Жыл соңына дейін түрмеден 30-дан астам педофил уақытынан бұрын босатылады
Жыл соңына дейін түрмеден 30-дан астам педофил уақытынан бұрын босатылады
129
оқылды

Қазақстанда  былтырдың өзінде кәмелетке толмаған баланы зорлау ісі бойынша 200-ден астам қылмыс тіркелген. Жазасын өтеп жатқандар қаншама?! Арасында осы қылмысы үшін қайта түрмеге түскендер де жоқ емес. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметтері бойынша жылдың аяғына дейін 32 педофил босатылады екен.  Ал олардың қайта қылмысқа бармасына сенім бар ма?

«Бүгінгі күні қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 27 мыңға жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 1800-і кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін жазасын өтеуде. Қылмыскерлердің жас аралығы – 17-ден 65 жасқа дейін. Осы жылдың аяғына дейін сот тағайындаған мерзім аяқталысымен 32 адам алдын-ала босатылады», – деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ҚАЖК өкілі.

Комитеттің мәлімдеуінше, колонияға түскен педофилдерге сот шешімімен бірден химиялық кастрация тағайындалады. Түзету мекемесіне келген бойда оларды медициналық қызметкерлер бастан-аяқ тексеріп, химиялық кастрация жасау қажеттігін анықтап, дәрігерлік комиссия қорытындысын шығарады. Процедура үшін арнайы дәрі-дәрмектерді берудің өзі аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдары арқылы тіркеліп, қадағалауында болады екен.

Алайда Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт  түрмеден шыққан педофилдің басым көпшілігі қылмысқа қайта баратынын тілге тиек етіп, Бас прокурордың ауыр жаза қолданып, қадағалауын сұраған. Бірақ қылмыс азаяр емес. Былтырдың өзінде 1600 педофил жазасын өтесе, биыл 1800-ге жетіп отыр.

– «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» демекші, адамның сана-сезімін оқып-білу мүмкін емес. Педофилдық қылмыс емес – ауру. Одан айығып жазылу оңай емес. Оның бетін жауып, басып қойғанымен кез келген уақытта қайта оянуы мүмкін. Сондықтан олардың қалыпты өмір сүруі екіталай. Әрине, ондай ойынан арылса, ортамызда жүре беруі мүмкін. Өз басым, оған күмәнмен қараймын, – дейді адвокат Есбол Зеңгір.