Nur Otan ұстанымы: ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге берілмейді! – партияның аграрлық кеңесі төрағасы Берік Оспанов
Nur Otan ұстанымы: ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге берілмейді! – партияның аграрлық кеңесі төрағасы Берік Оспанов
101
оқылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі Берік Оспанов шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке алуға мүмкіндік беретін заң қабылданғаны туралы жалған ақпаратқа байланысты пікір білдірді.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Парламент Мәжілісінде шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке алуға мүмкіндік беретін заң қабылданғаны туралы жалған ақпаратқа байланысты митингтерге шығуға шақыру жиілеп кетті» деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында. Ол бұл ақпараттың жалған және шындыққа жанаспайтынын жеткізді. «Өздеріңізге белгілі, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында бұл мәселе бойынша нақты ұстаным айтылған – ауыл шаруашылығы жері шетелдіктерге берілмейді! Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Біз бұған жол бермейміз. Бұл мәселеде барлық алыпсатарлықты тоқтату керек» – деп мәлімдеді. Нәтижесінде Президенттің заңнамалық бастамасына сәйкес Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым салатын заң жобасы әзірленді, яғни Жер кодексінен бұған мүмкіндік берген барлық нормалар алынып тасталды. Сонымен қатар аграрлық сектордың алдында үлкен міндеттер тұр:
– халықты негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету; – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру; – ауқатты ауылдар құру; – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту және т. б.
Бұл міндеттерге ресурстарды, соның ішінде Жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы қол жеткізуге болады. Партияның сайлауалды бағдарламасында алдағы бес жылға келесі міндеттер қойылды:
– 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені құру; – 380 инвестициялық жобаны іске асыру; – 70 мыңға жуық отбасылық шаруашылық құру жолымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тартудың жаңа нысандарын әзірлеу, сондай-ақ жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізе отырып, 600 мың гектар суармалы жерді игеру; – субсидиялау арқылы жаңа технологиялар мен селекциялық жетістіктерді, егістіктер мен егістіктердің жай-күйін мониторингтеудің қазіргі заманғы цифрлық шешімдерін, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын нақты қолдануды ынталандыру; – ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тек дәнді және майлы дақылдарды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін форвардтық сатып алуды кеңейту; – халықаралық талаптарға сәйкес ветеринариялық, фитосанитариялық және карантиндік қызметтерді жаңғырту.
2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,3 есе, АӨК-дегі еңбек өнімділігі 2,5 есе, экспорт 2 есе ұлғайып, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізілу керек. Біз өзімізді өзіміз өндіретін негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеміз. 3500-ден астам ауыл жаңғыртылу керек. Парламент сайлауында «Nur Otan» партиясы сенімді жеңіске жетті және оның бүкіл қызметі экономикасы дамыған мықты Қазақстанды қалыптастыруға және адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған» – деп жазды Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы, Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Берік Оспанов.