"Канело" допинг дауынан кейін Головкинге ашуланғанын айтты
"Канело" допинг дауынан кейін Головкинге ашуланғанын айтты
116
оқылды
Төрт салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес In Depth with Graham Bensinger бағдарламасына берген сұхбатында қазақстандық Геннадий Головкинмен бақталастығы екінші жекпе-жегі алдында жеке араздыққа ұласқанын айтты, - деп хабарлайды Vesti.kz. Мұның бәрі 2018 жылдың ақпанында, "Канело" тыйым салынған кленбутерол препаратына екі рет допинг-сынама тапсырып, оң нәтиже көрсеткен кезде басталған. Нәтижесінде мексикалық бокстан алты айға шеттетілген. Бұл олардың мамырдағы жекпе-жегін төрт айға кешіктірді. Қыркүйекте Альварес төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Ал Головкин өз мансабында алғаш рет жеңіліске ұшырады.
"Менде өте қиын кезең болды. Өйткені мені допинг қабылдады деп айыптады. Бірақ ол допинг емес еді. Пайызы (мөлшері) өте төмен болды. Мұнда (Мексикада) барлық ет құрамында кленбутерол бар. Егер ондай етті жеп, кейін тест тапсырсаңыз, онда ол кленбутеролға оң нәтиже көрсетеді. Бірақ ол допинг емес. Бірақ мен әрқашан жеңіске жетуім керек екенін есіме түсірдім. Бұл мен үшін ең жаман жыл болып басталып, ең жақсы жыл ретінде аяқталды", - деп Boxingscene.com сайты Канелоның сөзінен дерек келтірген.
Альварес сол кезде Головкиннің допинг дауына қатысты пікірлері қатты ашуландырғанын мойындады.
"Мен сол кезде: "Оның тас-талқанын шығарамын" дедім. Әрқашан қарсыластарыма сыйластықпен қарайтынмын, өйткені ортада сыйлы болу керек деп санаймын. Бірақ Головкин сабақ бергім келгендердің бірі болды", – деді Канело.
Головкин Канеломен екі рет жұдырықтасқан болатын: бірінші жекпе-жек (2017 жылдың қыркүйегінде) тепе-тең есеппен аяқталса, екінші жекпе-жек (2018 жылдың қыркүйегінде) мексикалықтың жеңісімен аяқталды.