Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дін саласында маманданған журналистер үшін оқыту курстарын өткізіп жатыр. 26 сәуірде басталған курс бүгін аяқталады.
Курстың ашылуында Президенттің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин алғысөз сөйледі. Ерлан Қарин мұндай курстың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық қатынастар мен ұлттық қауіпсіздікті сақтаудағы стратегиялары жөнінде айтып берді. Сонымен бірге курс спикерлерінің қатарында «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамының, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері сөз сөйледі. Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы курсқа қатысушыларға БАҚ-та діни тақырыптарды жария ету, діни сенім бостандығына құқық, діни сауаттылық, діни мәселелерді жария етудегі журналистердің қауіпсіздігі, рухани құндылықтарды тәрбиелеудегі БАҚ-тың рөлі және басқа да өзекті мәселелер туралы түсіндірілетінін айтты. Курс конфессияаралық мәселелерді заңнамалық тұрғыдан реттеу, діни журналистика: зерттеу әдістері және контент-талдау, конфессияаралық диалог, «Жусан» операциясы қатарлы бірқатар кейс негізінде ұйымдастырылып, түрлі сала мамандары дәріс оқыды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық-түсіндіру бөлімінің маманы И.Бекишева «Қоғамның діни радикализмге ұшырауының негізгі факторлары», ҚМДБ-ның Halyq arna телеарнасының директоры Н.Даркулов «Діни сауаттылық: дін мен діни ағымдарды анықтау мәселелері», Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Оңалту жұмыстарын үйлестіру басқармасының басшысы Е.Есбергенов «Жусан» операциясы: әлемдік саясат және қазақстандық тәжірибе» тақырыбында дәріс оқыса, өзге спикерлер діни сауаттылық, медиа жауапкершілігі және тағы басқа мәселелер жөнінде ойымен бөлісті.А.СҰЛТАН