Өткен ғасырдың 90-жылдары елді қатты дүрліктірген «цветмет» ұрлау қылмысы қайтадан белең ала бастағанға ұқсайды. Қызылордада электр стансасын салушы компания үлкен көлемдегі сымынан айырылып қалып, шығын шекті. Оның өнімін бағалы металл сынықтарын іздегендер жымқырып кетіпті.
Жаңақорған аудандық полиция бөліміне осы мекеме басшысынан олар тұрғызып жатқан электр стансасынан әлдекімдердің алюминийден жасалған құнды кабельдерін ұрлап кеткені туралы арыз түседі. Бұл дерек бойынша, Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша (ұрлық) іс ашылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. «Осы ұрлық салдарынан мекемеге 56 миллион 797,8 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел шаралар нәтижесінде ауданның 3 тұрғыны қолға түсті. Олар биылғы жылдың 15 наурызы мен 12 сәуірі аралығында қымбат кабельдер мен металл өнімдерін ұрлап, «Жаңақорған – Шалқия» тасжолына дейін жаяу тасып отырған. Ары қарай кент орталығына ұрланған заттарды автокөлікпен жеткізген. Алюминий кабельдерін облыс аумағындағы металл қабылдайтын орындарға өткізген және көрші өңірлерге жіберіп отырған», – деді ІІМ. Ұрланған заттардың бір бөлігі ғана табылды, ол айғақ зат ретінде тәркіленді. Күдіктілер Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.Ерік ЕРДЕНОВ