Ақмола облысында тағы да қайырымдылыққа жиналған ақшаға қол салынды. Оқиға тағы да сол Шортанды ауданында қайталанды. Бұл жолы шіркеу жәшігіндегі ақша қолды болған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Православие шіркеуінің терезесін сындырып кірген белгісіз біреулер 21 сәуірге қараған түні 20 мың теңге ақшаны ұрлап кеткен. «Бұл туралы Шортанды аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне 28 сәуір күні шіркеудің 29 жастығы басшысынан арыз түсті.
«Тәртіп сақшылары ізін суытпай күдіктіні іздеп тапты. Ер адам 43 жастағы жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Ол ақшаны жеке қажеттіліктері үшін жұмсағанын мойындады», - дейді Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінен.Аталған факт бойынша Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 3-тармағы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін дәл осы Шортанды кентінде мешіттегі пітір-садақасының жәшігіне ұрлық жасамақ болғанын хабарлағанбыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы