Халқымыздың жер мәселесіне келгенде «не бел, не белбеу кетеді» дейтін ұстанымда екені байқалады. Содан да болар, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру мен сатуға тоқтау салынды. Тіпті жекеменшікке сату мәселесіне де бес жылға дейін мораторий жарияланды. Алайда Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауылында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты дау-дамай азаймай, керісінше ушығып барады.
Ауыл жерлері 10 жыл бұрын кепілге қойылған
Кезінде «Жер-Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарауына өткен Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Қаратал, Елецкий, Сарыөзек, Қоскөл, Колесниковка ауылдарына тиесілі 16 186 гектар егістік алқабы осыдан он жыл бұрын 2010 жылдың 22 қазанында кепілге қойылып кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, халық бұл туралы ешнәрсе естіп, білмеген. Тек он жыл өткеннен кейін ғана жерге егін салған компания басшысының шикі тірліктері әшкере болғанға ұқсайды. Өткен жылдың соңына таман басталған жер үшін «айқас» қазір шарықтау шегіне жетіп отыр. Осыған дейін бірнеше рет сот отырыстары онлайн форматта өтіпті. Ауыл жерлеріне сонау тоқсаныншы жылдары «Әліби» ЖШС қожалық ете бастапты. Компания Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысы аумағындағы түгін тартсаң, майы шығатын жерлерге ауыз салған. Салғанымен қоймай, пайшылардың жерлерін банктерге кепілге қойып, жүз миллион долларлап несие алыпты. Кейін басшысы сотталып, компания төлем қабілеті жоқ болып шыға келген.Жерге миллиондаған доллар несие алынған
«Мәселе осыдан әрі тым қойыртпақталып, күрделеніп кеткен. Иелігіндегі 16 мың гектардан астам жерді ауылдың халқына ләм-мим деп айтпастан, заңсыз «Халық банкіне» кепілге қойып, миллиардтаған сома қарыз алған. Ал несиелерді аталған ауылдарда егін егіп жатқан «Жер Ана», «Әліби-Новосветловка» компаниялары емес «Бинюс астық компаниясы», «Әліби» холдингі, «Әліби» астық инвестициялық компаниялары» сияқты басқа компаниялар рәсімдеген болып шықты. Тіпті, жерді кепілге қою туралы сол жылдарда «жиналыстар» өткені жайлы құжаттар әзірлепті. Бірақ қағаз жүзінде жиналыс болғанымен, шын мәнінде ауылдағы ешбір адам бұл жиындарға қатыспаған. Сөйтіп, ауылдағы ағайын бұл былықтан еш хабарсыз жата берген. Мәселе тек былтыр қарашада ғана белгілі болады. Өзінің айыбын «жуып-шаймақ» болған кәсіпкер мұндағы жердің кепілге қойылып кеткенінен «еш хабары жоқ» «Ұлы дала» компаниясының басшысын алып келді. Ал ол халықты «алтынмен апта, күміспен күптейтінін» айтқанымен, іс жүзінде одан сайын жұтай бастаған. Қазір бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сот процестерінде қаралып жатыр», – дейді аталған ауылдағы пайшылардың адвокаты Айгүл Қалқаманова.Астыққа толы қырман мен МТМ-ны жауып тастады
Тұрғындардың айтуынша, «Жер Ана» ЖШС-нің шақыруымен келген жаңа «инвестор» «Ұлы дала» серіктестігінің иесі Бахыт Құсайынов ауылдағы қырманды, МТМ-дың барлығын құлыптап жауып, мөр басып тастаған. «Бізді маңайына жолатпай, тіпті құқық қорғау органдарына хабарласатынын айтып қоқан-лоққы көрсетеді. Жеріміздің ендігі тағдыры не болатынын білмейміз. Біздің жерден басқа ештеңеміз жоқ. Ауыл жұрты жылдар бойы жер ешқандай пай үлесін де, тіпті жалақыларын да ала алмады. Тек өткен аптада ғана осы дау туындаған соң былтырдан қалған жалақыларымызды аударды. Жауып тастаған қырманның ішінде қаншама бидай жатыр. Міне, егін себетін уақыт та келіп қалды. Ал біздің «инвесторларымыз» осындай былықтарды жасап жүр. Өзін бір жылдан бері еш ұстай да алмай жүрміз. Мүлдем ұстатпайды. Халық, тіпті қазір екіге жарылып, бірі-бірімен сөйлеспей, әкесі мен баласы бір-бірімен аралары бұзылып жатқан жайы бар», – дейді Қаратал ауылының белсенді тұрғындарының бірі Орайхан Тәжин. Сөз алған ауыл тұрғындары да осыған үндес сарында сөйлеп, мәселенің бүге-шігесін баян етті. Жиналыс барысында жұрт осы жолы жиынға қатысқан «Жер Ана» серіктестігінің басшысы Қанат Ерболовқа дүрсе қоя берді. «Қолдағы бардың бәрін саттың. МТМ-ны, қырман тоғын бәрін сатып жібердің. Халықты алдап, жер кепілге қойылғанын да айтпадың. Енді сүттен ақ, судан таза болғың келеді», – дейді Орайхан Тәжин.Әкім: Барлығы заң аясында шешілуі тиіс
«Әрине, айтуларыңыз орынды. Бұл жерде барлығы заң аясында шешіліп, кінәлілер жазаларын алуы тиіс. Жерді сатып алдық деп олар жалған айтып отыр. Өйткені, ол жерлер де, өндірістік нысандар да олардың атына тіркелмеген. Барлық жағдайды бақылауға аламыз. Біз халықтың жағындамыз. Көтерілген мәселелерді аудандық полиция бөліміне, прокуратураға арыз түрінде заңгерлеріңіз беруі тиіс. Қырман мен МТМ ғимаратын мөрлеп жауып тастағаны заңсыз болса, оның бәрін полиция қызметкерлері алдағы уақытта толықтай қарастырады. Біз де мәселенің заң аясында толықтай шешілгенін қалаймыз. Дегенмен қандай инвестор келсе де елдің пай үлестері мен жалақылары толықтай берілетінін ресми түрде мәлімдеймін», – деді Айыртау ауданының әкімі Дархан Әмрин. Сонымен, жиын бойы даурыққан жұрт айғайға басып, мыңдаған гектар жерінен айырылып қалмау мәселелерін барынша талқыға салды. Ал мәселені түгел зерттеп, талдаған заңгер Айгүл Қалқаманованың айтуынша, таласқа түскен жерді өз меншігіне айналдыруға бірнеше компания мүдделі. «Ауылдағы пайшылардың кепілге қойылып, кейін қайта сатылып жүргенінен аудан әкімдігі толығымен хабардар болған. Бірақ оны тоқтатуға еш әрекет жасамаған. Ал дәл қазір бұл жерге Aizet Farms, жеке кәсіпкер Ғаббасов және «Ұлы дала» атты бірнеше компаниялар мен жеке кәсіпкерлер таласып отыр. Әрине, пайшыларға жердің пайларын беріп, егін егіп, үлестерін беретін, жалақыларын уақытында аудара алатын серіктестік керек. Мәселе бойынша әлі де бірнеше мәрте сот отырысы болмақ», – дейді заңгер Айгүл Қалқаманова. P.S.Сонымен, қос бірдей жиын өткізілсе де тараптар ортақ шешімге келе алмады. Жергілікті атқарушы орган даулы жағдай тек сотта шешілуі тиіс екенін алға тартты. Бірақ қараша халықтың мұнымен мәселесі шешіле ме? Ауыл тұрғындары күрделі мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауына алып, Үкімет және тисті министрліктің жер комитеттері мәселені толықтай зерттеп, шара қабылдауын қалап отыр. Істің қашан толықтай аяқталып, ауыл жұртының алақандай жерінің тағдыры қалай шешілетіні әзірге белгісіз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ Ақмола облысы