LRT үшін тағы 1 миллиард доллар несие алған дұрыс па?
LRT үшін тағы 1 миллиард доллар несие алған дұрыс па?
150
оқылды
LRT екі жылдан кейін, яғни 2023 жылдың шілдесінде пайдалануға берілмек. Биылдың өзінде құрылысқа 700 миллион доллар жұмсалмақ. Алайда құрылыс жұ­мыс­тары 2022 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір LRT жұмысының 17% аяқталған. Ал оған 313,5 миллион доллар жұмсалған. Құрылысты толық бітіру үшін әлі 1,08 млрд доллар керек. Сондықтан құ­рылысты тоқ­татпас үшін қажетті қаржыны банктен несиеге алмақ. Бұл шешімнің қаншалықты дұрыс-бұрыстығын мамандардан сұрадық.   Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

LRT жобасын тезірек бітіріп, халықтың игілігіне берген жөн

– Шындығын айтсақ, LRT жобасы – әбден тізесі шыққан дү­ние. Қаншама рет сөз қозғалып, жұмсалған қаржысы да көрсетіліп, салыстырылып, талқыланған еді. Оған бүгінге дейін жұмсалған қа­­ра­жаттың көлемі де өте ауқымды. Әрине, сол қаржыға теңіздерді жалғайтын ірі көпірлер салынып жатқанда, кішкентай ғана LRT жоба­сының тұралап қалуына ел ішінде наразылық туады. Бірақ бүгінде бұл жобаны осы күйде қалдырсақ, мәңгі ескерткіш болып қалады. Оның ешкімге пайдасы жоқ. Сондықтан жобаны бастаған соң қала үшін де, халық үшін де аяқталғаны дұрыс. Бұл жерде ендігі мәселе – «Жобаны аяқтауға жауап беретін кімдер?», «Жалғас­тыратын кімдер?». Сонымен қатар олардың ұсынып отырған жобасы қаншалықты өзін-өзі ақтайды, осыны қарау керек. Егер ол шешім тиімді болса, онда несиені де алуға болады. Меніңше, жобаның біткені дұрыс. Сонда халық­тың игілігіне пайдалануға беріледі.   Бауыржан МҰҚАНОВ, сарапшы:

LRT аферасы осы 1 млрд доллармен аяқталады деу – аңғалдық

– LRT құрылысы – өзін-өзі ақтамайтын, ең бастысы қажеті жоқ дүние. Қазір тоқтатып қойсақ та, кеш болмас еді. 1 млрд доллар деген өте көп ақша. Ал оны қанша пайызбен, кімнен, қандай шартпен алынатыны белгісіз. Әлі де кеш емес, осымен тоқтату керек. Рас, бірнеше миллион доллар желге ұшты, бірақ солай болды екен деп тағы 1 млрд долларды көзге ұрып көрініп тұрған күмәнді жобаға тігуге болмайды. Оның үстіне осы 1 мил­лиард­пен құ­рылыс аяқталатынына ешкім кепілдік бермейді. Ертең доллар кезекті рет өсіп кетсе, қаражат тағы жетпей қалады. Жоба бас­­талғанда ақша салғысы келген инвесторлар болған шығар, бірақ қазір ешкім оған жолағысы кел­­мей­ді. Демек, мемлекет жалғыз өзі осыны аяқтамақшы. Бюджет ақ­­­ша­­сы жетпейтіндіктен, мектеп пен балабақша құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қаражат тартпақ. Одан бөлек, құ­рылыс біткеннен кейін де оның табатын пайдасы шығыннан бірнеше есе аз болады. Сол үшін бұл үлкен афера осымен аяқталады деу аңғалдық болар еді. Құрылысты соңына дейін жеткізгісі келіп отырғандар осының айналасындағы қаншама дауға қарамастан әлі де болса пайда тауып қалуды көздеп отыр. Көңілге тиетіні – осы.   Бауыржан ЫСҚАҚ, экономист:

Жобаны намысқа тырысып, аяқтаған дұрыс

– Құрылысты тоқтатқанмен, ешкімге ешқандай пайда жоқ. Тіпті, LRT-ны бұзу керек болады. Бұзғанның өзіне құйған ақшаның жартысы кетуі мүмкін. Бұзып алсақ та, оның шикізаты пайдаға жарамайды. Тағы шығынға ұшыраймыз. Оған тағы қаржы керек. Сол үшін құрылысты аяқтаған жөн. Ескеретін нәрсе, құрылысты мемлекет қана мойнына алмауы тиіс. Жекеменшік кәсіпкерлермен келісімге келіп, серіктестік құрып аяқтаған жөн. Сонда мемлекетке ауыртпалығы азая түседі. Оған қоса, бұл да бизнестің бір түрі ғой. Ертеңгі күні бұдан табыс табуға болады. Сонымен бірге LRT іске қосылса, кептеліс те азаяды.

Анар ҚОНЫС