Тұрғын үйдегі атыс

Тұрғын үйдегі атыс

Алматыдағы «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болған атыс жұртты дүрліктірді. Өйткені кү­дікті есік жаққа тоқтаусыз 30-ға жуық оқ атқан. Көпшілік оқиға барысын түсінбей әлек. Жақында Үкі­меттің суық қаруды сатып аламыз дегені бар. Мұндай атысқа не себеп? Бұдан бұрын осыған ұқсас оқи­ға тіркелді ме?

Тұрғын үйдегі атыс немен аяқталды?

Оқиғаны рет-ретімен баяндасақ, «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кеше­нінде ер адам мен күзетші жанжалдасып, күдікті аңшы мылтығымен күзетшінің аяғынан атқан. Артынша сондағы пәтер­лердің біріне жасырынған. Тұрғындардың айтуынша, жанжалға далаға шығарып тастаған диван себеп болуы мүмкін. Өйткені тұрғын үй кіреберісінде жарты жылдан бері диван тұрған. Кейіннен оны көшеге шығарып тастаған. Бұл әрекет күдіктінің зығырданын қайнатқан. Күзетшіге келіп, рацияны беруін сұрап, бастықпен сөйлеспекші болған. Күзетші болса, рацияны беруге құқығы жоғын айтқан. Осылайша, ұрыс-керіс болып, соңы қару қолдануға ұласқан.  Ал оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жағдайды ың-шыңсыз шешуге тырысып баққан. Ә дегеннен күш қолданбай, күдіктімен келіссөз жүргізуге тырысқан. Алайда ол диалог жасауға құлықсыз бол­ған. Осы аралықта полицейлер тұрғын­дарды қауіпсіз орынға көшірген. Өйткені орган өкілдеріне қарсылық білдіргендей қарулы адам есікке қарай 30-ға жуық оқ жаудырған. Тұрғын үй кешенін толық қоршауға алған соң күдіктіні бірнеше сағат бойы келіссөзге шақырған. Процесті Полиция департаменті, прокуратура қызметкер­лері мен оның таныстары жүргізген. Қарулы адам айтқанға көнбегесін, ар­найы жасақ үйреншікті әдетке көшкен. Әрине, олар атыс қаруын қолданған жоқ. Десе де, шу мен газ гранаталарды пайда­ланды. Полицейлердің әрекетінен секем алды ма, жауапкершіліктен қорыққан күдікті өзіне-өзі қол жұмсап,  пәтер тере­зе­сінен секіріп кетті. Абырой болғанда тұрғын үй кешенінің тұрғындары ара­сында зардап шеккендер жоқ. Кейінірек бірнеше  сұрақтың жауабы табылды. Күдіктінің Ресей азаматы екені анықталды. Оған оқ-дәрілері бар қару тиесілі болған. Сұрастыру жұмыстарынан кейін, көршісі оның 17-қабатта тұра­тынын айтқан. Ал оқ тиген күзет бө­лімінің қызметкерінің жансақтау бө­лімінде жатқаны белгілі. Әуелде Қоғамдық денсаулық басқар­масы арнайы операция кезінде үш адам­ның зардап шеккенін хабарлады. Оның ішінде екеуі арнайы жасақ қызметкері екенін мәлімдеді. Бірақ артынша де­партамент өкілдері күзет бөлімінің қызметкері ғана зардап шеккенін атап өтті. Полицейлер арнайы жасақ қызмет­кер­лерінің жараланғаны туралы хабарды жоққа шығарды. Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылды. Аталған тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айжан Мұхамедиеваның Instagram парақшасын­дағы жазбасы оқиғаның екіұшты екенін көрсеткендей. Себебі ол күдіктінің бұрын да пәтер терезесіне қисынсыз сөздер жазылған плакат іліп, ауаға оқ атқанын жазған. Қызығы сол, бұл туралы пәтер иелері кооперативіне бірнеше рет хабарланған. Онымен қоймай, күзетшіні жаралаған адам көршілердің чатына да ойына келгенін жазатын болған. Тұрғын үй иелері кооперативі жағдайды біле тұра көз жұмғанға ұқсайды. Жазба авторының сөзінше, алдын ала шара қолданбағанның кесірінен оқиға соңы адам өлімімен аяқталған.

Оқ ату жиілеп кетті

Биыл ақпан айында Алматыдағы пә­терлердің бірінде атыс болған. Көпшілік бұл пәтерді сырахана деп атап кеткен. Іші де сыраханаға айналып, келіп-кетушілер үзілмеген. Сондай кештің бірінде келуші оқ атқан. Оның тапаншадан немесе травматикалық қарудан оқ атқаны бел­гісіз. Мұндай оқиға бірінші рет тіркел­мегені тағы бар. Осыған ұқсас жағдай 2020 жылы қыркүйек айында «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде қайталанған. Кешен ішіндегі сыраханада  демалыс арты айқай-шумен аяқталған. Департа­мент қызметкерлері 26 жастағы тұрғын­ның пиротехникалық бұйымдарды белгі­ленбеген жерде қолданғанын анықтаған. Ал сырахана басшылығы болса, каран­тин­ге қарамай сайран салуын тоқтат­паған. Кеш бата салысымен, сыраханада ырду-дырду жиын басталады. Бұл тұр­ғын­дардың шамына әбден тиген. Тұр­ғындар түнде ұйқы жоқ екенін айтып бірнеше рет шағымданған. Заңсыз жүріп жатқан бизнесті көрген 20 мың тұрғыны бар кешен мониторинг тобының қайда қарап жүргеніне аң-таң. Өткен жылы қазан айында Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылындағы демалыс орнында қарулы шабуыл болды. Әлеуметтік желіде демалыс орнындағы атыс жайлы видео қызу талқыға түскен-ді. Видеода ер адамның жанжалды басуға шақырып, мұнда әйелдер мен балалар барын түсіндірген. Дегенмен күдікті екі адамды жаралаған. Олар Алматы қала­сын­дағы №4 клиникалық ауруханаға жеткізіліп, профильді бөлімшеде ем алған. Кейіннен оқиғаның қалай өрбігені анықталды. Дерек бойынша, демалыс орны қожайыны мен қонақтары жанжал­дасып қалады. Біршама уақыттан соң беттеріне медициналық бетперде таққан 15-20 адам демалыс орнына келіп, иесіне оқ атады. Артынша көліктеріне мініп, оқиға орнынан кетіп қалады. Нәти­жесінде, 26 жастағы қызметкер мен 40 жастағы қожайын жарақат алады. Ал мына бір оқиға біразға дейін дау тудырғаны рас. 2020 жылы тамызда Шымкенттегі қымбат мейрамханалардың бірінде атыс болып, бір адам көз жұмды. Оқиға салдарынан жарақаттанған жәбір­ленуші денесінен дәрігерлер 3 оқ алған. Аталған жайт бойынша адам өлтіру, атыс қаруын заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүрді. Артынша біріне-бірі оқ атқандардың жақын достар екені анықталды. Жалпы, сол кешке жиналған адамдар  өзара араласатын болып шықты. Тізе берсек, мұндай оқиғалардың жиілеп кеткенін байқаймыз. Мысалы, өткен жылы маусым айында Ұзынағаш ауылында атыс болып, екі адам жара­ланды. Департамент өкілдері аңшы мыл­тығы мен шоқпар тәркіледі. Ал күні кеше Түркістандағы оқиғаны бассыздық демеске болмас. Өйткені белгісіз біреулер көшеде тапа-тал түсте атыс шығарған. Желіде тараған видеода  адамның жан ұшыра қашып бара жатқанын, артынан біреудің  қуып бара жатқаны бейнеленген. Бұл деректі тексерген полицейлер күдіктілердің травматикалық қарудан оқ атқанын мәлімдеді. Көпшілік бұл бір ғана дерек емесін, облыста бассыздық жиі тіркелетінін жазған. Халық аталған әрекеттердің көбейіп, күндіз қару алып жүретіндей халге түскенін полиция қызметкерлерінің әлсіздігінен деп отыр. Әрине, кінә екі жақтан болатыны тағы бар. Бұл – ойландыратын жайт. Өйткені жоғарыдағылар үйдегі суық қаруды өткізуге, заңсыз қадам жасамауға ша­­қырса да, жағдай кері кетіп бара жа­тыр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ