Алматы қаласының соты ұсталған судьядан аса ірі көлемде қаражат тәркіленді деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованы тінту кезінде төмендегідей ақша табылды деген ақпарат тарады: (кабинетінен 4 500 доллар, үйін тінту барысында 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар, застройщиктен - 1 180 000 доллар пара алған). Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Судьяның кеңсесінен 10 000 доллар тәркіленді, үйінен ештеңе табылған жоқ», - деп хабарлады Алматы қалалық соты.Судьяның өкілеттігі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының бұйрығымен тоқтатылды. Алматы қалалық соты жалған ақпарат таратумен айналысқан адамдарды жауапқа тарту туралы Алматы қаласының прокуратурасына арыз түсірді. Бұған дейін алматылық судья алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланған болатын. Ұсталған судьяға қатысты ҰҚК департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.