Алматыда сөзге келіп қалған екі полицей атысты

Алматыда сөзге келіп қалған екі полицей атысты

 Алматыда екі полиция қызметкері атыс шығарды. Оқиға Алматы облысының Райымбек ауданында түн ортасында болған. Оқыс оқиға жайында Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, әріптестер арасындағы бір-біріне деген өшпенділік қатынастар осындай шиеленіске ұласқан. Салдарынан жамбасына оқи тиген учаскелік инспектор Нарынқол ауылындағы ауруханаға жатқызылды. Оған қызметтік қарудың оғы тиген.

Мән-жайды білу үшін жекелей оқиға орнына бардым. Сөйтіп, барлық мәселе анықталды. Осы фактіге сәйкес, қауіпсіздік қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің, 24-бабы, 3-тармағы және 99-бап, 1-тармағы (кісі өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сонымен қатар, оперативтік-қызметтегі кемшіліктер мен жеке құрамды бақылауды әлсіретіп алғаны үшін аудандық ішкі істер бөлімінің сыртқы қызметтерге жауапты бірінші орынбасарын жұмыстан босаттым, – деп жазды Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев.
Әріптестер арасындағы жанжал кезінде олардың жанында болған полиция қызметкерлері де белгілі себептермен жұмыстан шығарылған.
Қазіргі уақытта жәбірленушінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Алматы облысы Полиция департаментінің басшылығы өз қатарларында заңдылық пен тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды қабылдайды. Әрбір бұзушылыққа баға беріліп, ішкі істер органдарынан жұмыстан босатуға дейін шара қолданылады. Жұмыс бабында жеке бас мәселесін шешуге жол берілмейді, – дейді Серік Күдебаев.