Тағы да мораторий. Неге?
Тағы да мораторий. Неге?

Жыл басынан бері қоғам назары жер мәселесіне ауды. Себебі 2016 жылы елімізде ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын заң жобасына жарияланған мораторий мерзімі аяқталмақ. Наурыздың соңында жер реформасы жөнінде комиссия құрылды. Комиссия  мүшелері өздерінің 5 отырысында жер иелігіне қатысты нор­маларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін тағы 5 жылға созу жөнінде шешім қа­былдады.

Комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов жиын­да айтылған ойларды, қоғамның пікірін, сондай-ақ бұл мәселенің еліміздің ауыл шаруашылығы мен экономикасы үшін маңыздылығын ескеру керегін жеткізген. Әйтеуір отырыс соңында сөз алған төраға халықтың сенімінен шығатын шешім қабыл­дау қажетін жиі айтып отырды. Одан бөлек, топырақ құнарлығын анықтау мақсатында ел бойынша ауылшаруашылық жерлеріне толықтай инвентаризация жүргізу жайы қозғалған. Ауылшаруашылық жер­лері­нің кадастрлық құнын қайта қарау туралы да сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл он жылдан бері қаралмаған мәселе екен. Ақыры жиында  жер иелігіне қатысты нормаларға моратирий енгізу ұсынылып, оны жиынға қатысқан 67 комиссия мүшесінің 63-і қолдап, 4-уі қалыс қалды. Комиссия ұсыныстарының іске асуы Парла­мент шешіміне байланысты. Әйткен­мен, Үкімет ерекше назар салған комис­сияның ұсыныстарын депутаттар да айналып өтіп, елеусіз қалдыра қоймайтын сыңайлы. Сонымен кезекті рет мораторий жариялауға қандай қажеттілік бар? Ал сол комиссияның мүшелері мораторий жайлы не дейді?   Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы, жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшесі: – Менің ойымша, мораторий мерзімін ұзарту қай тараптың да ортақ шешімі бол­ды. Сол себепті қолда­дым. Комиссия мүше­лері түрлі ой айтқанын білеміз. Жерді жеке­меншікке беруге болмайды дегенмен, жер қожайынсыз қалмауы да керек. Әйтсе де, жекеменшікке беруге жағдай келмейді, қо­ғам әлі дайын емес. Экономикалық қаты­настар да лайық емес. Егер қазір жерді саты­лымға шығарсақ, халықтың емес, бай­лардың қолына өтіп кетуі мүмкін. Мұндай дәйектемелер көп. Әзірге осымен шектел­геніміз жөн болды. Ал 49 жылға дейін жалға беру – бөлек әңгіме. 49 жылда шаруа ол жер­ді толыққанды игеріп, пайда тауып үлгере алады. Алайда жалға алған жеріне адам өз жеріндей қарамайтыны тағы бар. Сонымен, мораторийдің тиімділігіне оралсақ. Мәселені 5 жылға тоқтатып, сол жылдардың ішінде жердің экологиясын реттеу, құнарының төмендеуі, субаренданы жою, өзгеге кеткен жерлерді қайтару секілді проблемаларды шешіп алуға болады. Әй­теуір, жердің сатылмайтыны анық. Кей­біреулер жерді сату жайын үзілді-кесілді заңмен шешуді сұрайды. Бірақ заң да соңғы түйін емес. Сезімтал мәселеге біржақты қарамаған жөн. Талап өзгерсе, заң да өзгеріп отырады. Сондықтан мораториймен шешілді ме, әлде заңмен бекітілді ме, мейлі, жер сатылмайтынын нақтыладық. Парламент те комиссия ұйғарымымен санасып, келісетін­іне сенім мол.   Алмасбек САДЫРБАЕВ, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы, жер комиссиясының мүшесі: – Санаулы дүние болмаса, негізі комис­сия біраз мәселенің басын ашып алды. Соның бірі – жалға алған жерін шаруалар басқа шаруаға пайдалануға беріп, мұраға қалдыра алатын болды. Дегенмен қазақ шаруаларына жекеменшікке жер берілмей­тіні қиын. Көбі бұған үреймен қарайды. Бірақ комиссия құрамындағы көптеген адам әлемдік тәжірибені ескерусіз қалдырды. Елдің пікіріне қайшы сөз айтса да, келешек үшін әділ пікірді айту қажет еді. Жерді шар­уа­ға жекеменшікке беру бүкіл әлемде бар тә­жірибе. Біз тек қауіптермен жұмыс істеу­іміз қажет. Мәселен, жыл сайын жердің құ­нары кеми береді. Ел аумағының 32 пайы­зында жеткен. Біз мораторий жариялауға шешім шығардық, бірақ мен келіспедім. Жеке­меншікке қатысты қоғамда үлкен сенімсіздік, үрей бар. Кез келген дүниеде қауіп бар екені белгілі. Ол үшін бір адамға 50-70 гектардан артық жер жекеменшікке берілмеуі қажет. Болды. Бір сөзбен айтқанда, 5 жылдық мораторий қазақ шаруасын тағы 5 жылға тұқырту ғана болмақ.   Дос КӨШІМ, саясаттанушы, жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшесі: – Өз басым 5 жыл­ға мораторий жария­лау шешімін итжығыс деп бағаладым. Яғни, екі тарап та өз дегені­нен қайтпады. Белгілі бір тарап жерді сату мен жекеменшікке беру мүддесінен таймай отырды, ал келесі тарап пен халық оған қарсы болды. Әйткенмен, комиссия тек ұсыныс айтушы екенін ұмыт­па­ған жөн. Шамасы келгенше ұсыныс жет­кізді. Барлық жүк айналып келіп Парламент­ке түседі. Парламент қауқарсыздық танытса, Мемле­кет басшысы жауапкершілікті алуы мүмкін. Президентке дейін жеткізе қоймас, Парла­менттен үміттіміз. «Жерді сатқызбай­мыз, тек қазақстандықтарға жалға беріледі» десе жөн. 2016 жылы 5 жылға мораторий жарияланған­да, сол 5 жылдың аяқталғанын күтіп, жер мәселесін ұмыт қалдырғанбыз. Тағы да соған оралмасақ екен деймін. 5 жылға үміт артып, проблеманы жылы жауып қоя салсақ жара­май­ды.

Мадияр ТӨЛЕУ