«Nur Otan» партиясында есеп беру-сайлау науқаны жүріп жатыр. Бірінші кезең аясында 4517 бастауыш партия ұйымының басшылары сайланып, оларға 566 мыңнан астам адам немесе жалпы партия мүшелерінің 72%-ы дауыс берді. Партия баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, есеп беру-сайлау науқаны Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудан кейінгі кезеңде жергілікті жерлердегі жұмысты жандандыруға және партияның сайланбалы органдарының кадрлық құрамын жаңартуға қатысты қойған міндеттеріне сәйкес жүргізілуде. Мәселен, «Nur Otan» бастауыш партия ұйымдарының жаңадан сайланған төрағаларының 39,4%-ы – әйелдер, 20%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Әйелдердің өкілдігі 4,4%-ға артса, жастар саны 1,5 есеге өсіп отыр. Әрбір бесінші БПҰ-ның төрағасы праймериз қатысушысы болып табылады. Олардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, үкіметтік емес сектордың өкілдері, қоғам белсенділері және т. б. бар. Есеп беру-сайлау науқанының келесі кезеңі аумақтық және өңірлік филиалдардың конференциялары болады. Онда партияның Саяси кеңестері мен Бақылау-тексеру комиссияларының құрамы жаңартылады. Айта кету керек, бұған дейін еліміз бойынша «Nur Otan»-ның өңірлік Саяси кеңестері бюросының отырыстары өтіп, онда әр өңірде, қалада және ауданда сайлауалды уәделердің іске асырылуын бақылау бойынша 1738 жаңа қоғамдық кеңес құрылды. Олардың құрамына 12 мыңнан аса белсенді, оның ішінде мәслихат депутаттары, партиялық кадрлық резерв өкілдері, өңірде беделді және жергілікті жерлердің түйінді мәселелерін жақсы білетін азаматтар, қоғам белсенділері, сарапшылар және т. б. кірді. Партия жаңа кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескеріп, сондай-ақ, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне ел көлемінде азаматтардан түскен өтініштерге жасалған талдауға негізделе отырып, жария түрде жүргізілетініне уәде беріп отыр.