Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады
Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады
144
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақорданың сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы екі мемлекеттің уәкілетті өкілдерінен қарулы қақтығысты тоқтату туралы келіссөз жасауға шақырды. Сонымен бірге ол мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынуға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге дайын екенін жеткізді. "Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ. Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән. Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын. Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін. Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын", - делінген Ақорда таратқан мәлімдемеде. Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында шекарашылар мен әскери қызметкерлер арасында болған қақтығыстың видеосы пайда болғанын хабарлаған едік. Кейінгі деректерге сәйкес, қақтығыс кезінде Қырғызстанның бір тұрғыны қаза тапқан. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі 16 адамның жарақаттанғанын хабарлады. Тәжікстан билігі тоғыз адамның жарақат алғанын хабарлады.