LRT үшін тағы 1 млрд. доллар несие алған дұрыс па?
LRT үшін тағы 1 млрд. доллар несие алған дұрыс па?

LRT екі жылдан кейін, яғни 2023 жылдың шілдесінде пайдалануға берілмек. Биылдың өзінде құрылысқа 700 миллион доллар жұмсалмақ. Алайда құрылыс жұмыстары 2022 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта LRT жұмысының тек 17%-ы аяқталған. Ал оған 313,5 миллион доллар жұмсалған. Құрылысты толық бітіру үшін әлі 1,08 млрд. доллар керек. Сондықтан құрылысты тоқтатпас үшін қажетті қаржыны банктен несиеге алмақ. Бұл шешімнің қаншалықты дұрыс-бұрыстығын мамандардан білмек болдық.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, LRT жобасын тезірек бітіріп, халықтың игілігіне берген жөн. – Шындығын айтсақ, LRT жобасы – әбден тізесі шыққан дүние. Қаншама рет сөз қозғалып, жұмсалған қаржысы да көрсетіліп, салыстырылып, талқыланған еді. Оған бүгінге дейін жұмсалған қаражаттың көлемі де өте ауқымды. Әрине, сол қаржыға теңіздерді жалғайтын ірі көпірлер салынып жатқанда, кішкентай ғана LRT жобасының тұралап қалуына ел ішінде наразылық туады. Бірақ бүгінде бұл жобаны осы күйде қалдырсақ, мәңгі ескерткіш болып қалады. Оның ешкімге пайдасы жоқ. Сондықтан жобаны бастаған соң қала үшін де, халық үшін де аяқталғаны дұрыс. Бұл жерде ендігі мәселе – «Жобаны аяқтауға жауап беретін кімдер?», «Жалғастыратын кімдер?». Сонымен қатар олардың ұсынып отырған жобасы қаншалықты өзін-өзі ақтайды, осыны қарау керек. Егер ол шешім тиімді болса, онда несиені де алуға болады. Меніңше, жобаның біткені дұрыс. Сонда халықтың игілігіне пайдалануға беріледі, – дейді ол.

Ал Бауыржан Мұқанов болса, LRT аферасы осы 1 млрд. теңгемен аяқталады деген аңғалдық деп отыр. Оның сөзінше, LRT құрылысы өзін-өзі ақтамайтын, орынсыз, ең бастысы, қажеті жоқ дүние. «Қазір тоқтатып қойсақ та кеш болмас еді. 1 млрд. доллар деген өте көп ақша. Ал оның қанша пайызбен, кімнен, қандай шартпен алынатыны белгісіз. Әлі де кеш емес, осымен тоқтату керек. Рас, бірнеше миллион доллар желге ұшты, бірақ солай болды екен деп тағы 1 млрд. долларды көзге ұрып көрініп тұрған күмәнді жобаға тігуге болмайды» дейді ол.

Оның үстіне, осы бір миллиардпен құрылыс аяқталатынына да ешкім кепілдік бермейді. Ертең доллар кезекті рет өсіп кетсе, қаражат тағы жетпей қалатынын айтты. – Жоба басталғанда ақша салғысы келген инвесторлар болған шығар, бірақ қазір ешкім оған жолағысы келмейді. Демек, мемлекет жалғыз өзі осыны аяқтамақшы. Бюджет ақшасы жетпейтіндіктен мектеп пен балабақша құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қаражат тартпақ. Одан бөлек, құрылыс біткеннен кейін де оның табатын пайдасы шығыннан бірнеше есе аз болады. Сол үшін бұл үлкен афера осымен аяқталады деу аңғалдық болар еді. Құрылысты соңына дейін жеткізгісі келіп отырғандар осының айналасындағы қаншама дауға қарамастан әлі де болса пайда тауып қалуды көздеп отыр. Көңілге тиетіні де осы, – дейді Бауыржан Мұқанов.