СҚО-да саяжайларды су басты

СҚО-да саяжайларды су басты

Петропавл маңындағы Есіл өзенінің су деңгейі қауіпті деңгейге жақындап келеді. Мамандардың ай­туынша, алдағы бірер күнде меже шарықтау шегіне жетеді.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, 27 сәуір күні таңғы сағат 08.00-де Петропавл маңындағы Есіл өзенінің су деңгейі 1 009 см-ге жеткен. Бір тәулікте тек 9 см-ге ғана көтерілген. Қауіпті деңгейге дейін 41 см бар. Облыс орталығында су тас­қынының шарықтау шегі, мамандардың болжамынша бүгін-ертең өтеді. Бұған дейін тасыған Есіл халықаралық маңызы бар «Челябі-Новосібір» күрежолын шайып кетсе, енді Заречный кентіне барар жолды су басты. Сондай-ақ 1 мыңға жуық саяжай учаскесі су астында қалды. Қызылжар ауданы Новоникольское елді мекені маңында Есіл өзені 25 сәуірде максимал деңгей – 1 346 см-ге дейін көтерілді. Енді біртіндеп түсіп жатыр. Ал одан төмен орналасқан гидрологиялық посттарда әлі де өзен суы көтеріліп келеді. Мә­селен, Долматово ауылының маңында 14 см-ге көтерілген. Об­лыстың шағын өзендерінде де, Сергеев су қоймасында да су деңгейі түсіп жатыр. Үлкен Тораңғұл көлінде жағдай тұрақты. Бір тәулікте су деңгейі өзгермеген.

Айша ЕРСҰЛТАН