Нарынқол: үш жылдағы үлкен өзгерістер
Нарынқол: үш жылдағы үлкен өзгерістер
175
оқылды

Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысында бүкіл елді елең еткізген жағымды жаңалық болып, арада 21 жыл өткенде, 1997 жылы көр­шілес Кеген ауданына қосылған бір кез­дегі Нарынқол аймағы Райымбек деген атау алып, қайтадан дербес ауданға айналды. Осылайша, елдің шеті, желдің өті, шекара­ның шебінде орналасқан аймақтың бағы қайта жанып, тұрғындардың туған өлке болашағына деген сенім­­­і берік бекіді.

Содан бергі үш жылда Нарынқол қайта түледі.  Көшкен ел туған жерге қайта орала бастады. Аудан орталығының көркі бүгінде алыстан көз тартады. – Аудан тарқатылған кезді еске алғанда, әлі күнге қобалжимыз. Шекара бекетінде санаулы солдат қана қалды. Ауылдан көшушілер көбейді. Қараусыз үйлер қатары артты. Жастар тұрақтауды қойды. Айта берсең, ол шақта мәселе жетіп артылатын. Аллаға шүкір, бүгінде соның бәрі артта қалды. Барлығы жақсарып келеді. Нарынқолдағы әлеу­меттік нысандарды қалпына келтіруге миллиардтар бөлініп, тиімділікпен иге­ріліп жатыр. Облыстағы аудан, қала­лар да мүмкіндігінше көмектесті. Халыққа қызмет көрсету орталығы, емхана, тұр­ғын үйлер тұрғызылды. Жолдар қайта төсе­ліп, көшелер реттеліп, жарықтан­дырылды. Бізге басқа не керек? Көңіл тоқ, тұрмыс түзелді, – дейді ауыл тұр­ғыны Медетхан Әбіров. Шынында да аудан орталығы атанған үш жылда  Нарынқолда үлкен өзгерістер жүзеге асырылыпты. Көшелерге көз сүйсінеді, жаңа нысандар сап түзеп келеді. Аудандық әкімдік пен мәдениет үйі  мүлде жаңартылған. Жаңа спорт кешені бой көтерген. Мемлекеттік қызметшілерге арналып 20 үй салы­ныпты, Жағатал өзенінің жағалауында тұрғызылып жатқан коттеджді қалашық­тың  алғашқылары дайын болып қалып­ты. Қаңырап қалған екі қабатты, көп пәтерлі  ескі үйлер де  біртіндеп реттеліп жатыр. Ауылдарда төрт мектеп, екі балабақша күрделі жөндеуден өткізіліпті. Елді мекендерге рет-ретімен таза ауызсу тартылып жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, Нарын­қолды қайта қалпына келтіруге облыс­тағы аудан, қалалардың барлығы атсалыс­ты. Біреуі аулаларды абаттан­дырса, тағы бірі құрылыс материал­дарымен көмектесті дегендей, бірде-бірі ортақ істен шет қалмады. Шалғайдағы ауданға инвестиция салушылар қатары да артқан. Ойқарағай көмір кеніші де өндірісін өркендете бастаған. Байынқол өзенінде алтын өндіру жолға қойылмақ. Тауларда жеміс-жидек бақтары отырғызылып жатыр. 500 гектарға орналастырылған еуропалық таңқурай мен қарақат түрлері жергілікті ауа райына тез бейімделіпті. Картоп өсіремін дегендерге де барлық жағдай жасалып жатыр. Облыстық бюджет есебінен 236 тонна элиталық тұқым жет­кізіліпті. Сервистік-дайындау орталық­тарын ашып, сұрыптау кешендері, тіркемелі  жүк көліктері, комбайндар мен тракторлар сатып алынды. Фермерлер биыл картоп өсірілетін алқаптар аумағын 4,5 мың гектарға жеткізбек. Ең бастысы, бір кездері бос қала жаздаған ауылдарға ел оралды. Басқа елдімекендерді айтпағанда, Нарынқол­дың өзіне көшіп келушілер саны еселеп артқан және олардың қатарында бола­шағын туған өлкемен байланыстырғысы келетін жастар жетерлік.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы