Бүгінде елімізде 5 480 адвокат бар. Сот төрелігі жүйесінде адвокатура институты мемлекеттік емес жалғыз қатысушы. Осы мәртебесі оған қандай да бір дәрежеде тәуелсіздік беретін. Енді соңғы уақыттары сөз болып жүрген адвокатураны реформалау мәселесі бұл салада үлкен пікірталас тудырып отыр. Әділет министрлігі мемлекеттің реттеуші функциясын алға тартып, құқықтық саланы дамыту үшін бәсекелес ортаны да реттеп отыру қажеттігін уәж етсе, адвокаттар өздерінің ішкі істеріне араласқанына наразы. Олар Парламентте жатқан заң жобасында фундаменталды ешқандай да өзгеріс жоқ екенін айтады.
Құқық дамуға бір қадам
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы адвокатура және заң консультанттары институттарын барынша жетілдіруге, олардың қызметін автоматтандыру мен оңтайландыруға бағытталған екен. Әділет министрлігінің хабарлауынша, жалпы заң жобасы 3 кодекске және 7 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп отыр. Онда Республикалық адвокаттар алқасының рөлін күшейту, төралқаның өкілеттіктерін кеңейту, автоматтандырылған ақпараттық жүйені жетілдіру, адвокаттардың біліктілігін арттыру, кейбір ұйымдастыру мәселелерін үйлестіру және тағы да басқа жайт қарастырылған. Сондай-ақ қылмыстық сот ісін жүргізудің жарыспалылығы мен ашықтығын күшейтуге, адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін нығайта түсуге бағытталған бірқатар тұжырымдамалық түзетулер қабылдануда. «Әділет министрлігі мемлекеттің құқықтық саясатын жүргізетін орган ретінде оның сапалы жүзеге асуына мүдделі. Сондықтан да қылмыстық, әкімшілік процестердегі адвокаттар болсын, азаматтық істердегі заң кеңесшілері болсын өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыстық іс, миллионға жуық азаматтық іс тіркеледі екен. Осылардың әрқайсысында азаматтар білікті заң көмегіне жүгіне алуы керек. Жекелеген жағдайда мемлекет көмектесіп келеді. Бірақ, көп ретте жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да заңгерлерді өздері табады. Сондайда қорғаушылар мен кеңесшілердің біліктілігіне көңілі толмай, бізге шағым жасайтындар аз емес. Біздің позициямыз –адвокатура жұмысын жоғары стандарт пен сапалық жаңа деңгейге көтеру»,– дейді Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Алан Тленчиев. Әділет министрлігі өкілдерінің пікірінше, адвокаттар өздерін қоғамнан, азаматтардан, сот төрелігі жүйесінен бөлек қарастырмауы керек. Олар бұл жүйенің бір мүшесі. Сондықтан заманауи өзгерістер оларды айналып өтеді деуге болмайды. Өйткені олардың қызметі адам құқығымен тікелей байланысты.Адвокатура тәуелсіз болуы тиіс
Бұл өзгерістерге заң кеңесшілерінен бұрын, адвокаттар көбірек қарсы. Соның ішінде алматылық қорғаушылардың үні қаттырақ шығады. Бұл Алматы қаласының қылмыстық практиканың құқықтық қазаны бұрқ-сарқ қайнаған ортасы екенімен байланысты болса керек. Мұнда тіпті адвокаттар митингіге шығуға дейін дайын отыр. Олар мемлекет әр нәрсені желеу етіп күннен-күнге «гайканы қатайтып жатыр» деп есептейді. «Адвокатура институтының институт ретінде пайда болған сонау орта ғасырдан бергі бірден-бір принципі – мемлекеттік органдардан тәуелсіздігі. Мемлекеттік органдарға тәуелді адвокат – ол өзінің қорғауындағы азаматтарға қызмет көрсете алмайды. Біз бұл мәселені қатты қабылдап жатқан себебіміз – осы. Ал әділет органдары дәл осы мәселені қозғап, біздің ішкі мәселемізге араласуын қояр емес. Тіпті, әділет органдары төраға сайлау процесіне де араласып кетті. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы, мәселен тікелей әділет органдарының араласуымен, күштеп отырғызылған өз адамы. Біз осыған да наразымыз. Яғни, біз өзіміздің төрағамызды өзіміз сайлау мүмкіндігінен айырылып отырмыз. Енді бүгінде заңдарды қатайта түсу арқылы, бізді өздеріне тәуелді ете түспекші», – дейді адвокат Абзал Құспан. Заңгердің айтуынша, қылмыстық процесте айыпталушыға қарсы прокурор бастаған, басқа да құқық қорғау органдары қоштаған үлкен билік институттары қарсы тұрады. Ал ол адамның құқығын тек жалғыз адвокат қорғайды. Адвокатта соншалықты бір өкілеттік жоқ. Ол тек қолданыстағы Қылмыстық кодекстің баптарын басшылыққа алып қана көмектесе алады. Ал енді осы жағдайда адвокаттың сот төрелігі жүйесіне тәуелділігі, құқық қорғау органдары алдында қауқарсыздығы танылатын болса, онда азаматтың құқығы бұзылады. Алматылық қорғаушылардың көпшілігі осындай пікірде. «Әділет министрлігінің ұсынып отырған реформалық өзгерістерінен жаңа ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Мемлекет реттеушілік күшін пайдаланып, адвокаттарды уысында ұстап отыруға әрекеттеніп жатқанын түсінуге болады. Ал жаңа заң жобасына адвокаттарға қосымша процессуалды құқықтар беретін нормалар қосылған дегенге келер болсақ, мұнда да жаңа ештеңе жоқ. Мәселен, адвокатқа процессуалды әрекеттер өндірісінде қорғауындағы адамға қысқаша консультациялар беруге, күдіктіге оны күдікті деп тану туралы қаулыны хабарлау кезінде қатысуға, осы қаулының көшірмесін алуға, оған сауал қоюға мүмкіндік беріледі. Ал шындығына келгенде бұлар қазір қолданыста бар нормалар. Сонда оны қайталап ұсыну немесе нақты сипат беру қорғаушының процессуалдық мүмкіндігін күшейту әлде кеңейту болып есептеле ме?», – дейді заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының адвокаты Гүлнар Сүлейменова Әрине, бәсекелес ортада өзгерістердің болғаны дұрыс болар. Өйткені олар мемлекет дамуының қозғаушы күшіне айнала алмаса, оларға серпін беру қажет-ақ. Әйтсе де, адвокаттардың сөзінің жаны бар. Сондықтан да заң жобасында бүгінде өзгемен қатар өз құқықтарын да қорғауға шыққан тараптың пікірі ескерілгені абзал.Нұрлан ҚОСАЙ