«Қыз қарамай қойған...» – Алматы облысындағы атыстың себебі белгілі болды  
«Қыз қарамай қойған...» – Алматы облысындағы атыстың себебі белгілі болды  
163
оқылды

Қыз қонаққа барған үйдің қожайынына оқ атып, балаларын қорқытыпты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Жараланған үй иесінің аяғын кесуге тура келген. Қазір ол жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Ал айдың-күннің аманында бүлік бастаған күдіктінің аты-жөні белгілі болғанымен, полиция әлі таппай жатыр. «Үйге келіп, адамды атып кетті. Гильзалар шашылып, қан көл болып ақты», – дейді куәгер Салтанат Сұлтанова. Сыртта атылған мылтықтың дауысын естіп, араша түсем деген жары Хитқожа Қайырбаевқа оқ тиіп, есік алдына омақаса құлаған.

«Күйеуімді мына жерде жайдан-жай атып кетті. Оны құтқарамын деп жүргенде, өзімді жағамнан бұрап ұстап алды. Қашып үлгердім. Ол құдашамен неше жыл сөйлесіп жүрген. Бірақ кейін басқа жігітке тұрмысқа шығайын деп жатқан. Сол нашақор жігіт келіп, өш алайын деген шығар деп ойлаймын», – дейді әйелі.

Өзіне қарамай қойған қызға ашуланған күдікті алдымен есіктен кірмек болған. Іштен жабық болған соң, оқ атқан. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, қаңылтыр шарбақты бұзып кірген. Қабырғаның бәрі оқтан шұрық-тесік. Жалпы  оқиға орнында бас-аяғы 17 оқ атылған. Күдіктінің аты жөні – Абылай Мадалиев. Полицейлер Қаскелең қаласындағы мекенжайынан таппаған соң, іздеу жариялады. Оқыс оқиға болған Шалқар ауылының тұрғындары бұл жігіттің «жалғанды жалпағынан басуы» бірінші рет емес, әкесінің арқасында үнемі сытылып кетеді дейді. Әзірге күдікті ұсталған жоқ. Құдашасы үшін оққа ұшқан отағасы Хитқожа Қайырбаев Қаскелеңдегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Көп қан жоғалтқан. Жарақаты ауыр болғандықтан, сол аяғының жартысы кесіліпті. Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы КМК жарақат бөлімінің меңгерушісі Алтай Достияров: «Ауруханаға түскенде барлық ем-дом, ота жасалды. Ауруханада бәрі бар. Жағдайы әлі ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр», – дейді.

Біз бұған дейін Алматы облысында атыс болғанын жазған болатынбыз.