Жастар арасындағы әлем чемпионатында сынға түскен қазақстандық боксшылар Польшадан елге олжалы оралды. Жанкүйерлер былғары қолғап шеберлерін елорда әуежайынан құрметпен күтіп алды.
52 мемлекеттің қатысуымен өткен (оның ішінде 32-сі Еуропадан, 11-і Азиядан, 7-сі Америкадан, 2-еуі Африкадан) Кельце (Польша) қаласындағы турнирде Қазақстан ерлер құрамасы 5 медаль еншіледі. Санжар Тәшкенбай (49 келіге дейін) мен Сабыржан Аққалықов (64 келіге дейін) жарыс жеңімпазы атанды. Ал Ерболат Сабыр (56 келіге дейін) мен Елнұр Сүйінбай (60 келіге дейін) күміс, Диас Молжігітов (75 келіге дейін) қола жүлдені қанағат тұтты. Елнұр (60 келі) ақтық сында жапониялық Реито Цуцумиге есе жіберді. Ал Санжар 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ақтық сында ресейлік Роберт Бадалянді жеңді. 64 келіде жұдырықтасқан Сабыржан финалдық айқаста Бозорбой Матякубовты жеңді. 56 келі салмақта өнер көрсеткен қандасымыз Ерболат Сабыр финалда үндістандық Сачинге жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты. Жарыстан соң команданың аға жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов аталмыш турнирді қорытындылап, жас спортшылардың өнеріне баға берді. – Сегіз спортшымыз жартылай финалға өтеді деп жоспарлаған едік. Алайда алғашқы жарыс күндері екі-үш боксшымыз жеңіліп қалды. Әсіресе, өз салмағындағы үздік боксшылардың бірі Аманат Сабырғали, команда капитаны әрі Азия чемпионы Ерасыл Жакпеков жарыс жолынан шығып қалды. Қалғандары үмітті ақтап, жақсы өнер көрсетті. Олар әлі жас, жанып тұр. Мәселен, чемпион атанған Санжар Тәшкенбайдың қарқынын әлі де басу керек. Ол ММА-мен айналысқан. Жекпе-жектердің бірінде Санжар қарсыласын жамбаспен лақтырды. Украиналық төрешінің бұл әдіске ескерту бермегеніне рақмет айту керек. Тағы бір чемпионымыз Сабыржан Аққалықов бес кездесу өткізді. Оның ішінде Куба мен Үндістан мықтылары да бар. Финалда Украина боксшысынан басым түсті. Біз отансүйгіштік қасиетіміздің арқасында жеңіске жеттік. Күн сайын балалардан «Отан деген не?» деп сұраймын. Олар ата-анасы мен ата-әжесін, достарын, көршілерін, барлық Қазақстанды Отаны санайды. Сол себепті оларды ұятқа қалдырмауға тырысып, бар күшін салды, – дейді Қайрат Сәтжанов. Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының қыздар бәсекесі де аяқталды. Қазақстан қоржынында – 2 күміс, 3 қола. Қыздар арасындағы жарысты Арайлым Марат (48 келі), Гүлнар Тұрапбай (51 келі), Айшагүл Елеубаева (54 келі), Назерке Серік (57 келі) және Милана Аюпова (64 келі) мерзімінен ерте аяқтады. Өзге бес боксшы қызымыз жартылай финалға дейін жетіп, жүлделі орындар үшін таласты. Атап айтқанда, 60 келі салмақтағы Жұлдыз Шаяхметова өзбекстандық Дильфуза Бековадан басым түссе, 75 келі салмақтағы Дана Дидай тағы бір өзбекстандық былғары қолғап шебері Сохиба Рузметованы жеңді. Ал Жасмин Қизатова (69 келі) польшалық Барбара Марчинковскаға, Әсел Сағатова (81 келі) ресейлік Ксения Олифиренкоға және Елдана Тәліпова (+91 келі) молдовалық Дария Козорезге жол беріп, қола медальге қол созды. Финалда Жұлдыз Шаяхметова үндістандық боксшы Винкаға, Дана Дидай да сол елдің өкілі Санама Чану Токчоммен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, Жұлдыз үндістандықтан айласын асыра алмады. Дана да Токчомды жеңе алмай, күміс жүлдені місе тұтты. Осылайша, бұрымдыларымыз Польшадағы жарысты екі күміс және үш қола медальмен қорытындылады.Абылайхан ЖҰМАШ