БҚО-да 1 мамырдан бастап карантин күшейтіліп, блокпосттар қойылады

БҚО-да 1 мамырдан бастап карантин күшейтіліп, блокпосттар қойылады

Батыс Қазақстан облысында 1 мамырдан бастап карантин шектеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлады inform.kz. БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері орынбасарының 26 сәуірдегі қаулысымен індетке қарсы іс-шараларды жүргізу үшін периметр бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Орал қаласы, сондай-ақ, Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарының кіреберіс жерлеріне блокпосттар орнатылады. Блокпосттар арқылы кедергісіз өтуге халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, медициналық көрсеткіштер бойынша жүріп-тұратындар, карантиндік стационарда емделушілер мен бақыланушылар, жүк тасымалдаушылар және транзиттік жолаушылар, ауысым (вахта) жұмысшыларын тасымалдайтын көлік қүралдарына рұқсат беріледі. Облыс көлемінде «Ashyg» жобасы енгізіледі. Жасы 65-тен асқандарға аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерлерінен кетпеуге кеңес беріледі. Басқа да карантиндік шектеу шаралары сақталады.