Ақтауда әйел адамды өлтіріп, 3 миллион теңгесін ұрлаған қылмыскер ұсталды. ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қанды оқиғаны тергеп-тексеру барысында қаза тапқан әйелдің банк картасынан үш миллион теңге сомасында қаражат жоғалғаны анықталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында Түпқараған ауданындағы Таушық ауылында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Тінту кезінде полицейлер одан 2 миллион 500 мың теңге ақша қаражатын тәркіледі. Күдікті Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.