Жас ғалымдардың жетістік жолы
Жас ғалымдардың жетістік жолы

Ғылым мен білімнің экономиканың қозғаушы күші екенін жақсы білеміз. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап-ақ ғылымға сүйенген экономиканың  дамуға бастайтынын білді. Сондықтан ғылымды қолдауды  ешқашан назардан тыс қал­дырған емес. Өйткені Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ғылым мен білімді дамытуға күш салып жүрміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та: «Еңбек өнімділігі артуы үшін оған ғылым ара­ласпаса, ол әрі қарай дамымайды. Бұл жерде ғылымды кә­сіпорындарға араластыру мәселесі бар. Бұл тетік жеке биз­нестің міндетті қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылуы керек» деген еді. Бірақ ел дамуы үшін іргелі ғылымдардың да  маңызды екенін,  мемлекет ғылымды дамыту ісін жеке секторға сеніп қалдырмайтынын атап өткен жөн.

7 мыңнан астам жас ғалым бар

Елімізде ғылым саласында 22 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның 34%-ы – жас ғалым. Яғни, ғылым саласында жүрген жастардың саны – 7 480. Білім және ғы­­­лым министрі де ғылым саласына бет бұратын жастарды үнемі қолдайтынын айтады. Айтып қана қоймай, істеген жұмысынан да қолдау барын байқаймыз. Мәселен, докторанттардың стипендия­сы жыл сайын 15%-ға өсіп, 2025 жылға қарай 260 мың теңгеге жетеді. Ғылыми жұмысты қорғау мүм­кіндігі кеңейіп, дис­сер­тация­лық кеңестерге қойылатын талаптар қайта қаралады. 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілгені бар. Олар коллаборация бойынша, қысқамерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған деп бөлінеді. Ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2025 жылға қа­рай қаржыландыру ЖІӨ-нің 1%-ы­на дейін ұлғаяды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның ғы­лымды дамытуға жасаған нық қадамы. Жас ғалым деп кімді атаймыз? Жас ғалым деп 35 жасқа толмаған, ғылыми қызметпен айналысатын қызметкерлер, стажер-зерттеу­шілер, ізденушілер, аспиранттар, оқытушыларды атаймыз. Жас ғалымдарға қолдау білдіріп, жетелеу үшін елімізде Жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. Мұндай ұйымдардың міндеті мен қызметінен гөрі көпшілікті жас ғалымдардың қандай жаңалық ашқаны қызықтырады. Ендеше тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен бір топ жас ғалым жайында ой өрбітейік.

Үш тілде білім беру педагогикасы

Елордалық жас ғалым Лаура Қарабасова бірнеше жылдан бері тілдік саясат, үш тілде пәндерді оқыту мәселесін зерттеп жүр. Оның «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (CLIL)» әдісі білім саласында маңызы зор. «Тіл мен пәнді бөліп оқытуға болмайды. Басқа пәндерде тілді оқытуда айырым бол­масын. Қайта өзге пәндер тілді қажет етсін» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі оған шабыт берген. «Негізі, бұл концепция Еуропада 1994 жылы CLIL атымен қабылданды. Ал елімізге 2012 жылы кел­ді. Зияткерлік мектептер Еуропадан импорттады. Таңғаларлығы, XX ғасырдың соңында пайда бол­ған концепцияны, ұлт зиялылары XX ғасырдың басында-ақ айтқан. Ал біз мұны Еуропадан келген ұғым деп қабылдамай жатамыз» деп. Оның айтуынша, білім беру жолдарын зерттеу жаңа нәрсені ашуға, үйренуге көмектеседі. Мұның жаратылыстану ғылымдарын зерттеуден ешқандай айырмасы жоқ. Мысалы, АҚШ-та білім саласындағы зерттеу білімді қаржыландыру саясатына өзгертуге ықпал еткен. Тенниси штатында жүргізген зерттеуге 79 мектеп қатысқан. 4 жыл бойы оқушыларды кездейсоқ сандар бойынша сыныптарға бөліп, оқытқан. Сонда 7-сыныпқа дейін сыныптағы бала саны аз бол­са, оқу үлгерімінің жоғары болатыны дәлелденген. Оқушылар математикадан жоғары нәтиже көрсеткен. Осылайша, АҚШ-та жаңа сыныптар ашылып, қосымша мұ­ға­лімдерді жұмысқа алуға қаржы бөлінген. Сондықтан Лаура Қарабасова барынша білім саласындағы зерттеуге көңіл бөліп, жаңа реформалардың қабылдануына үндейді. Асхат Аймағамбетов жас ғалымның үштілділік саясатын мектептерде жүзеге асыру бойынша еңбегін қарап, білім саясатында өзгеріс ен­­гізгенін бірнеше рет атап өткен.

Қолды алмастыратын бионикалық протез

Жас ғалым Мәулен Бектұрғанов аяқ-қолынан айырылған адамдарға толыққанды өмір сүру үшін жасанды қол жасауға бел байлаған. Алғаш рет жасанды қолдың нұсқасын лабораторияда көрген. Сөйтіп, өзінің де мұндай қол жасауға шамасы жететінін біліп, іске кірісіп кеткен. Алайда көп­шілік Мәуленнің бионикалық про­тез жасай бастағанын көріп, «аналогі бар дүниені жасап не керек?» деген екен. Жеме-жемге келгенде еліміз протездерді шетелден қымбат бағаға сатып алатыны бар. Ал бағасын көпшіліктің қалтасы көтермейді. Сондықтан ол қолже­тімді протез түрін шығаруға ден қойған. Тәжірибесімен бөліскен ғалым алғашында аталған протез түрін тегін жасап бергенін айтады. Оған қоса протез әр адамға арнайы жасалады. Өйткені сезімталдықты ескеріп, қолдың за­қымдануының алдын алған жөн. Мәулен Бектұрғановтың осы сала бойынша шетелде оқуға мүмкіндігі болмаған. Сол үшін жоба дайындауда интернеттің көмегіне жүгінген. Оның айтуынша, ал­ғашқы робот қолдар пластиктен жа­салса, кейіннен адамға ыңғайлы болу үшін өнімді металдан жасауға көшкен. Құрастыруға қажетті материалды шетелден сатып алады. Ал бағдарлама құру мен электрониканы өздері құрастырады. Мұндай технологияны қолға ампутация жасалған кезде ғана емес, туа біткен патологиясы барлар қолдана алады. Ғалымның жасаған протезін киіп жүргендердің арасында балалар да бар. Оның айтуынша, балаларға арналған протезді 7-8 жастан бастап жасайды. Олардың екі қолымен бірдей ойыншық ойнағанын көрген ата-ана да қуанышты. Жасанды қолдың икемді екенін көрген адамдар аяққа да протез жасалғанын күтіп жүр. Бектұрғанов болашақта жасанды аяқ пен жасанды көз қарашығын жасап шығаруды жоспарлап жүр. Қазір жас ғалым ғана емес, табысты кәсіпкер. Ол бизнесін алыс-жақын шетелдерге шығарғысы келеді.

Ғылымның күші – инвестицияда

Қан құрамындағы қант мөлшерін өлшейтін сағат ойлап тапқан жас ғалым жайлы естуіңіз бар ма? Ердәулет Беков қазір белгілі компанияда өнім менеджері болып жұмыс істейді. Бар ойы – ғылыми-зерттеу­леріне инвестиция құю. Алдымен, жас ғалымның әйгілі жобасы жайын­да сыр шертейік. Ердәулет Беков жасынан қант диабетімен ауырады. Ауруханаға барғанда қан құрамын тексеру үшін күніне бірнеше рет кішкентай балалардың саусағын тесетінін көрген. Осылайша, құлақтың сырғалығына тағатын құрылғыдағы пульс, ультрадыбыс, қысым арқы­лы адам ағзасындағы қант мөлшерін анықтауға болатынын зерттеген. Жобаға GlucoWays деп ат қойып, бірнеше байқауда топ жар­ған. Кейіннен сырқаты сыр бер­гесін, ауруханада жатқан уақытында эндокринология саласын зерттеп, қан мөлшерін анықтайтын 7 әдіс ойлап тапқан. Соның екеуін құрылғы жүйесіне енгізген. Тәжі­рибені шыңдай келе, GlucoMed сағатын шығару жоспарланған. Алайда қазір бұл жоба тоқтап тұр. Өйткені инвестор жоқ. Айтпақшы, жас ғалымның ең алғашқы жетістігі жануарларға арналған GPS навигатор болған. Құрылғының көмегімен адамдар үй жануарларының қайда жүргенін бақылап отырған. Бірақ жыл өткен сайын бәсекелестері көбейгесін, жобаны жалғастыруды жөн санамаған. Қазір жас ғалым бизнес саласына бет бұрып, жаңа зерттеу жұмысын жасап жүр. Әзірге инвестор өзі. Оның айтуынша, жаңа жобада адам­ның адамға несие беруіне мүм­кіндік туады. Мұны арнайы бағдарлама арқылы бақылайды. IT саласында жүрген ол бағдарламаның қалтқысыз жұмыс істеуі үшін барын салып жүр. Аталған ғылыми жоба үш компоненттен тұрады. «Ғылымның қозғаушы күші – инвестиция. Шетелден инвестор тартамыз десеңіз, мына дүниені есте ұстаған жөн. Түсінгенім, елдегі инвесторлар отандық ғылымға инвестиция салмай, шетелдік инвесторларды тарту мүмкін емес. Өйткені шетелдік инвесторлар отандық нарықты барынша зерттейді. Ал елімізде санаулы ғана инвестор бар. Құрылымы кішкентай жобаларға инвестиция салатындар баршылық. Бірақ ауқымды жобаларға білек сыбана кірісетіндер аз. Мәселен, несие туралы жобама өзім инвестор болуға бел байладым. Жоқ дегенде 50%-ын жинап, қалған бөлігіне инвестор іздеймін. Жобаның жалпы құны – 5 миллион доллар. Бұл көп­тің игі­лігіне жарайтын, таптырмас дүние болмақ. Елдің игілігіне, эко­но­микаға әсер етеді», – дейді Ер­дәу­лет Беков. Бизнес саласын зерттеп жүрген жас ғалым еліміздің IT технология­сын жоғары бағалайды. Оның айтуынша, бұл салада «сен тұр, мен атайын» дейтін мамандар көп екен. Тек елдегі біраз компания мен мем­лекеттік ұйымдар олардың қадіріне жетпейді. Сондықтан ол бір бағдарлама жасау үшін шетелден маман шақыруды доғару қажетін айтып қалды. Айналып келгенде, ол ғы­лым сену мен инвестиция салудан тұратынын атап өтті. Егер ел жас ғалымына сеніп, болашағына кепілдік берсе, олар қанатын кеңге жаяды. Мысалы, оның Google-де, Netflix-те жұмыс істейтін достары көп. Көпшілігі елден инвестор таппағасын шетелге кеткен. Ердәулетке де қолқа салып, шетелге ша­қыр­ған компаниялар баршылық. Бірақ жас ғалым елдегі ғылым саласын көтеріп, жаңалық ашқанды жөн көрген. Оның жас ғалымдарға айтары бар. «Ешқашан да жеңілмеңіз. Әр қадамды дұрыстап басыңыз. Бір жобаны ойладың ба, іске асыруға тырыс. Ой күйінде қалмасын. Сен ойланып бо­лам дегенше, екінші адам оны іске асы­рып, үшіншісі дайын өнім жасап шығарады. Сондықтан талмай еңбек етіп, ұнаған ісіңмен айналыс», – дейді ол. Иә, ойлағаныңды жүзеге асыр­ғанда биікті бағындырасың. Шарықтауға мүмкіндік беріп, қолдайтын күш болса тіпті керемет. Сол үшін жас ғалымдар еліміздегі мүмкіндіктерге дән риза. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі толайым та­быстардың егемендікпен байланыс­ты екенін жете түсінеді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ