Қант зауыты жыл бойы жұмыс істейді
Қант зауыты жыл бойы жұмыс істейді
231
оқылды

«Көксу» қант зауытында қант қамысын өңдейтін жаңа  желі іске қосылды. Соның арқасында кәсіпорын жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін болды. Осыдан алты жыл бұрын бір кездегі қалпына келтіріліп, тәтті түбірді қайта өңдеуге тың қарқынмен кіріскен зауыт осы аймақтағы қант қызылшасын өсірушілер қатарының көбеюіне, тәтті түбір алқаптарының аумағы артуына оң ықпал еткен еді.

Алматы аймағындағы шаруашылықтар да біртіндеп қант қызылшасын өсіруге кірісе  бастаған. «Ақсу» қант зауыты іске қосылғаннан кейін Сарқан, Ақсу және Алакөл аудандарының диқандары өнім­дерін сол жаққа өткізіп, Көксуда шикізат өткізушілер қатары біршама азайып, өндіріс ауқымы да қысқарған. Өйткені қант қызылшасын күзде қабылдап, бірер айда қайта өңдеуден өткізгеннен таста­ғаннан кейін, алып кәсіпорын ала жаздай тоқтап тұратын. Ендігі жерде, бұл проблема да шешімін тапты. Шетелден жеткізілетін шикізат – қант қамысын өңдейтін жаңа технологиялық желінің тың  мүмкіндігі зауыттың жыл бойы толассыз жұмыс іс­теуіне жол ашты. Көксу ауданының орталығы – Балпық би ауылында орналасқан кәсіпорын мем­ле­кеттің қолдауы арқасында аса ауқымды қайта құрылымдаудан өтті. Жабдықтардың барлығы жаңартылды. Жаңа техно­логия­лық желілер пайда болды. Күніне 300 тон­на қант қамысын өңдейтін желі жұмыстың үздіксіз үдерісін қамамасыз етті. Бразилия­дан 7,5 мың тонна қант қамысы жеткізіліп, қайта өңдеу қарқын алды. Кәсіпорын директоры Алтынбек Абат­овтың айтуынша, зауытқа Австрия, Ресей, Украина, Германия және Жапония­дан жеткізілген құрал-жабдықтар орна­тылыпты. Бұл мақсатқа 600 мың доллар жұмсалып, екі жылда жаңа технологиялық желі іске қосылған. Мамандар қант қызылшасына қара­ған­да қант қамысын қайта өңдеуден өт­кізуге кететін шығын біршама төмен еке­нін айтады. Соған қарамастан дәмдік сапасы, тағамдық құнарлылығы  жағынан қант қызылшасынан алынған шекерден еш кем емес. Зауыт бір маусымда Бразилия мен Мексикадан жеткізілетін 25-30 мың тонна шикізатты қайта өңдеуден өткізіп, тұтынуға дайын өнімге айналдырады. Күз келгенде қант қызылшасын өңдеуге көшеді. Өндірістік желілер 80 пайызға автомат­тандырылған. Украина мен Ресейден кел­ген инженерлер жергілікті кадрларды жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге үйре­тіп, оқытуда. Қазір зауытта 500-ге жуық адам еңбек етеді. Олар технологиялық желі­лердің жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі арқасында бір кездегідей айлап жұмыссыз отырып қалудан құтылғандарына разы. – Бұрын жылына 4-5 ай ғана жұмыс істеп, қалған уақытта кездейсоқ табыстың арқасында күнелтіп келдік. Енді, міне жыл бойы қарекетсіз отырмайтын болдық. Қуа­ныштымыз, – дейді зертхана қызметкері Жазира Дөстекова. Өткен жылы күзде кәсіпорын 260 мың тонна тәтті түбірді қайта өңдеуден өткізді. Өнеркәсіптік нысан  газбен жұмыс істеуге  көшіріліп, соның нәтижесінде өндірістің экологиялық тазалығы мен өнімділігі айтарлықтай артыпты. Бұған дейін маусым барысында 10 мың тонна мазут жағылса, қазір отынға кететін шығын бір жарым есеге азайған. Таяу болашақта қанттық шикізатты өңдегеннен кейін қалатын қал­дық –  жомды қайта өңдеуден өткізіп, үй жануарларына арналған түйіршіктелген жем шығаратын цехтың  құрылысын қолға алу да ойда бар екен.

Б.АБАҒАН, Алматы облысы