Дубайда анайы суретке түскендер туралы жаңа дерек шықты
Дубайда анайы суретке түскендер туралы жаңа дерек шықты
142
оқылды
Дубайда бір топ қыз жалаңаш тұрып суретке түскен пәтердің иесі шын мәнінде не болғанын баяндап берді. Лента.ру басылымының ақпаратынша, пәтер иесі ресейлік Involta IT-компаниясының директоры Алекс Концов. Оның сөзінше, видеоны көрші мұнарада тұрып түсірген.
«Мен видео түсірген жоқпын және оны ешқайда салмадым. Барлығы менің балконымда болғанымен, мен ол уақытта пәтерді сатып үлгерген едім. Жалпы Дубайдағы бар мүлкімді саттым. 19 күн түрмеде болдым», — деді Концов.
Ол пәтеріне 30-40 адамға дейін қонақ болып келетінін айтады. Осы күнге дейін қонақтарға қатысты шу болып көрмеген екен.
«Пәтерде қыздар 30 минуттан артық болмады. Алайда ролик бір күн ішінде 10 млн қаралым жинап, бізді қамауға алды. Мендегі мәліметке сәйкес, бұл видеоны түсірген азамат әлі күнге дейін түрмеде отыр», — деп сөзін жалғады бизнесмен.
Сондай-ақ, ол қыздардың жезөкшелікпен айналыспайтынын айтып өтті.
«Олар шетелге жиі шығады. Менің пәтерім жаңа ғимаратта орналасқан әрі сол жерде тамаша мейрамхана, бассейн бар. Қыздардың менің пәтерімді таңдауға сол себеп болған. Олар сол жерде жұрттың көзінше суретке түскен. Олар менен пәтеріме кіріп, киініп алуды ғана сұраған еді. Қастарында фотограф жігіт болды. Балконда тұрып суретке түсуді ұсынған сол. Олар балконда бір минут қана болса да, басымыз дауға ілікті. Дубайда жүргізілген сараптамаларға сәйкес, ешкімнің қанынан тыйым салынған зат табылмады. Тіпті ішімдік те ішпеген. Бұл әдепті қыздар», — деп нақтылады ол.
Еске салсақ, сәуір айының басында бір топ қыздың фотосессия үшін ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Оқиға Дубайдағы Марина ауданында болған.