Ақмола облысында мешітте жиналған пітір садақаны ұрламақ болды
Ақмола облысында мешітте жиналған пітір садақаны ұрламақ болды

Мұсылман қауымының Рамазан айында берген қайырымдылығын белгісіз біреу жәшігімен қосып ұрлап кетпек болған, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Оқиға 25 сәуір күні Ақмола облысының Шортанды ауданында болған. Шортанды аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне телефон шалған жергілікті тұрғын мешіт ғимаратында пітір садақасына арнап қойылған жәшікке ұрлық жасамақ болғанын хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері белгісіз біреудің мешіттің терезесін сындырып кіріп, жәшікті ұрлап кетпек болғанын анықтады.

«Мешітте және Шортанды кентінде орнатылған бейнебақылау камерасындағы жазбаларды зерттей келе полицейлердің жедел-іздестіру тобы шұғыл әрекет жасап, күдікті азаматтың кім екенін анықтады. Ол Шортанды кентінің 44 жастағы тұрғыны болып шықты», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Анықталғандай, мешіт терезесін бұзып кірген ер адам жәшіктің сыртына ілінген құлыпты аша алмаған соң мешіттен шығып кетіп қалған. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-тармағы және 24-бабы 3-тармағына сәйкес «Ұрлық жасауға ұмтылу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Күдіктіге қатысты «Келу туралы міндеттеме» мәжбүрлі процессуалды шара қабылданған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы