Денсаулық сақтау министрлігі «Педагог мәртебесі туралы» заң үлгісінде медицина қызметкерінің мәртебесіне қатысты заң жобасын әзірлеуде. Әлемді әлемтапырық етіп, Қазақстанды құрсаулаған пандемия «ақ халатты абзал жандардың» беделін өсіреді деп күтілген. Бұл мақсат толыққанды орындалмады. Халықтың бір бөлігі карантин шектеулері үшін бас санитарларды кінәласа, індет жұқтырған екінші бөлігі «дұрыс қарамайды, тез айықтырмады» деп дәрігерлер үстінен шағым боратуда. Жедел жәрдем қызметкерлерін ұру оқиғалары да көбейіп кетті.
Заңды көшіре салған ба?
ДСМ-дегілер жаңа заң жобасын әзірлегенде көп бас қатырмағаны байқалады. Оның біраз тұсы 2019 жылғы 27 желтоқсанда күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» заңынан көшіріле салғанға ұқсайды. Бірақ дұрыс көшіре алмағандай. Біріншіден, Алексей Цойдың ұжымы әзірлеген жобада «Әлеуметтік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қорғау» деген кішкене бап бар. Оған сәйкес, «мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезекте береді». Яғни, бұл игілікті мемлекеттік емхана мен аурухана қызметкерлері ғана пайдаланады. Квазимемлекеттік, жекеменшік клиникаларда індетпен күресіп, ұлт саулығына үлес қосып жүрген дәрігер, мейірбике мен санитар одан тыс қалмақ. Ал БҒМ жазған заң бойынша, кез келген педагогтің баласына әкімдіктер балабақшадан бірінші кезекте орын беруі тиіс. Екіншіден, «медицина қызметкерлерін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру» ұсынылып отыр. Екі жылдан бері мұндай мүмкіндікті ұстаздар пайдалануда. Бұл бапты министрлік ертерек енгізуі керек еді. Себебі жас медицина қызметкерлерінің әскерге алынуы пандемия тұсында елде кадр тапшылығының туындауына үлес қосыпты. Үшіншіден, сарапшылар пікірінше, жаңа заң ақ халаттыларды қоғамның қысымынан еш қорғамайды. Онда медицина және фармацевтика қызметкерлері «лауазымды адамдар және басқа да тұлғалар тарапынан заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалуға», «пациенттер мен олардың туыстары немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан кәсібіне құрметпен қаралуына және тиісінше мінез-құлық көрсетілуіне» құқылы деп көрсетілген. Міндетті емес, құқылы. Оның бұл құқығына қол сұғылған, айталық, сырқаттың туысы сабаған жағдайда дәрігердің «ерекше мәртебесіне» сай бұзақыға ерекше жаза қолдану қарастырылмаған. Мысалы, полицейге қол көтерген адам сотталып кетуі ықтимал, ал адам өмірін арашалайтын медицина өкілін ұрғандар айыппұлмен не бірер күн қамаққа алумен құтылады. Салыстыру үшін айтсақ, қанша сыналғанымен, «Педагог мәртебесі туралы» заң бұдан көш ілгері. Атап айтқанда, мұғалімді әкімдер, мектеп басшылығы негізгі мамандығынан тыс жұмыстарға жеге алмайды. Тіпті, педагогтен басы артық есеп сұратқаны үшін жаза тартады. Дәрігерлер мәртебесіне қатысты жаңа заң жобасында оның бірі жоқ. «Медицина және фармацевтика қызметкерлеріне лауазымдық міндеттерін атқару кезінде құрмет көрсетпегендер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Сондай-ақ бұл норма медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға бағытталған» деген сенімде денсаулық сақтау ведомствосы.Жағдайы мұғалімнен де нашар
ДСМ жаңа заң аясында сала мамандарын ынталандыру шараларын енгізуді жоспарлап отыр. Бірақ олардың ішінде ең бастысы жоқ. Мысалы, медицина мамандары үшін зейнетақы жасы төмендетілмейді. Оларға бірінші кезекте мемлекеттік баспана алу құқығы ұсынылмайды. Онда тіпті сыйақы беру кепілдігі де бекітілмеген. Сонда не қалды? Ішінара ынталандыру жоспарлануда. Біріншіден, жергілікті әкімдіктер жыл сайын өз өңіріндегі мықты, майталман медицина қызметкерін іріктеп, «Кәсібі бойынша үздік» мәртебесін және 500 АЕК (1 млн 458,5 мың теңге) біржолғы ынталандырушы төлем береді. Бірақ бұл сыйақы жергілікті бюджет есебінен төленетіндіктен, ол әр өңірде әкімдіктің қаржылық жағдайына тәуелді болады. Заң әкімдерді осы мәртебе-атақты қанша көлемде үлестірем десе де шектемейді. Екіншіден және ең бастысы – жыл сайын санаулы дәрігерге республикалық деңгейде «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріледі. Оны алу үшін медицина қызметкерлері Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сіңіруі және айрықша жетістіктерімен ауызға ілігуі шарт. Сонда оған осы атақпен бірге 1 000 АЕК (2021 жылы 2 миллион 917 мың теңгеге тең) көлемінде біржолғы сыйақы табысталады. Ақылға салсақ, бұл сыйақыны әлдебір аурухана не емханада күн сайын өз ісін ың-шыңсыз ғана адал атқарып, науқастардың дертіне шипа тауып жүрген қарапайым, даңққұмар емес дәрігерлер бәрібір ала алмайтын болса керек. Айтпақшы, бұл тармақ та педагогтер заңынан көшірілген: «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог 1 000 АЕК көлемінде біржолғы төлем ала алады. «Саланың тартымдылығын арттыру, кадрлық қамтуды жақсарту, денсаулық сақтау мамандарын материалдық ынталандыру мақсатында қоғамда медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және білікті медицина кадрларының тапшылығы мәселесін шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – дейді ДСМ заң жобасына түсініктемеде. Иә, дұрыс-ақ. Осыған ынталандыратындай тағы не бар? Жобада басқа ештеңе жоқ. Педагогтердей еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықақы, қосымша ақылар, үстемеақылар және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер секілді кепілдіктер онда сөз етілмеген. Ғылыми, кандидаттық, докторлық дәрежесі үшін мұғалімдердей жалпыға ортақ 17 АЕК (шамамен 50 мың теңге) үстемеақы бекітілмейді. Бала оқытушыларға арналған жыл сайынғы ақы төленетін 56 күн еңбек демалысын Үкімет адам емдеушілерге қимады. Ұстаздардан тағы бір айырмашылығы, медқызметкерлердің «жұмыс жүктемесінің нормативі» туралы да заң жобасында айтылмаған. Демек, ауыртпалықтың азаймай, одан ары артқанына шыдамаған әрі қолдау көрмеген дәрігерлер мен мейірбикелердің саладан кету үрдісі жалғасатынға ұқсайды. Сонымен қатар БҒМ кәсіптік қызметін жүзеге асыру және өмір сүру үшін ауылға барған педагогке көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу не салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетуді заңмен бекітті. Бұған қоса, педагогтің үй жалдауына өтемақы төленуі тиіс. Оның санаторийлік-курорттық емделуіне және демалуына жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер жасалады. Әкімдіктерге педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеу жүктелген. Цой заңының жобасында мұның бірі жоқ.Мәртебенің өнімділікке әсері бар
Медицина саласындағы зерттеуші ғалым, профессор, доцент Ж.Қожекенова бір мәселеге назар аудартады. «Қазақстандық медицина қызметкерлері арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сонда сұралғандардың 79,9%-ы жағдайының орташа екенін айтқан. Ал медқызметкерлерінің 17,6%-ы өзін ең төменгі тапқа жатқызыпты. Салада мамандықтың беделі төмендеуде, «ақ халаттылар» өз кәсібінің мәртебесіне көңілі толмайды. Мұны ары қарай елемеу, мамандықтың мәртебесін арттыру бойынша әлеуметтік-экономикалық түбегейлі шаралар қабылдамау және қоғамдық пікірді түзетпеу салмақты теріс салдарларға соқтыруы мүмкін», – дейді ғалым. Дәрігерлік жұмыстың тиімділігі тек емхана-аурухананың заманауи жарақтандырылуына, жұмыс процесінің ұтымды ұйымдастырылуына, персоналдың біліктілігіне ғана емес, сонымен бірге медицина қызметкерлерінің көңіл күйіне, олардың өз мамандығы мен мәртебесін ұлық тұтуына да байланысты. Мұның бәрі еңбектің өнімділігіне және сенімділігіне әсер етеді. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда 2014 жылы қылмыстық заңнама қатайтылғалы бері дәрігерлерге қарсы қозғалған істердің саны өскен. Әрине, өз ісіне салғырт қарайтын, таныстықпен тұрған, бірақ біліктілігі нашар, тіпті адам өлтіретін дәрігерлер бар. Дегенмен ДСМ мәліметінше, көп жағдайда дәрігерлер өлімге әкелгені үшін емес, оның алдын алмағаны үшін жауапқа тартылады. «Дәрігерді заңсыз, әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері жиі болады. Қазақстанда жыл сайын Қылмыстық кодекстің 317-323-баптары бойынша 600-800-ге жуық іс ашылады. Алайда осы істердің көбі тергеу кезінде дәлелденбегендіктен жабылады. 2016-2019 жылдар аралығында Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша соттарға 39 қылмыстық іс жеткен. Оның 35-і бойынша 55 адамға қатысты үкім шығарылды. 11 адамды қамтыған 4 іс прокурорға қайтарылды», – дейді ДСМ өкілі. Нәтижесінде, 2 медқызметкердің бас бостандығы шектетілген. 9-ына шартты жаза кесілді. 11-і сотталды, бірақ рақымшылық жасалып, жазадан босатылды. 19 сотталған адам ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан құтылған. 3-еуі түрмеге отырды. Сот залында 11-і ақталды. Жыл сайын медқызметкерлерге қатысты 300-ге жуық әкімшілік іс қозғалады. Министрлік дерегінше, бір жылда 3 мыңнан астам шағым түскен. Өтініштерді қарау нәтижесінде 299 жеке тұлға, 87 лауазымды тұлға және 23 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Пациенттердің пайдасына 8,8 миллионнан астам теңге төленді. Жасыратыны жоқ, тіл білетін білікті қазақстандық дәрігерлер алыс-жақын шетелге кетуде. Дамыған елдерде, әсіресе АҚШ-та білікті медицина қызметкерлері шетінен миллионер. Medscape АҚШ-та 20 мың дәрігер арасында сұрау сала келе, рентгенологтердің 49%-ының жинағы 2 миллион доллардан асатынын білді. Бізде де дәрігер мамандығы ең беделді саналуына қол жеткізген жөн. Ол үшін жалақыны өсірумен бірге біліктілікті арттыру маңызды. Америкада дәрігерлердің ұзақ жыл оқып, ұдайы біліктілігін көтеретіні бізге үлгі болса игі.Елдос СЕНБАЙ