Қызылордада балық шаруашылығы дамып келеді
Қызылордада балық шаруашылығы дамып келеді
282
оқылды

Соңғы жылдары Сыр өңірінде ба­лық шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Биыл да жергілікті сала өкілдері арнайы мемлекеттік бағ­дарлама аясында балық өсіру кө­лемін одан әрі арттыруға бекініп отыр.

Алдымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырза­ғалиевтің Қызылорда облысына келген сапарында айтылған бірқатар өзекті  мә­селеге тоқталсақ. Сапар барысында Мағ­зұм Мырзағалиев балық шаруа­шылығын дамыту, Арал теңізінің құрғаған табанын игеру бағытындағы жұмыспен, Қамбаш көлі және «Көкарал» бөгетінің жағдайымен танысты. Балық шаруашылығын жандандыруда Сыр өңірінің әлеуеті жоғары. Жергілікті сала өкілдері арнайы мемлекеттік бағдар­лама аясында балық өсіру көлемін арт­тыруға дайын екенін жеткізді. Бүгінде ай­мақта қуаттылығы 12,5 мың тонна бола­тын 9 балық өңдеу зауыты бар. Олардың өндірістік қуаты саланы дамытуға және өндіріс көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Үкіметтің Балық шаруа­шылығын дамыту бағдарламасында балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Оның 16 мың тоннасы Қызылорда облысына тиесілі. Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов аталған межеге қол жеткізу үшін облыс аумағында балық өсіруге қолайлы су айдындары бар екенін, мұнымен тауарлы балық өсіру көлемін көбейтуге болатынын атап өтті. – Қызылорда облысының табиғи-климаттық факторларын, Арал теңізі көлемін, күріш егу алқаптарында балық өсіру мүмкіндігін ескере отырып, өңір жылына 25 мың тонна балық өсіруге қа­білетті. Сондықтан жергілікті тұрғындарды балық өсірумен айналысуға шақырамыз. Ол үшін өңірде теңіз де, тәжірибе де бар. Саланы мемлекеттік қолдау түрлері кө­беюде. Біріншіден, тауарлы балық шаруашылығымен айналысу мерзімі 49 жыл болып белгіленді. Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақ­ мерзімді жоспар құруға ықпал етеді. Ал кәсіпшілік балық аулау үшін бұрынғы мерзім қалып, 5 жылдан 49 жылға дейін белгіленді. Сондықтан тауарлы балық шаруашылығымен айналысу тиімді, – деді ол. Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызды 207 көл бар. Балық қорын сақтау және оларды жасанды жолмен көбейту мақ­сатында министрлікке қарасты Қамыс­тыбас балық питомнигінде жыл сайын 15 млн дана балық шабағы өсіріліп, көлдер мен Кіші Аралға жіберілуде. – Балық шаруашылығы бағдарламасын жүзеге асыруға 29 млрд теңге қаржы тартылады. Осыған сәйкес, 2030 жылға қарай облыстың балық экспортын 2, тауар­лы балық өндіру көлемін 111 есеге арт­тырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Нәтижесінде, 16 шарбақ­тық, 12 тауарлы балық өсіретін тоған шаруашылығы құрылып, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы іске қо­сылатын болса, көл-тауарлы су айдын­дарының саны 55-ке жеткізіледі, – деді Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масының басшысы Бауыржан Шәме­нов. Осы бағытта құны 6 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба іске асырыла бастайды. Оның ішінде жалпы құны 900 млн теңгеге жылдық қуаттылығы 7 мың тоннаға жететін 3 балық өңдеу зауыты салынып, балықты терең өңдеу кешені кеңейтіледі. Өңірлік бағдарламаға сәйкес, 16 мың тонна балықтың 5 950 тоннасы (37 пайызы) Қамыстыбас көлінің үлесіне тимек. Ал Арал теңізінің құрғаған табанында бүгінде фитоорманмелиорациялық жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, оның көлемі – 4,6 млн гектар. 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң көтеріліп, мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды. – Арал маңындағы экологиялық апат аймағы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Теңіз табанының тұзы мен жылжымалы құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктерді егу. Сондықтан 2008 жылдан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен Дүниежүзілік банк, ғаламдық экологиялық қор көме­гімен мұнда 195 мың гектардан астам жерге сексеуіл отырғызылды. Осындай жұмысты Өзбекстан да жүргізіп келеді, – деді Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев. Жиында аймақ басшысы экологиялық апат салдарымен күрестің маңыздылығына тоқталды. – Арал дағдарысы теңіз маңында өмір сүретін 35 млн адамға әсерін тигізіп отыр. Оның адамзат тарихындағы аса ірі эко­логиялық зардаптың бірі екені баршамызға аян. Жойылып бара жатқан теңіз мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Тұздың ұшуын тоқтату және экологиялық жағдайды жақсарту мақса­тында кейінгі 29 жылда теңіз ұлтанының қазақстандық бөлігінде 195 мың гектар сексеуіл және басқа да галафитті (шөлейтті жерге бейімделген) өсімдіктер көшеті егілді. Бұл екпелер қазір табиғи жағдайда өсіп, көбеюде, – деді Қызылорда об­лысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Арал ауданындағы сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова мен Мағзұм Мырзағалиев жергілікті ғалымдармен, тұрғындармен кездесіп, өңірдегі түйткілді проблемаларға, экология мәселелеріне қатысты ұсыныстарды тыңдады. Аралдың экологиялық проблемасын шешуге ат­салысуға ғалымдар дайын екенін жеткізді. – Алдағы уақытта Арал табанында сексеуіл егудің арнайы бағдарламасы қабылданады. Көршілес Өзбекстанмен тәжірибе алмасу шаралары жалғасады. Ғалымдармен бірлескен экспедиция ұйымдастырылады, – деді министр. Одан кейін М.Мырзағалиев Қамбаш көлі және «Көкарал» бөгетінің жағдайына көз жеткізді. Сырдария өзені орталық атырауының оң жағалауын алып жатқан Қамыстыбас өзен жүйесінің экологиялық және  шаруашылық мәні зор. Судың аздығынан Сырдария өзені бассейні кейінгі 2 жыл бойы «қоректенбеген». Сол себепті көлдің тек жартысы ғана толып, су жағалаудан 200-300 метрге алыстап кетті. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен министр Мағзұм Мырзағалиев жер­гілікті халықпен, мамандармен кездесіп, су проблемасына қатысты ұсыныстарды тыңдады. – Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың азаюы ауыл шаруашылығына айтар­лықтай қиындық келтіруде. Облыстың негізгі шаруашылығы  суды көп қажет ететін күріш егісі екенін жақсы білесіздер. Алайда біз жылдан-жылға күріш егісінің көлемін азайтып, ауылшаруашылық сала­сын әртараптандыруды бастадық. Осы­лайша, суды үнемдеу жолдарын қарас­тырып жатырмыз, – деді облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы