Қарасай ауданында бүкіл бір отбасын оқтың астына алып, 62 жастағы үй иесін жаралаған жігіт іздестіріліп жатыр, - деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаменті. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Видеода жекеменшік тұрғын үйдің атылған оқтан шұрық тесік болған есігі, қақпасы көрсетілген. Бейнежазбада әйел адам жекежайға 25 сәуірге қараған түні белгісіз ер адам шабуыл жасағанын айтып, оқтың іздерін көрсетеді.
"Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда мылтық ұстап, адамды ата салу түк емес болды ғой. Кеше түнде Шалқар ауылында 92 жылғы жігіт бір отбасына оқ жаудырған. Болжам бойынша бір қызды іздеген. Неткен жауыздық, бұл? Жігіттің бұл әрекетінің салдарынан Х. Қайырбаев есімді егде жастағы азаматтың аяғы жараланған. Оқ тиген аяқты дәрігерлер кесуге мәжбүр болған. Бұл азамат бұған дейін де бірнеше қылмыс жасаған, бірақ отбасының беделінің арқасында жазадан құтылып кетіп жүрген көрінеді", - дейді келіншек.Алматы облысы Полиция департаменті қылмыскердің кім екені анықталғанын және оны ұстау шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"24 сәуірде 23.00-де Қарасай аудандық орталық ауруханасына Шалқар ауылының 62 жастағы тұрғыны аяғы жараланып түсті. Тексеру кезінде оған шабуыл жасаған 29 жастағы Қаскелең қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі уақытта оны ұстау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіруге оқталу", 24-бап бойынша тергеу шаралары басталды", - деп хабарлады ведомство.