Жамбылда бүгін тағы ауыс-түйіс. Таңсәріден Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовты қызметінен алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев оның орнына облыс әкімінің аппарат басшысы Қанатбек Мәдібекті тағайындаса, түс ауа Бақыт Алпысбайұлын Байзақ ауданына әкім етіп қойды.
Бұл тағайындауларға бұқара бастапқыда таңырқай қарап, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тағдыры туралы түрлі болжамдар айтса, кешкісін Нұржан Молдиярұлын Бердібек Машбекұлы өзінің орынбасары етіп бекітті. Нұржан Нұржігітов 1967 жылы туған, білімі жоғары. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы М.Горький атындағы колхозында механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2019 жылдың тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін Байзақ ауданының әкімі лауазымында қызмет етіп келді.Айтпақшы, Талас ауданына әкім болып кеткен Қанатбек Мәдібектің де орны көп босай қойған жоқ. Оның орнына жас кадр Расул Медетов облыс әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.Нұржан Молдиярұлы ауыл шаруашылығы саласы бағытына жауап беретін болады. Ал бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Берік Нығмашев өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш берген.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы