Абайлаңыз, тістеп алады!
Абайлаңыз, тістеп алады!
178
оқылды
Ит тістеп алады, мысық тістеп алады. Қасқырлар тістеп алмайды, жұтып, жеп қояды. Ал, тістейтін адамдар да болады! Оны немен түсіндіреміз? Әлде, Алматы түрғындарының жүйкелері жұқарып, шыдай алмайтындай халге түскенбе? Мәселен сіз көз алдыңызға елестетіп көріңіз? Бастықтың кабинетінде тұрсыз. – Сізді жұмыстан қысқартамын! –деді басекең. – Неге? – Маған жағымпаздануды білмейсің, тіпті, көзіңе де ілмейсің? – Ойбай-ау, күндіз-түні көлеңкеңіз болып жүрмін ғой? – Жұмыстан кетесің деймін! – Не үшін? – Мазамды алма деймін, арызыңды жаз да, гудбай! Қызметкердің жүйке сымы үзіліп кетті ғой деймін, бастығының жанына келді. Жымиды. – Не болды? –деп сұрады басекең таң қалып. – Қолыңызды беріңізші? – Оны қайтесің? – Сол, – деген ол бастығының қолын оңдырмай тістеп алды. Бастығы ойбайлады да қалды. Орнынан атып тұрды. – Не істедің ей? – Тістеп алдым. – Тістегенің не деймін? – Қолтаңбам ғой. Көрдіңіз бе? Тістеп алды. Әйеліңізді көз алдыңызға елестетіп көріңіз. – Бүгін дүкенге барайық, маған қымбат көйлек алайық? –дейді әйеліңіз сызданып. – Ойбай-ау, кеше ғана қызыл көйлек алдың ғой? – Ұнамайды. – Он шақты көйлегің бар емес пе? – Немене, тойға соларды қайта-қайта киіп бара беремін бе? – Одан да, балаларымызға... – Сен мені сүймейсің! –деген әйеліңіз қолыңыздан оңдырмай тістеп алса: «Ии, тағы тістеші?» деп қарап тұрмайсыз ғой? Сіз де оның білегінен тістеп, тістеріңздің іздерін қалдыруыңыз мүмкін. Иттердің құтырғанда тістеп алатынын білеміз. Ал, қас дұшпаныңыз көшеде ыржиып келе жатса, тұра қашасыз. Ол қуалап жүріп, тірідей ұстап алады. – Неге қаштың? – Тістеп аласың ғой? – Не, сені қайта-қайта тістей беретін алабай төбетпін бе, мен? –Қарызымды қайтарамын дедім, қайтарамын! – Қашан? – Сен өлгенде. – Немене? – Ақшам болмай жатыр ғой, болмай жатыр! – Е, сүмелек, қайтара алмайтының бар, неге қарыз аласың? Сол кезде қарыз алушы қарыз берушінің қолын тістеп алды. Жүйкесі жүн, жарық күні түн болды ғой деймін. – Тура, мен сияқты тістейді екенсің?! – Енді өзің ғой, беремін әйтеуір бірде. Енді қарыз беруші оның қолын тістеп алды. Кезек-кезек тістесіп тұрды. Мұның бәрін неге тәтпіштеп айтып жатыр еді дейсіз? Алматыда дәл осыған ұқсас оқиға болды.Нөмірі 54 автобустың жүргізушісі аялдамаға тоқтаған кезде бұрылып, бір жолаушыға: – Маска тағып алыңыз, пандемия ғой, –деді. – Тақпаймын, тақсам, мұрным қышып кетеді. – Міндеттісіз! – Жұмысың болмасын! –деген жолаушы Айдар Маханбетов жүргізушінің қолын аямай қыршып тістеп алды. Сөйтті де қашып кетті. Бірақ, жүргізуші қолындағы тіс іздерін суретке түсіріп алды. Жолаушыға айыппұл салынатын шығар? Қалай болғанда да, жолаушының әрекеті дұрыс емес. Бетперде тағып жүрсек қана мына пандемия деген пәлекеттен ертерек құты­ламыз. Осыны жазып отырып, қорқып та отырмын, кім біледі, жүйкесі тозған біреу мені де тістеп алар ма деп?.  

Әбді РОМАН