Тараз да қайта «қызыл» аймаққа кірді
Тараз да қайта «қызыл» аймаққа кірді
189
оқылды

Тараз қаласы қайта «қызыл» аймаққа кірді. Бұл жөнінде «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңындағы брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев баян етті.

Оның айтуынша, ауру өршіген тұста үй-жайларда, қоғамдық көлікте 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, қоғамдық тамақтану орындарында бетперде кию талаптары қатаң сақталады. «Қызыл» аймаққа енуіне байланысты мектептердегі 1-8, 10 сыныптар онлайн форматта оқуға көшеді. – Шектеу шараларына байланысты шаһарда өзгерістер көп болады. Мәселен, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), өткізуге; сенбі және жексенбі күндері сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен желілерінің (оның ішінде онда орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда) объектілердің жұмысына; жексенбі күндері ашық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес) жұмысына; сенбі және жексенбі күндері жабық базарлардың (азық-түлік және азық-түлік емес), сауналардың, СПА орталықтарының, бассейндердің, спорт кешендерінің, спорттық-сауықтыру орталықтарының және фитнес-орталықтардың жұмысына тыйым салынды, – деді Бағлан Қыдырбаев. Сондай-ақ спикер сөз барысында мәдениет нысандарындағы түрлі шараларына да шектеу қойылатындығын айтты. Яғни, театр, кинотеатр, концерт залдарының қызметіне де тоқтау салынбақ. Сонымен қатар караоке, банкет залдары, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, боулингтердің де жұмысы тоқтайды. Алайда санитарлық талаптарды сақтай отырып, сағат 07.00- 23.00 дейін супермаркеттер мен гипермаркеттердің қызмет етуіне рұқсат. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметіне рұқсат сағат 09.00- 20.00-ге дейін ғана. Сонымен қатар сағат 07.00-ден бастап сағат 05.00-ге дейін қоғамдық тамақтану объектілері мен фуд корттардың қызметіне тек жеткізуге және әкетуге мүмкіндік беріледі. Ал ауданы 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендердің (жеке тұрған) қызметіне шектеу жоқ. Кеңсе, ұйым қызметкерлерін 80 пайыз қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру жүргізілмек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, банктердің, «Қазпочта» АҚ бөлімшелері сағат 9.00-18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Бас санитар дәрігердің қаулысы 30 сәуірден бастап толықтай күшіне енеді.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы