Қазақстан – Ресей шекарасындағы ұзынсонар кептеліс мәселесі әлі шешілмей жатыр  
Қазақстан – Ресей шекарасындағы ұзынсонар кептеліс мәселесі әлі шешілмей жатыр  

Шекарадан өте алмай иін тірескен жүк көліктерінің саны 700-ге жуықтаған. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Жүйкесі жұқарған жүргізушілер шекараға дейінгі 19 шақырымды үш күн, үш түн дегенде әрең жүріп өткендерін айтып ашуланады. Олардың арасында кептелісте бірнеше тәулік тұрып, ас-судан тарыққандар да бар. Сондықтан бұл жағдайды жоғары деңгейде реттемесе, мемлекетаралық тауар тасымалы ушыға түспек.

Көлік жүргізушісі Дархан Бекенғалиев: «Қыстан аман-есен шығып, тасымал енді басталып жатыр. Күні ертең оңтүстікте көкөніс піседі. Сол кезде мына кептеліс қиын болады. Қазақстан экономикасы шығынға батады», – дейді.

Ал Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік Кірістер департаментінің дерегінше, кептелістің күшеюіне ресейлік шекарашылардың жаңа тәртібі себеп болған. Яғни, олардың талабына сәйкес, енді әрбір жүк көлігінің технологиялық өту мүмкіндігі тексеріледі.

БҚО мемлекеттік Кірістер департаментінің басқарма басшысы Ерболат Ғайнешов: «Жүкті орналастырғанда міндетті түрде арасында адам өтетіндей 70 сантиметрдей өту мүмкіндігін қарастыру керек. Егер де ол болмаған жағдайда жүкті түгел түсіру арқылы толық тексеруден өтесіз. Соның бәрі уақыт алу себебінен кептеліске әкеп соғып отыр. Қазақстан шекарасы мен Ресей шекарасының арасына 40 көлік сияды. Қалғаны сыймағандықтан, Қазақстан территориясында тұр», – деді.