Қожанасыр хикаялары

Қожанасыр хикаялары

Қожанасыр есімі және оның әңгімелері бүкіл мұсылман, түрік елдерінде кең тараған. Тіпті сондай диаспоралары бар Батыс Европа, Америка тараптарында да кездеседі. Ол – Қожанасыр, Ходжа Насреддин, Молла Насреддин, Насреддин әпенді деген атаулармен белгілі. Өзі қуақы, әңгүдік, аңқау, аңғал, қу, тіпті кейде ақымақ болып көрінеді. Бірақ соның бәрінде жайсаң, жақсылыққа жаны құмар, байлықты, даңқойлықты жақтырмайтын, халықтың көңілін көтеретін сайқы-мазақ ретінде ел есінде сақталған. Жоғарыда айтқандай, жердің түкпір-түкпіріне таралғанда оған бір ұнаған алқап Қазақстан болғанға ұқсайды, себебі мұнда біраз әңгі­ме­лері әлі айтылады. Енді солардан естігендеріміз бар, оқып көріңіз...  

Сабын ұрлаған қарға

Қожанасыр кемпірімен екеуі бір күні өзеннің жағасына кір жууға, өздері де шомылуға барған. Сөйтіп жүргенде бір қарға ұшып келіп, бұлардың жағаға қойған сабынын тістеп ұшып кеткен. Кемпір байбалам салып жатыр. – Қарға сабынды алып кетті, алып кетті! Сонда Қожанасыр айтыпты: – Қойшы, кемпір, үндеме. Ол қасқаға да сабын керек болған ғой. Түріне қарамайсың ба? Өмірінде сабын, су көрмеген қап-қара. И-и, бір жуынсыншы бишара!  

Зат тасушыдан зытқан

Бірде Қожанасыр базарға барып, бір нәрселер сатып алғанда, соларды үйге жеткізу үшін зат тасушы жалдаған. Бұл зат тасушы қу екен, зып беріп көпшілікке араласып, Қожаны адастырып кеткен. Қожа оны әрі іздеп, бері іздеп таба алмайды. Оншақты күннен кейін әлгі зат тасушыны көріпте де, Қожекең одан тұра қаша жөнеледі. Жұрт: «Әй, Қожанасыр, неге одан қашасың?» десе, ол айтады дейді: – Ол сенің дүниелеріңді он күн болды, әлі тасып жүрмін, соның бәрінің ақшасын төле десе, қайтем? Бәледен аулақ! – деп Қожанасыр одан сайын зытып кеткен екен.  

Қожанасыр – ұры

– Япыр-ай, осы өмірде ұрлықшы көп. Әсіресе, менің үйіме тыныштық бермейді. Осы менің солардан нем кем? Мен де ұрлық жасап көрейінші – деп Қожанасыр бір күні ұрлыққа шығады. Бір байдың үйін таңдап, терезесі биіктеу екен, соған баспалдағын алып барады. Терезеден ішке түседі, басқышымды көшедегілер көріп қалады деп, оны да суырып кіргізіп, иығына салып алады. Дыбыстан оянып кетіп, бай шығыпты. Қожанасырды көріп: – Қожанасырмысың? Мұн­дайың жоқ еді ғой, неғып жүрсің? Қожекең сасып қалып: – Мына баспалдақты сатайын деп едім, - дейді. – Әй, есің дұрыс па? Саған біздің үй базар ма? Беймезгіл түн ортасында бұл не жүріс? – дейді б –Байеке, сіздің үй базардан кем емес, мұнда дүние, ақша көп. Ал сауда деген күн-түн демей бола береді ғой. Алсайшы мынаны, арзан берем. Не керек, құтырғаннан құтыл­ған деп, бай азғантай ақша беріп, басқышын алып қалыпты. Үйіне келіп, әйелін оятып: – Байдың үйінен ақша ұрладым, мінеки, - деп Қожекең мырс-мырс күледі дейді.  

Мен үйде жоқпын!

Шаруасы болып, бір байдың үйіне барса, ол Қожанасырды терезеден көріп қалып, қызметшісін жіберіпті, өзін үйде жоқ – дегізіп. Оның үйде екенін Қожа да көрген. «Қап, бәлем, мен де сүйтермін» - деп кетіп қалады. Содан бір күні байдың да бір ісі түсіп, Қожанасырға келіпті. Оны терезеден көріп, Қожанасыр өзі шығып, есіктің қайырылысында тұрады. – Қожанасыр бар ма? Шақыр­шы. – Мен үйде жоқпын! – Қалай жоқ? Өзің сөйлеп тұрсың ғой, ақымақсың ба? – Әй, байеке, мен ақымақ болсам, сен де ақымақсың. Өткенде үйде отырып, қызметшіңе «жоқ» дегіздің. Тек екеуміздің айырма­шылығымыз – менде қызметші жоқ. Қызметші ұстайтын сен сияқты бай емеспін. Сондықтан өзім шығып, айтып тұрмын, «Мен үйде жоқпын, түсіндің бе? Бар жөніңе жүре бер!».  

Айды аспанға шығардым-ау!

Бір айлы түнде Қожанасыр бір құдықтың басына келіп, су тартып ішкісі келеді. Құдыққа үңілсе, мәссаған, оның түбінде ай жатыр. – Ойбай-ай, біздің айымыз құдыққа түсіп кетіпті-ау, мұны шығармасам, болмас, - деп бір күршік тауып алып, құдыққа салады. Оны былғап-былғап тартса, бірдеңеге ілініп, шықпайды. – Ойпыр-ай, ай ауыр болады екен-ау, - деп бар пәрменімен тартқанда, күршік шығып кетіп, шалқасынан түсіпті. Қараса, аспанда жарқырап ай тұр. Сонда Қожанасыр қуанып: – Уһ! Айды аспанға шығардым-ау! – деген екен.  

Ештеңе

Бір кәрі шал тоғайға барып, отын жинап, оны сатып, үй-ішін асырайды екен. Бірде көп отын жинап, енді арқалайын десе, көтере алмайды. Бір шұнаңдаған қу кездесіп, «көмектесші, арқалатып жібер» деп сұрайды. – Көмектессем, не бересің? – деп сұрайды әлгі. Кедей шалдың несі болсын, «Ештеңе» депті. – Сол «ештеңеңді» бер, - деп арқалатыпты қу. Енді қайта-қайта «ештеңеңді бер» деп мазасын ала беріпті. Байғұс шал не істерін білмей, Қожанасырға келеді. – Мені мына бәледен құтқара көр, – деп сұрайды. Қожанасыр екеуін үйге ертіп келеді. – Мына шал саған не беремін деді? – «Ештеңе» беремін деді. – Онда мына көрпенің астында саған арналған сол бар, қара, - дейді Қожекең. Қу көрпені көтеріп қарапты. – Не бар екен? – Ештеңе. Қожанасыр айтыпты: – Сол «ештеңе» сенікі, ал да жүре бер!

Жинаған сержан ШАКРАТ, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Маңғыстау облысы