3 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады
3 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады

Биыл  Алматы облысында «Бастау Бизнес» оқыту жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 000 адамды оқыту жоспарланыпты. Бірінші лекті оқыту 26 сәуірден басталды. Бұл туралы JETISÝ MEDIA ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева хабарлады.

Бөлім басшысының айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға оқытып-үйретуді мақсат етеді. Өткен жылы жоба бойынша өңірдегі 3 022 жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкер бизнестің қыр-сырын үйреніп, 2 039 адам  жалпы сомасы 1,8 млрд теңге болатын  қаржыландыруға қол жеткізген. – «Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 000 адамды оқыту жоспарланған. 19 сәуірден бастап ҰКП жүйесіндегі atameken.co сайтында қатысушыларды тіркеуге кірістік. 26 сәуірден бастап бірінші топ бойынша оқыту басталды. Аудандар мен қалаларда осы жобаны сүйемелдейтін бизнес-жаттықтырушылар мен кеңесшілер анықталған. Оқыту 5 лек бойынша ұйымдастырылып, осы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады. Карантин шараларына байланысты оқыту онлайн форматта жүргізіліп, әр лекпен 21 күн ішінде өткізіледі», – дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева. Жобаға халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар, 50 жастан асқан, зейнеткерлікке жетпеген адамдар, NEET санатындағы жастар, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады. Жазылу үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну керек. Кейін берілген жолдама бойынша «Атамекен» өңірлік палатасына немесе оның филиалына барады немесе atameken.co сайты арқылы тіркеледі. Әрі  қарай «Атамекен» қатысушылар арасында оқу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша сертификат тапсырады. Осы сертификатпен жоба түлегі 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант немесе 6% жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін иеленеді. 2017-2020 жылдары аралығында Алматы облысында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 13 505 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып шығып, оның ішінде 5 137 жоба 74,2 млрд теңге сомаға қаржыландырылды. Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Есімжанованың айтуынша, биыл  облыс бойынша 49 979 жұмыс орнын, оның ішінде 26 258 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылған, оның ішінде 11,6 жұмыс орны мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыпты. 2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек»  бағдарламасын іске асыру үшін 17,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат кәсіптік оқытуға, шағын несиелендіруге, гранттарға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға бағытталатын болады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы