Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтті. Оның жұмысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Індет жағдайына байланысты сессия онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған Ассамблея мүшелері, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.Егемен елдің алғашқы қадамдары
Сессияға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Н.Назарбаев Қазақстанның көпұлтты және көпконфессионалды халқы осыдан 30 жыл бұрын өзінің дұрыс таңдауын жасады деп сөзін бастады: – Бүгінгі сессияның маңызы ерекше. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. 1991 жыл еліміз үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық. Ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілікте болу бақытын иелендік. Мұның бәрін басымыздан кешірдік, көзімізбен көрдік. Егеменді елімізде бірлікте, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрудің іргетасы қаланды. Ол бізге тәуелсіз мемлекетімізді неғұрлым жайлы жағдайда құруға мүмкіндік берді және қазіргі Қазақстанның заманауи келбетін қалыптастыруға қажетті қуатты ресурсты қамтамасыз етті, – деді Тұңғыш Президент. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ойын былай деп сабақтады: – Біз жаңадан нарықтық экономика құрдық, іргелі реформаларды жүзеге асырдық. Нәтижесінде, Қазақстан әлемдегі дамыған ең озық 50 мемлекеттің санатына қосылды және халықтың табыс деңгейі артты. Еліміз жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде біздің көк Туымыз желбіреп тұр. Мемлекет халықаралық сахнада өзінің ұлттық мүддесі мен басымдықтарын жүйелі түрде қорғап келеді. Қазақстанның шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады, – деді Елбасы.Тәуелсіздік іргетасының қалануы
Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстаннан үш миллионға жуық адам кетті. Соның салдарынан аз уақыттың ішінде республикадағы халық саны 14 миллионға дейін азайды. Қазір қайтадан 19 миллион адамға жақындады. Елбасының пайымдауынша, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 20 миллионнан асуы тиіс. Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстану арқылы өзін бейбітсүйгіш ұлт ретінде танытты. Өз тағдыры өз қолына тиген қазақ халқы ұлттық рух пен төл тарихын қайта түлетті. Ата-баба жолымен Ұлы даланың мәдени мұраларын жандандырып, баға жетпес жауһарларымызды әлемнің назарына ұсынды. Енді көшпелі елдің рухани құндылықтары мен тарихи жәдігерлері барша адамзаттың игілігіне айналды.Замана лебі
30 жылдың ішінде Қазақстан жылнамасының көптеген жарқын беті жазылды. Бүгінде індеттің салдарынан бүкіл әлем экономикасы шатқаяқтап тұрған ауыр кезеңдерге қарамастан елімізде кәсіпорындар салынып, жаңа қалалар тұрғызылып жатқанын баса айтты. «Біз кәсіпорындар салып, жаңа қала тұрғызып жатырмыз. Каспий теңізінде қазақстандық Ривьера салатын боламыз. Мың адамға арналып салынатын бұл бір қонақүй әлемдегі кез келген қонақүйден жақсы болады. Алдағы жылдары осындай 3 кешен салынып, қазақстандық Ривьера жасалады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекеттіліктің бес қағидаты
Елбасы мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатты атады: мемлекет пен халық арасындағы алғаусыз сенім мен қазақстандық патриотизм қағидаты; барша азаматтар құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің топтастырушы рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығы мен сабақтастығы қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыру қағидаты. –Алдағы күндерде жұмыс стратегиясын айқындаған кезде Ассамблея осы қағидаттарды басшылыққа алуы тиіс. Сонымен қатар қоғамдық даму мен келісімнің пәрменді институты ретінде ол жаңа жағдайға қарай өз қызметінің тиімділігін арттыруы тиіс. Ассамблея еліміздегі этносаралық келісімге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге міндетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде әрбір адамның ұлты мен жынысына қарамастан бақуат өмір сүріп, еңбек етіп, болашаққа жоспар құрып отырғаны – татулық пен келісімнің арқасы. Ең бастысы, жеткен жетістіктерімізді көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек. Осыны барша қазақстандықтар жете түсінгенде және қоғамның ортақ мүддесі үшін жұмыла білгенде ғана еліміздегі тұрақтылық пен бірлік нығая түспек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемнің барлық елінде халықты тіл біріктіретінін баса айтты. «Қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процестердің арқауын қалыптастырды. Бүкіл әлемде солай жасалады, тіл барлығын біріктіреді. Мәселен, америкалықтар мыңдаған халықтан құралған. Бірақ оларды ағылшын тілі біріктіріп отыр», – деді ол.Елбасы ұйым басшылығынан кетті
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға сәйкес, Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығы бар. Сонымен бірге Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері Президент Қ.Тоқаевтың құзырында. Елбасы құрылым басшылығын бір қолға шоғырландырған жөн деп тапса керек, Ассамблеяны бақсару құқын Президентке берді. – Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен оны басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Елбасы.Ассамблея Үндеу жасады
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясына қатысушылар отырыс соңында халыққа арнаған үндеуін жариялады. «30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды. «Қазақстандық жол» – патриотизм жолы, тұрақтылық пен халық игілігіне бағытталған реформалар жолы ретінде әлемге танымал болды. Нәтижесінде, Қазақстан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикасы бар, заманауи мемлекеттік құрылымы және дамыған азаматтық қоғамы бар, әлем мойындаған – қалыптасқан мемлекетке айналды» делінген үндеуде. Бұл құжатта осы 30 жылдық тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанда барша азаматтардың құқықтары мен мүдделері шынайы қорғалғаны аталып өтіледі. Сонымен қатар ХХІХ сессияға қатысушылар Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлін айрықша атай отырып, Ассамблея барлық азаматтың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға белсене қатысатынын мәлімдеді және осы іске басқаларды да қатысуға шақырды.Дәулет АСАУ