Әлеуметтік кәсіпкерлікке серпін беріледі

Әлеуметтік кәсіпкерлікке серпін беріледі

Жаңа заң жобасы елде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін құқықтық негіз жасайды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары әлеуметке бағдарланған кәсіпкерлікті дамытатын заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі заң деңгейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды.

Құжатқа сәйкес, субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайтын болады. Депутаттар оның құрамына кім­дер кіретініне және оның жұмы­сының ашықтығын қамтамасыз ету қалай жоспарланып отыр­ғанына мән берді. «Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сон­дықтан бұл комиссияға қоғам өкілдерінің кіргені дұрыс» деген Нұрлан Зайроллаұлы, сонда ғана бақылау ашық болатынын және бұл өте қажетті норма екенін жет­кізді. Оның айтуынша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкер­ліктің осы түріне жатқызу санат­тарын анықтап, әлеуметтік кә­сіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды. Н. Нығматулиннің пікірінше, осы­ның бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақ­сатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мәжіліс Төрағасы тізілімге енгізу үшін өңірлік комиссия әлеуметтік кәсіпкерлердің өті­німдерін жинайтынын айтты. Бұл мәртебені алған кәсіпорындар са­лықтық жеңілдікке ие болады: осы тізілімде тұрған кәсіпкерлерге қосымша салықтың екі түрі бойын­ша жеңілдік болады, яғни мүлік салығы төмендетіледі, салық са­лынатын кірісі азай­тылады. Отырыс барысында депутаттар Салық кодексіне толықтырулар енгізетін заң жобасын да І оқы­лымда мақұлдады. Бұл құжат әлеу­меттік кәсіпкерлікті қол­дау­дың мемлекеттік шараларын заң­на­малық тұрғыдан бекіту мақ­сатында әзірленді және салық са­лынатын кірісті азайтуды және әлеуметтік кәсіпкерлік субъек­ті­лері үшін салық базасына 0,5% мөл­­­шерле­­месі бойынша мүлік са­лығын есептеуді көздейді. Жиында Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады. Оның қатарында Қазақстан мен Әзер­байжан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қа­­­­­тысты келісім және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт­қа өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.

Елдос СЕНБАЙ