Әділет саласындағы үш кезең
Әділет саласындағы үш кезең

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ құ­қықтық мемлекет және азаматтық қоғам құру жолын нақты таңдап алды. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Парламентте ең бірінші рет «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы тарихи құжаттан бастау алған әділет саласы мен мемлекеттік құқықтық саясаттың қалыптасу бағыты халықаралық тәжіри­беге негізделді. Ендеше отыз жылдағы негізгі жетістіктерімізді тізбелей өтсек.

Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы

Хронологиялық тұрғыдан алғанда, ұлттық заң шығарудың даму және жетілу сатыларының алғашқы кезеңі 1994 жылы қабылданған «Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасынан» басталады. Оны жүзеге асырудың шешуші мотиві – заманауи конституциялық заңнаманы қалыптастыру, ұлттық сот жүйесін құру, елдің құқық қорғау және басқа органдарының тиімділігін арттыру қажеттілігі болды. Осы жылы Азаматтық кодекстің жалпы бөлімі қабылданды. Ал оның Ерекше бөлімі мен Азаматтық іс жүргізу кодексі 1999 жылы қолданысқа енді. Жалпы, бұл бірінші кезең 2001 жылға дейін созылды. Сол аралықта көптеген өзгеріс болды. Солардың ішінде атап өтетіні, Президенттің 1992 жылғы 23 маусымдағы №806 Жарлығымен Министрлер кабинеті жанынан Ұлттық патенттік ведомствоның (Қазпатент) құрылғаны. Бұл халықаралық қауымдастықпен селбесуге жасалған алғашқы қадамымыз еді. Азаматтық кодексінің Ерекше бөлі­мінде зияткерлік меншік құқы­ғына арналған жеке бөлім осы саладағы құқықтық реттеудің дамуындағы маңызды кезең болды. Ал 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүшелікке қабылданды. Осы ұйымға мүше болу және оның негізгі 19 халықаралық шартын ратификациялау ұлттық заңнаманы, оның ішінде өнеркәсіптік меншікті және шетелде қазақстандық авторлар мен авторлық құқық иелерінің құқықтарын қорғау саласындағы міндеттемелерді сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ осы бірінші кезеңде кеңес кезінен қалған АХАЖ жүйесі де көптеген өзгеріске ұшырады. 1998 жылдан бастап бұл қызмет әділет жүйесіне берілген болатын. Осы жылы «Неке және отбасы туралы» жаңа заң қабылданды. Ал 2011 жылы отбасы мен неке қатынастарын реттейтін ережелерді жүйелендіру, ескірген нормаларды алып тастап, уақыт талабына және құқық қолдану практикасына сай жаңаларын енгізу мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс қабылданды. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың 1997 жылғы сәуірдегі құқық қорғау органдарын одан әрі реформалау туралы Жарлығына сәйкес, қылмыстық қудалау органдары Әділет министрлігі қарамағына берілді. Соның аясында сот-сараптама өндірісінің бірыңғай қызметі құрылды. Оның құқықтық, ұйымдас­тырушылық және қаржылық негіздерін айқындайтын «Сот сараптамасы туралы» заң (2010 жылға дейін қолданылды) қабылданды. Бұл елімізде тәуелсіз сот-сараптама жүйе­сін құруға мүмкіндік берді.

Тұғыры биік тұжырымдама

Әділет саласының дамуындағы екінші кезең Президенттің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасымен» сәйкес келді. Оның нәтижесінде ұлттық заңнаманың салалары, мәселен конституциялық, азаматтық, қаржылық және банктік, бюджеттік, салықтық, экологиялық, қылмыс­тық, әкімшілік заңнамалар айтарлықтай жаңарды. Осы кезеңде жаңаша кодификацияланған актілер әзірленіп, қабылданды. Олар – 2003 жылы Орман, Жер, Кеден, Су кодекс­тері, 2007 жылы Еңбек, Экологиялық кодекстер, 2008 жылы Бюджет, Салық кодекстері және басқа заңнамалық актілер. Әділет министрлігінің бастамасымен 2006 жылы норматив­тік-құқықтық актілердің құқықтық мониторинг жүргізу институты енгізілді. Оны жүзеге асыру заңнамаға қайшы келетін ескірген және сыбайлас жемқорлыққа тәуелді құқық нормаларын анықтау және оларды іске асырудың тиімділігін бағалау мақсатында заңнаманың жай-күйін, оның даму динамикасы мен тәжірибесін үнемі болжауға мүмкіндік берді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дайындау және сынақтан өткізу де осы кезеңге тұс келді. Оны іске асыру шеңберінде «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі құрылды.

«Электронды үкімет»-тен Digital Justice-ге дейін

Бүгінде Әділет министрлігі мемлекеттік қызметтің 53 түрін көрсетеді. Олар 100% электронды сипатта. еgov-та азаматтар үшін некені, бала тууды тіркеу, атын, тегін, әкесінің атын өзгертуді, некені бұзуды тіркеу туралы цифрлы куәліктер қолжетімді. Сонымен қатар азаматтардың жылжымайтын мүлікке құқық­тарды тіркеу және заңды тұлғаларды тіркеу бойынша сервистер арқылы 16 түрлі қызмет пен дерек алу мүмкіндігі бар. Бизнесті ашу және жүргізу үрдісін оңайлату мақсатында бір өтініш арқылы бірнеше қызметті алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстың барлығы 2010 жылы жылжымайтын мүлікке қа­тыс­ты анықтамаларды беру мен заңды тұлғаларды тіркеуді «электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асырудан басталған болатын. Ал 2011 жылдың тамыз айынан бастап лицензиялар тек электронды форматта «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы арқылы беріле бастады. 2013 жылдан бастап нотариалды куәландырылған мәмі­лелер негізінде жылжымайтын мү­лікке құқықтарды электронды тіркеу енгізілді. 2015 жылы нотариустар жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелердің электронды көшірмесін тіркеу үшін автоматты түрде «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» ақпараттық жүйесіне жіберуге міндеттелді. 2017 жылдан бастап жыл­жымалы мүлік кепілдерінің бірыңғай тізілімі құрылды. Осылайша, онлайн режимінде «электронды үкімет» арқылы үзінді көшірмені алуға мүмкіндік туғызылды. 2018 жылы 24 мамырда жылжымайтын мүлікке құ­қықтарды тіркеу функциясы әділет органдарынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАК-қа берілді. Сондай-ақ осы уақыттан бастап мемлекеттік қызмет көрсету композитті түрге көшіріле бастады. Мәселен, еgov порталында 2018 жылдан бастап бір уақытта банк есепшотын ашу, сақтандыру келісімшартын жасау және салық органдарына бармай-ақ қосымша құн салығы бойынша есепке тұру мүмкіндігімен заңды тұлғаны тіркеуді қарастыратын композиттік қызмет қолданысқа енгізілді. Ал бүгінде баланың тууын тіркеу қызметі бір уақытта туу туралы куәлікті беру, мектепалды мекемеге кезекке қою және баланың тууына байланысты төленетін жәрдемақыны тағайындата отырып, проактивті және композитті түрде көрсетілуде. Ал соңғы үш жылда электронды түрге көшірілген қызметтер қатары толыға түсті. Әділет министрлігі сот сараптамасы институттарын цифрландыру үшін «Зерде» холдингімен бірге E-Saraptama ақпараттық жүйе­сін жасады. Елде жүргізіліп жатқан цифрландыру саясаты шеңберінде адвокаттық қызмет пен заң консультанттарының қызметін автоматтандыруды көздейтін «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі әзірленді. Осы жүйеге қосылған адвокаттар өздерінің қызметтері үшін ақы төлеуді жүйе арқылы жеңілдетілген түрде ала алады. Бұл айтылғандар цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Осы жаңашылдықтың барлығы азаматтар мен бизнестің уақыты мен шығынын айтарлықтай азайтады.

Халықаралық ынтымақтастық

Әділет саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселесін бөлек қарастыруға болады. Өйткені мұндағы жұмыстар үш кезең бойы әлі де жалғасуда. Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары Әділет министрлігінің жұмысы біздің мемлекетіміздің халықаралық аренадағы қызметін құқықтық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында адам құқықтарын қорғауға, респуб­ликаның әлемдік қауымдастықтағы беделін нығайтуға, сондай-ақ Әділет министрлігінің құзыреті шегінде халықаралық шарттар жасасуға бағытталған. Тұрақты негізде шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтық қорғалуына көмек көрсету мақсатында азаматтық, қылмыстық және отбасылық мәселелер бойынша заң көмегін көрсету туралы халықаралық шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде Қазақстан шамамен отызға жуық екіжақты және көпжақты халықаралық келісімдердің қатысушысы. Олар – 1993 жылғы 22 қаңтардағы Минск конвенциясы, 2002 жылғы 7 қазандағы Кишинев конвенциясы, 1992 жылғы Киев келісімі, 1998 жылғы Мәскеу келісімі, 1996 жылғы қылмыстық және азаматтық істер бойын­ша заң көмегі туралы Қазақ­стан мен Германия делегациялары келіссөздерінің хаттамасы, БҰҰ-ның 1956 жылғы «Шетелде алимент өндіріп алу туралы» конвенциясы, 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы және тағы басқалар. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша заң көмегі туралы 14 екіжақты мемлекетаралық халықаралық шарттар шең­берінде заң кө­мегі жүзеге асырылады. Олар – Қытай Халық Рес­публикасы, Қыр­ғыз Республикасы, Өзбекстан Респуб­ликасы, Корей Демократия­лық Халық Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Литва Республикасы, Грузия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан, Моңғолия, Әзербайжан Республикасы, Түркия және Вьетнам мемлекеттері. Халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиғалардың бірі – 2019 жылдың ақпан айында Сот сараптамасы орталығының Азия сот сараптамасы қоғамына (AФСН) кіруі. Әлемдегі жетекші қауымдас­тыққа мүше болу, Қытай, Корея, Малайзия және Сингапур сияқты елдермен тәжірибе алмасуға, бірлес­кен ғылыми-зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасына сәйкес, 55 сот сарапшысы Ұлыбритания мен Еуропаның танымал профессорларымен бірге LSE Лондон экономика мектебінде (27 сарапшы) және King’s College London (28 сарапшы) біржылдық тағылымдамадан өтті. Қазір 16 сот сарапшысы Лондондағы King's College-де оқып жатыр.

Нұрлан ҚОСАЙ