумен тарлау болып, басқасымен ауыстырды. Кейін мені жақсы көріп кетті. Есікте қолымызға боксерлердің қолғабын киіп, бір-бірімізбен сабаласып, мектептің бір бөлмесін ақ шаң, көк шаң қылатынбыз. Батальонда «кім спорттың қай түрімен айналысады?» – дегенде мен боксті айтып, содан дайындыққа қатысып, дивизия бойынша өткізілген жарыста үшінші орын алып, аздап бедел жинағаным бар-ды. Коршактың жылы қарап кеткен бір себебі сол ма деп ойлаймын. Мүмкін кішкентай болған соң, әрі қулық-сұмдықты білмейтін бір халықтың аңқау, аңғал баласы болған соң андай-мындайларыма кешіріммен қарағаны да шығар. Взвод, бөлімше командирлері Буздалов, Лискин, Гонтаревтер де біресе «кур¬сант» деп, біресе «Ходжанасраддин» деп еркелетіп жылы жүз танытты. Солдат өмірі балалық шақтың жалғасы, жастық шақтың кіріспесі сияқты ғой. Демек балалық-шалалық әскер өмірінде де кездеспей тұрмайды. Оның қайсыбірін айтып тауысарсың. Батальонымызда бес рота болды. Бір ротада танк командирлері, бір ротада механиктер, бір ротада оқтаушылар даярланады. Біздің ротада дәлдеушілер, яғни наводчиктер даярланады. Бірде оқу-жаттығу полигонында «жаумен» түн қараңғылығында соғысатын болдық. Кімде-кім жауды «қырып салып», ерекше көзге түссе, арнайы бұйрықпен оған 20 күн демалыс беріледі» деген әңгіме шығып, менің қиялым жер шарын шарлап кетті. «Егер... егер...» – дей беремін. Ол күнге де жеттік. «Экипаж, к бою!» деген команданы күтіп, курсанттар (командир, механик, оқтаушы, дәлдеуші) танкіден 10 метрдей жерде қақшиып тұрмыз. Команда болған кезде тұра-тұра жүгіріп, танкінің ішіне төбесінен түсіп, белгілі уақыттьщ ішінде орын-орнымызға отыруымыз керек. Командирдің ашып түсетін өз қақпағы бар. Әскери техника тілінде оны люк дейді. Басқамыз басқа люктен түсеміз. «Экипаж, к бою!» деген команданы естір-естіместен танкіге қарай тұра ұмтылдық. Мен байқамай люктің аузында механикпен кептелдім де қалдым. — Отставить! Ырсылдап-пырсылдап орнымызға қайтып бардық. Бұл жолы белгілі уақытқа үлгірдік. Танк орнынан жылжыды. «Жауға» қарай жүріп келеміз. Тәртіп бойынша жүріп келе жатып механик танкіні бірнеше рет тоқтатады. Сол сәтте мен жылтылдап көрінген жау отын тауып алып, тетікті басып қалуым керек. Механик бір рет аялдады. Жүріңкіреп барып, екінші рет аялдады. Жаным ышқынып, мен тетікті (орысша поворотно-подъемный механизм дейді) олай-былай бұрып, жауды іздеп жатырмын, іздеп жатырмын. Көрінген жау жоқ. Кенет әлдене жылт ете қалғандай болды. Жау дәуде болса осы шығар деп, «нүктені» басып кеп қалдым. Танка-шлемнің іші айқай-шу. (Танкінің ішінде экипаж мүшелері бір-бірін естімейді, шлем арқылы сөйлеседі). Түк түсінсем бұйырмасын, экипаж мүшелерінің бәрі мені боқтап жатыр. «Не болып қалды?» – деймін. «Зерттеушілердің» болжамына қарағаңда, мен шарқ ұрып жау іздеп жүріп, стволды жоғары көтеріп жібергенге ұқсаймын. Сол кезде аспандағы жаңа туған айдың сәулесі шкалаға түскен сияқты. Сөйтіп жайыма қарап жүрмей, аспандағы айды «атып» алдым. Бәрі-бәрі балалық, жастық шақтың шалалықтары. Бәрі-бәрі – өмір. Үйрену. Бала кездегі, жас кездегі мұндай ағаттықтарға халық даналығы қалай қарайды? «Баланың балалығына — ата-ананың даналығы». «Бала, баланың ісі шала». Біз, үлкендер, балаларымыздың, жастардың кішігірім ағаттықтарына, білместіктеріне кешіріммен, даналықпен қарай¬мыз ба? Әрқалай. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз аяғымыз аспаннан салбырап түскендей боламыз. Қате! Кешірім тәрбиесінен, сезім тәрбиесінен көп ағаттықтар кетіп жатыр. Малды да ақырып-бақырмай-ақ, үнсіз қайыруға болмай ма? Сүрінбей, жығылмай, құламай, аласұрмай, қателеспей адам өсе ме? Бұның бәрі сенің сауал-сұрағыңнан туындаған әзіл-қалжыңның төңірегіндегі әңгіме, Көпен. Әзіл-қалжың дегеніміз, екібастан, күлкі. Әрине, әзіл-қалжыңның да әзіл-қалжыңы, күлкінің де күлкісі бар ғой. Құрбы-құрдастар арасындағы, нағашы-жиендер арасындағы, қайнылар мен жеңгелер арасындағы, құда-жекжаттар арасындағы қауқылдасқан әдемі әзіл-қалжың т.б. кете береді, кете береді. Барлығының да баратын жері — күлкі. Менің жаңғалақтығымнан балалаған әлгіндегі іс-тірлігім қай әзіл-қалжыңнан кем? Біреуді біреумен шатыстырып немесе бірдемені бірдеме қып былықтырып, бүлдіріп алатын жаман әдетім әлі күнге шейін қыр соңымнан қалатын емес. Жаңғалақтықтың салқыны шығар. Әлде ауру ма, кім білсін! Қадыр құрдасым бір өлеңінде: Үмбетбайым сықақтың бір садағы, Доңыз жылғы егіннің жыр-сабағы... Бары-жоғын өзінің сездірмейді Оразақын жанында тұрса дағы! – деп жазыпты. Ондайым бар. Әдейі емес, әрине. Суқаным сүймейтін адамды көріп тұрып көрмейтін иттігім де жоқ емес. Ол басқа әңгіме. Біреуді біреумен шатыстырып алу әркімнің де басында болатын жағдай. Ол менің негізгі «кәсібім». Оған көз қосылған соң не оңсын. Көз қиындап барады. ...Айналып келгенде, менің әзіл-қалжыңым менің жүріс-тұрыс, іс-тірлігімде. Ауызекі әзіл-қалжыңым да жоқ емес. Аға-жеңгелеріме еркелеп, жора-жолдастарыма өзімсініп, келіншегіме жағынып қалжындаймын. Дегенмен алды-артымызды байқайтын, абайлап сөйлейтін жасқа келдік қой, әзіл-қалжыңға аса сақпын. Оның себебі — әзіл-қалжыңды әркім әрқалай қабылдайды және біреудің осал жері, біреудің жүйкесінің жұқарып жүретін кезі болады. Жалпы, жасы үлкейген адамдарға әзіл-қалжыңның мөлшерін байқамаса — қауіпті! Сақ болайық, аман болайық. — Патшалық Ресейдің алтын тағында 75 патша отырған. Бірлі-жарымы болмаса олардың кім екенін кім біліп жатыр қазір? Ескі кітаптарды парақтап отырған балам: «Көке, Леонид Ильич Брежнев кім?» – деп сұрады. Қапелімде не дейін? — Оспанхан Әубәкіровтің дәуірінде өмір сүрген коғам қайраткері! – дедім әдейі. Әдейі емес-ау, расында да солай ғой. Оспанханның дәуірі мен қазіргі дәуірдегі сатираның айырмашылығы не? — Кеңес қоғамы тұсындағы мемлекет басшыларының Михаил Калинин ақсақал өте қарапайым және оқыған-тоқығаны көп, білімдар адам болған көрінеді. Сол кісі кейбір жылдары кезекті еңбек демалысын анасы тұрып жатқан деревняда өткізеді екен. Шаруалармен бірге жүріп-тұрып, қолына шалғы алып шөп шабады, бау-бақшамен айналысады. Келіп жатыр екен деген хабар құлағына тиіп, бір жылы ақын Сергей Есенин сол қайраткерді іздеп деревняға барады. Ақын іздеген адамын үйінен емес, тоғайда шөп шауып жүрген шаруалардың ортасынан кездестіреді. Тентек ақын өкімет адамына кішкене бойын үйретіп алғаннан кейін, оның о жақ-бұ жағынан келіп сүйкене бастайды. Бір сөзінде: сіз билік басына наныңыз ашығасын келіп қалған адамсыз. Бұл тақтан тайған күні сіз ұмыт боласыз. Мен ақынмын, мен Есенинмін, мені халық қай заманда да ұмытпайды деп «ешіреді». Сонда темекісінің түтінін будақтатып, ойланып отырған қайраткер: талай Пушкиндер әдебиетке келіп кеткен. Тарихта Александр Сергеевич Пуш¬кин қалған. Алда да талай Есениндер әдебиетке келіп-кетер. Тарихта бәлкім, Сергей Есенин қалар деп жылы жымиып, ақынның ұзақ өлеңінен жатқа үзінді айтып береді. Сонда ақын өзінің ағаттығын түсініп, «Сіз қандай ұлы адамсыз», – деп Калинин ақсақалды құшақтап жылап жіберіпті. Есениннің ашық омырау мінезі, әлгідей ағат пікірі қазіргі біздің қаламдастарымыздың арасында да аз ұшыраспайды. Сен де құр емессің. Өзімсініп, өлеңмен кейіп жазған бір ескертпем есіңде ме? ... Білесің ғой, Көпен сен, Сөйлейтінін көкең шын. «А-һа», «о-һо» дей бермей, Айтсам аздап көтер сын. Ұстап алмай сор аңдып, Өнсін күлкің қоғамдық. Тек «ауылыңа» түкірме, Нөмірі әдин болам деп. Не демейді шолақ ой, – Кім күндесе – дорақ ол! Нөмірі әдин – халық қой, Сен екінші бола ғой... He нәрсенің де төрешісі — халық, уақыт. Кім-кімнің де арынын басатын, орнын белгілеп беретін тағы да сол — халық, уақыт. Брежневті қазір біреу біліп, біреу білмесе, тарих біледі. Садықбек, Оспанханды да біреу біліп, біреу білмесе — тарих біледі. Не нәрсені де бірыңғай бағалау — ағаттық. Оспанхан, әрине, қазақ сатирасындағы құбылыс! Василий Ключевскийдің афоризмдерін оқығаннан кейін Лев Толстой: мынау қандай қу өзі, бір қарағанда кісіні мақтап отырған сияқты. Арғы жағына андап қарасаң, жатқан сайқымазақ дегенге ұқсас пікір айтқан екен. Сенің сауал-сұрақтарыңның да арғы жағында алғау, сүйретпелер бар ма, қалай, Көпен? Жо-оқ, сен мені олай «түсіре» алмайсың. «Көпшік» сөзге күмпиетін көкең мен еме-е-с! — Қазақ әдебиетінде «Өленді Ғафуша жазып, Мұзафарша жариялату керек» деген қисынды естідіңіз бе? Жай жүрсең жайбасар дейді, қатты жүрсен қазықаяқ дейді, қазаққа жақпайсың әйтеуір. Қылқалам шебері Ян Матейкоға бір жас суретші келіп «Суретті ек-үш күнде-ақ тез салам, бірақ онымды екі-үш жыл сата алмай салпақтап жүремін», – деп мұң шағады. — Әй, қарағым-ай, – дейді Матейко, – сонша қайда асығасың? Егер сен бір суретті екі-үш жыл бойы асықпай салсаң, онда екі-үш күннің ішінде өтіп кетер еді. Сіз шығарманы тез жазасыз ба, әлде ұзақ толғатып, бошалап кетесіз бе? — «Тыпыр-тыпыр?» Дұрыс аңғарып­сың, тындырғаным тап бәлендей қомақты болмаса да, тыпыр-тыпырым көп адаммын. Тыпыр-тыпыр демекші, жеңгең екеуміздің арамыздағы бір диалогты қозғап жібердің-ау, қарап отырмай. Есіме түсіп кетті. ... — Тыпыр-тыпыр жүріс, Демалмайсың дұрыс. Күндіз-түні бітпейтін Бұл неғылған жұмыс?   — Тыпыр-тыпыр жүріс – Бітпейтұғын бір іс. Тыпыр-тыпыр жүріс – Бітпегені дұрыс!.. Сауал-сұрағың Оспанхан марқұмның маған қаратып жазған бір өлеңін де есіме салады. Жүрісіне қарасаң, Балуандардың жүрісі. Тірлігіне қарасаң, «Жалқаудың» ең ірісі. «Жалқауды» тырнақшаға алыпты. Мен шалт қимылдың адамы емеспін. Жайбасарға да жатпаспын. Бұл мәселенің бет-аузын шығармашылыққа бұрсам, «толғағым» әрқалай. Бір әңгімеміздің барысында «Контейнермен келген кемпірден» шығарып біраз сырымды ашып ем ғой. Соны жалғастырайын. Шабыттың шақпақтасы кейде ойда-жоқта әлденеден жарқ ете қалады. Содан қышыну басталады. Күндердің күнінде ақырғы нүкте қойылады. Кейбір шығармамның толғағы жеңіл. Бір нәрсеге бір нәрсе себеп болып па, қайсыбір шығармам табан астында туындайды. «Әдемі әйел» деп аталатын өлеңім бір демде жазылды. Әлдекім әдейі, шын: Десе «сен әдемісің» – Жын-шайтан қытықтайды, Жеңілтек әйел ішін. Әзәзіл әдейі, шын: Десе «сен әдемісің» – Әлдене түрткілейді, Әлсіздеу әйел ішін... Ырбаңдап арақ ішіп, Әзәзіл (арам іші) – Айқайлап тост көтерді, Әр әйел – адам үшін. «Сен сондай әдемісің», – Дегенде ол «әдеп» үшін, Ерінін тырс еткізді, Бір әйел әдейі, шын. ...Мәңгілік әлем үшін, Көтерген әрең ішін, Тік тұрып қол соғайық. Ең сұлу әйел үшін! Аз айт, көп айт — қай шығарма қалай туса да сәті біледі. Дегенмен оңай жазылған өлеңнің оңғаны шамалы. Өлең — ауыл, үйің, Өлең — дауыл, құйын. Өлең жазу – оңай, Өлең жазу қиын. Мысалы: «Күнім» деген сөзі-ай, Күлімдеген көзі-ай. Келемін деп келмеді, Көгермегір қыз-ай! «Күнім» деген сөзі-ай, Күлімдеген көзі-ай. Ендігісін айтпаймын, Өзі білсін, өзі-ай.   Рубль, теңге, сом-ай, Долларыңның зоры-ай. Т.Б. кете береді Әлгі оңайың солай.   ... Тер шықпаған өлеңнің Мандайының соры-ай. Солай! Әне, оңайдың да оңайы бар. Айналып келгенде, оқырман, көпшілік шығарманы қаламгер қалай жазды екен деп емес, не жазды екен деп оқиды ғой. Сосын, халтураның да оқырманы бар. Алайда, әрине, бүкілхалықтық «спросты» жеңіп алғанға не жетсін! Ғафаң да, Мұзағаң да — талант және ақ тер-көк тер еңбектің адамдары. Жұрт не демейді. — Жақында бір бойжеткен қарсы ұшырасып, туған бауырындай жылы амандасты да: — Танымадыңыз ба, аға? – деді. — Шырамытып тұрмын, – дедім көңілін жықпай. — Маған қолтаңба жазып беріп едіңіз ғой. — Ә-ә, солай ма? Не деп?.. Атың кім? — Жадыра! Өлеңдетіп жазсам керек, әлгі қыз қолтаңбамды тақпақтай жөнелді. Жадыра қыз дегенде Жадыра қыз, Жақсы кызды көргенде аңырамыз. Көгендеулі қошақан бола бермей, Көкке шығып қозыдай жамыраңыз. Мәссаған! Қолтаңбаны өстіп беріппін. «Қай туған бала есімде?» дегендей, қайсыбірін жадыңда сақтайсың. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов баяғыда-а... Талдықорған педагогикалық институтының тізгінін ұстап жүргенде: Далада – қасқыр, Қалада – ректор. Бірі даланы, Бірі қаланы тіреп тұр!» – деп өлеңдетіп бастап қолтаңба қалдырыппын. Оны Төлеген ағам жаттап алыпты. Өзімнің есімде жоқ. Ол қолтаңбамды да Төкеңнің аузынан естідім. Ресейдің өнер жұлдыздары «Энер­гиямызды алып қояды» деп, қолтаңба былай тұрсын, көрермендердің көзіне түспей қашады екен? Сіз бұған қалай қарайсыз? — Талай қолтаңба берілді ғой, бірақ нанасың ба, соның бірде-біреуі есімде жоқ. Қолтаңба берерде қолтаңба дәметкен адамның жанына жақын сөз есіме түсе қоймай қатты қиналамын. «Бақыт тілеймін», «күннің жылуын тілеймін», «соғым сүйкімді болсын» деген сықылды оңай, айтыла-айтыла арқасы жауыр болған дайын сөздерді сүйкей-сүйкей салу қиын емес қой. Оған қаламым жүре қоймайды. Қолтаңбада тәрбиелік-тағылымдық үлкен мән бар. Ертеректе қағазыма түскен: бір бастықтың кабинетіне жөндеу жұмысы жүргізіледі. Атшаптырым кабинеттің еденінде ақтарылып жатқан кітапқа, басқа да әртүрлі басылымдарға жай, жолшыбай бас сұға қалған бір қаламдастың көзі түседі. Жұмысшыларға «мыналарың не сұмдық» деп сөйлеп, кітаптарды жерден көтереді. Көбісі Мұхаң, Сәбең, Ғабең, Ғафаң т.б. ағалардың қолтаңбасы бар кітаптар екен. Иә, ал құрылысшыларға бәрібір дейік, бастық қайда жүр? Құдай біледі, сол кітаптарды ғой ол бастық кезінде Мұхаң, Сәбең, Ғабең, Ғафаң ағалардың қолынан жымиып күліп алды. Шын жүрегімен күлімсіреп алса, неге ол кітаптар үйінің төрінде тұрмайды? Бұл сұрақтың арғы жақ ылдиында қаншама ығы-жығы сұмдықтар бұғып жатыр?!. Әңгімемізді осы тұстан қайырсақ қалай қарайсың? — Қайырсақ, қайырайық. ...Шындық «қап түбінде жатпайтын алтын кездік» секілді, күндердің күнінде тесіп шығары ақиқат нәрсе. Жас­тайымыздан жаттап өскен Абай атамыздың өлеңдері Кеңес өкіметі кезінде бұрмаланып жазылғаны қазір анықталып жатыр. Патша ұлықтары Абайдың үйіне тінту жүргізіп, Семей сотына шақырады. Неше түрлі жабылған жаладан өзін-өзі арашалап алған Абай бір орыс досына наз ретінде мынадай бір өлең шығарған: Ресей қалың орман сенің жұртың, Аузыңа ұстарасыз түскен мұртың. Араның арақ көрсең ашылады, Бірі қан, бірі май боп сенің ұртың. Әуелгі түпнұсқасы сол заманның солақай саясатына қайшы келгендіктен «Қалың елім, казағым, қайран жұртым», – деп өрескел бұрмаланып, «өз бидайымызды өзімізге қуырып» бергенін ішіңіз сезіп отырған шығар? Екінің бірі жатқа білетін қазіргі нұсқасын қайталамай-ақ қояйық. Кеңес өкіметінің кезінде сыңар езу редактордың ықпалымен бұрмаланып басылған немесе кұйрық-жалы күзеліп шыққан шығармаларыңыз қайсы? Қазір есіңізде ме? — Қалам ұстаған қайсымыздың бастапқы кездегі жазған-сызғандарымыз алдыңғы буын қаламдастардың қызыл-ала, көкала сиясымен шимайланбады. Көп болмағанмен, қызыл-ала, көкала бояу қазірде де кездесіп қалады. Оларды қиянатқа жатқызбаймын. Іштегі ойынды сыртқа шығарсаң, сыртқа шыққан ол ойынды БАҚ арқылы жарыққа шығар, бар мүмкіндікті пайдалан. Мен ұстанған бір принцип осы. Кеңес қоғамы тұсында тілге байланысты бір шығармам бірталай шырғалаңды басынан өткізіп барып, баспа бетін көрді. Сол қоғам тұрғысынан, қазіргі уақыт тұрғысынан қарасақ та, ол шығармадан алып-жұлып бара жатқан бәлендей саяси кате байқамадым. Сонда да кедергілерге тап болды. Кеңес өкіметінің кезінде сыңар езу редактордың ықпалымен бұрмаланып басылған немесе кұйрық-жалы күзеліп шыққан шығармаларыңыз қайсы? Қазір есіңізде ме? — Қалам ұстаған қайсымыздың бастапқы кездегі жазған-сызғандарымыз алдыңғы буын қаламдастардың қызыл-ала, көкала сиясымен шимайланбады. Көп болмағанмен, қызыл-ала, көкала бояу қазірде де кездесіп қалады. Оларды қиянатқа жатқызбаймын. Іштегі ойынды сыртқа шығарсаң, сыртқа шыққан ол ойынды БАҚ арқылы жарыққа шығар, бар мүмкіндікті пайдалан. Мен ұстанған бір принцип осы. Кеңес қоғамы тұсында тілге байланысты бір шығармам бірталай шырғалаңды басынан өткізіп барып, баспа бетін көрді. Сол қоғам тұрғысынан, қазіргі уақыт тұрғысынан қарасақ та, ол шығармадан алып-жұлып бара жатқан бәлендей саяси кате байқамадым. Сонда да кедергілерге тап болды.  

(Жалғасы бар)

Көпен ӘМІРБЕК