Нұр-Сұлтанда "Ashyq" жобасына қатыспайтын кафелер, мейрамханалар мен басқа да ШОБ нысандарының жұмыс уақытын 20:00-ге дейін қысқартуға болады, ал жобаға қатысушылар аптаның кез келген күні 00:00-ге дейін жұмыс істей алады, деп хабарлады елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова. «Ashyq» пилоттық жобасының негізгі мақсаты — келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жұрт қоғамдық орындарға баруы себепті өзін-өзі оқшаулау режимін сақтамайды. Осылайша вирустың таралуы мүмкін фактілермен жиі күресуге тура келеді. Яғни, "Ashyq" жобасы адамның мекемеге кірген кезде оның мәртебесін көруіне мүмкіндік береді: байланыста болған, COVID-19 үшін теріс немесе оң тест. Сондай-ақ, "Ashyq" жобасы карантин кезеңінде қызметін қайта бастай алмаған кәсіпкерлерге түрлі жеңілдіктермен біртіндеп немесе толық жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«Бұл жоба коронавирустың таралуының алдын алуға көмектеседі. Себебі, ол келушілер мен қызметкерлерді қауіпті індеттен қорғайды. Қауіпсіз жобаның арқасында кинотеатрлар, фитнес-клубтар, бассейндер, театрлар сияқты көптеген нысандар жұмысын қайта бастады. "Ashyq" жүйесі бойынша жұмыс істейтін бизнес нысандары барлық күндері 00:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал өзгелеріне — 22:00-ге дейін әрі демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынған. Егер олар өз қызметкерлері мен келушілерінің қауіпсіздігі туралы ойламаса, олардың жұмыс уақытын 20:00-ге дейін қысқартуға мәжбүр боламыз», — деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.Үкімет отырысында «Ashyq» жобасы бойынша қызметін қайта бастаған «Астана Балет» және «Астана Опера» театрлары жобаның қауіпсіз және тиімді жұмысының үлгілі мысалы екені айтылды. Бұл театрлардың жұмыс тәжірибесін өңірлерде кеңейту қажет. Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық мекемеге кірер алдында пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді және оны кіреберістегі әкімшіге ұсынады. Код келушінің мәртебесін анықтайды. Әр түске сәйкес мәртебе келесідей мағына береді: «Қызыл» мәртебе — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс. «Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады. «Көк» — ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест (мысалы, әуежайда) талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді. «Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.