Атырауда жер мен су дауы басылмай тұр
Атырауда жер мен су дауы басылмай тұр
193
оқылды

Әлемде су тапшылығы сезіле бастағанын мамандар жиі айтады. Өкінішке қарай, бұл жағдай Қазақ­станды да айналып өтпесі анық. Тіпті теңізге жақын орналасқан, еліміздегі ең ірі  өзендердің бірі ағып өтетін Атырау облысында да су мәселесі өзекті бола бастады. 

Атыраудың Ақтөбе облысымен шекте­сіп жатқан Қызылқоға ауданындағы Қара­бау ауылы тұрғындары «Мұздыбұлақ-Қара­бау» топтық су құбырының тұщы суы сарқылып қалу қаупі бар деген жанайқайын жеткізді. Биылдың өзінде Қызылқоға ау­даны тұрғындары су тапшылығын көріп отыр. Ойыл өзенінен келетін мол су көзі сап тыйылған. Бұл жағдайды құзырлы министрлік те біледі. Бүгінде аудан тұрғындарының өздері Ойыл суының келмеу себебін  зерделеп жүр. Ойылдан су келмей, ауылдағы «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбырының тұщы суын пайда­ланып отырған тұрғындар «Асыл Агро» шаруа қожалығының иесі  Нұфтолла Құл­басов тұщы суды ысырап етіп отыр деген уәжін айтады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Мұз­ды­бұлақ-Қарабау» топтық су құбырын сенімгерлік басқаруға алған Н.Құлбасов  иелігіне алған жерге  құбыр жүргізіп, мың­ға тарта сиырды  ауызсумен суарып келеді. Ауыл тұрғындары шаруа қожалығы иесінің 5 000 гектар жерге сиыр, жылқы малын бағып, оларды «Мұздыбұлақ-Қарабау»  тұщы суымен суаруына қарсы. Ойылды жағалай қоныстанған аудан тұрғындары  өрісін еркін пайдалана алмай отырғандарын да айтады. Бұл жанайқай аудан әкіміне  де жетіп, халықтың пікірін тыңдау үшін Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ж. Есен­ғалиев, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Е. Нуралин, Қарабау ауылдық округінің әкімі Қ. Хайруллин тұрғындармен кездесті. Кездесуде тұрғындар, алдағы уақытта ауыз­су азайса халық қайдан су ішетіні, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының иесі қосып алған құбырдың заңдылығын анықтап беру туралы мәселе көтерді. Аудан әкімдігінен келген өкілдердің айтуынша, «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбыры 2012 жылдан бастап «Асыл-Агро» ШҚ-на сенімгерлікке берілген. Сенімгерлік шартының уақыты биыл қазан айында аяқталады. Қазір халыққа осы мекеме арқылы заң талаптарына сай тұрақты ауызсу беріліп отыр. 2008 жылғы 15 желтоқсандағы мемлекеттік комис­сияның №723 хаттамасында Мұздыбұлақ жерасты су қоры тәулігіне 170 тонна су пайдаланған жағдайда 27 жылға немесе 2035 жылға дейін жетуі тиіс деп  көрсетілген. Алайда тұрғындар   су  аталған уақытқа жетпей-ақ таусылып қала ма деп қауіп­тенеді.  Ал мәселенің мән-жайын білмекке «Асыл-Агро» шаруашылық иесі Нұфтолла Құлбасовқа қоңырау шалғанымызда «Мұздыбұлақ бойынша бәрі бітті» деп ашу­ланған қалпында телефон тұтқасын қоя салды. Ауыл тұрғындары «Мұздыбұлақ-Қарабау» су торабынан «Асыл Агро» шаруа қожалығы құбырмен су алуын тоқтатсын. Жалға алған 5 мың  гектар жерін қоршап, малды сол аумақтан шығармай бақсын. Ауыл халқының жайылымы мен шабындық жеріне көз тастамасын» деп талап қойып отыр. Зерделеп көрсек, Қарабау ауылында 1 300 тұрғын, 12 шаруа қожалығы бар.   Егер ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары «Мұздыбұлақ-Қарабау» су торабындағы  табиғи йодталған тұщы суды тиімді пайдаланса,  2035 жылға жетеді. Тіпті, тал-теректі тамшылатып суарса да су жеткілікті. Ең бастысы, суды алуға болатын тәуліктік норманы қатаң сақтау керек. Тірлік бұйырған адамға 14 жыл лезде өте шығады. Ауылдағы өмір одан соң тоқтап қалмасы түсінікті. Осыны ескерген ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы органдардан «Мұзды­бұлақ-Қарабау» су торабын сенімді бас­қаруға бермей, әкімдік өз балансына алу қажет деген пікірде.  Ал Қызылқоға ауданы әкімдігі «Асыл-Агро» ШҚ-мен келісімшарт ұзартылмайтынын айтты.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы