26 сәуірден бастап елімізде QazVac вакцинасы өңірлерге жеткізілді. Алдымен Алматы қаласы 6 мың дозаны қабылдап алды. Емханаларда вакцина салуға арнайы бөлме ашылып, азаматтар отандық өнімге сенім білдірді. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында QazVac вакцинасын егуге өтінім көп түседі екен. Шетелдік басылымдар да аталған вакцина туралы оң көзқарас білдірген.
QazVac мутацияланған вирусқа төтеп бере алады
Жалпы, еліміздің әрбір жиырмасыншы тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Олар отандық вакцина мен «Спутник V» арасында таңдау жасай алады. Сол үшін ауруханаларда, сауда орталықтарындағы бөлімдерде QazVac вакцинасына арналған егу бөлмесі ашылды. Профессорлар мен жауапты қызметкерлер көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап табу үшін барынша мәлімет таратып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, екі компонентті QazVac вакцинасының тиімділігі клиникалық сынақтардан кейін 96%-ды көрсетті. Осыдан кейін ел арасында отандық өнімге сенім білдіріп, аталған екпені салдыратындардың саны артты. Сонымен, QazVac вакцинасының қандай ерекшелігі бар? Сіз бен біздің «Спутник V»-дің векторлы вакцина екенінен хабарымыз бар. Жасалу технологиясы бойынша адамға иммунитет қалыптастыруға көмектеседі. Ал QazVac вакцинасы – белсенділігі жойылған вирустан жасалған вакцина. Бұл вирусқа қарсы екпе дайындауда ежелден қолданып келе жатқан тәсіл. Мамандар да мұның маңызы бар екенін айтады. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті індетті аурулар зертханасының меңгерушісі вакцина тиімділігін ретімен түсіндіріп берген-ді. Лесбек Құтымбетовтің айтуынша, инактивтендірілген вакцина жасауда бірінші кезекте аурудың қоздырғышын бөліп шығарған. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, вирустық массаны залалсыздандырған. Осылайша, 3 кезеңде жоғары деңгейде тазарту жұмысы жүрген. Бұл не үшін керек десеңіз, вирустық массаның ағза жұмысына кедергі келтірмеуі үшін қажет. Тазарту жұмысы біткен соң химиялық жолмен жансыздандырылған бөлшек қалады. Бұл өз кезегінде адъювантпен араласып, ағзадағы иммундық жүйені жандандырады. Айта кетерлігі, вакцинаның мұндай түрі ағза үшін барынша қауіпсіз. Кәдуілгі вирустың құрамындағы бөлшектердің бәрі өлгендіктен, вакцина иммундық жүйеге тұтас күйінде жетеді. Соның ықпалымен ағзадағы антидене қуатты болады. Қазір отандық вакцина клиникалық сынақтың III кезеңінен өтіп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, III кезеңнің ортан беліне жеттік. Алдағы 90 күнде сынақ толығымен аяқталады. Осы жерде «сынақ толығымен аяқталмай жатып, қолданысқа енгізгеннен қауіп жоқ па?» дейтін сұрақ туады. QazVac вакцинасы алғашқы сынағына 44 адам қатысып, артынша қауіпсіз екені дәлелденген. Сынақ барысында вакцина қабылдағандардың ішінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен профессор Лесбек Құтымбетов бар. Ал екінші кезеңінде отандық вакцинаны 200 адам салдырған. Кейіннен еріктілердің қан талдауынан оларда антидене пайда болғаны, тұрақты екені анықталған. Пайызбен есептесек, 50-ге дейінгі тұлғаларда тиімділігі 89% болса, 50 жастан асқандарда 81%-ды көрсеткен. QazVac вакцинасының тағы бір ерекшелігі сақтау температурасында жатыр. Мәселен, «Спутник V» вакцинасын тасымалдау үшін -18-20 градусты ұстап тұратын арнайы мұздатқыш қажет. Ал отандық екпені +2+8 градус аралығында сақтауға болады. Одан кейін вирустың мутацияланған түріне қатысты бар бірнеше сауал тууы мүмкін. Мәселен, профессор Сәкен Әміреев инактивтендірілген вакцина толығымен вирионнан жасалғанын және онда ақуыздардың барлық спектрі сақталғанын атап өтті. Сондықтан вирустың мутацияланған түрінде QazVac вакцинасынан кейін қалыптасқан антиденелер вирусты танып, оны залалсыздандырады. Яғни, аталған екпе вирустың кез келген мутацияланған түріне төтеп бере алады.Шетелдік басылымдар не дейді?
Әлемнің бірқатар басылымы QazVac вакцинасы туралы мақала жариялады. Мысалы, Норвегияның Steigan.no ақпараттық-сараптамалық порталы екпенің дайындалу процесін тәптіштеп жазған. Вакцинаның дәстүрлі технологиямен өндірілгенін, бірқатар ерекшелігін атап өткен. Маңызды элемент ретінде екпені сақтау үшін ең төмен температура қажет емесін, тоңазытқыштағы қалыпты температура жеткілікті екенін жазған. Мұның көпшілікке, соның ішінде кедей мемлекеттер үшін қолжетімді болатынын айрықша нұсқаған. Отандық вакцина туралы ақпарат бергендердің ішінде Ұлыбритания, Франция, Испания елінің әйгілі басылымдары да бар. Атап айтқанда, The Guardian, Le Figaro, EUreporter, Euroactive, Anadolu, Mena, TACC және тағы басқалары. Сондай-ақ ТМД елдерінің, Азия, Еуропа, Таяу Шығыстың ұлттық және жергілікті басылымдары да матерал жариялап жатыр. Мысалы, The Guardian басылымында ақпарат 26 сәуір күні шыққан. Ақпаратта бастапқыда вакцина атауының QazCovid-in деп аталғаны, кейіннен QazVac деп өзгертілгені жазылған. Ел ішінде 50 мың дозасы өңірлерге жеткенін, оны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында дайындалғаны көрсетілген. Еліміздегі коронавирус жұқтырған адам саны мен қайтыс болғандар саны жайында да ақпарат берген. Денсаулық сақтау министрінің вакцина салдырғанын, Үкіметтің вакцина дозаларын көбейту үшін Түркиямен келіссөз жүргізуге кіріскенін атап өткен. Франция басылымы Le Figaro таратқан ақпарат мәтінде де жоғарыдағы мәлімет қамтылған. Ал Индонезияның republika.co.id порталындағы мақалада Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған бесінші мемлекет екеніне баса назар аударған. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың алғашқылардың бірі болып отандық өнімді қолдағаны да тілге тиек болған. Швейцарияның swissinfo.ch басылымы еліміздің вакцина жасау үшін клиникалық сынақты өткен жылдың мамырында бастағанына ерекше тоқталған. Зерттеулердің 96% тиімділік көрсеткенін, алдағы уақытта ай сайын 500-600 мың доза вакцина өндіру жоспарланғаны туралы хабарлаған. Қай басылымды алып қарасақ та, тиімді тұстарын айтып, оң пікір білдірген. Мамандар да пандемиямен күресте қандай вакцина болмасын пайдасы барын атап өткен. Әлемдік ақпарат көздері Қазақстанның өз аумағында «Спутник V» вакцинасын шығарып, QazVac вакцинасын егуді бастағанын коронавируспен күрестегі нық қадам деп отыр.Вакцина паспорты сатылып жатыр ма?
Вакцина туралы мәлімет берген соң осы ақпаратқа да тоқталғанымыз жөн. Өйткені «Алматыда вакцина паспорты сатылып жатыр» деген ақпарат қоғамда толқу тудырды. Қаладағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы электронды паспорт сату жайында деректі тексеріп жатыр. Басқарма барлық медициналық ұйымдар, ақпараттық жүйелер мен мәліметтер базасы тексерілетінін хабарлады. Егер бұл ақпарат расталатын болса, заңнамаға сәйкес іс құқық қорғау органдарына жіберіледі. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұған «Еуразия» телеарнасы жасаған сюжет дәлел бола алады. Сюжетте арна журналисі арадағы делдалмен келісіп, жеке куәлігі мен мекенжайы туралы мәліметті мессенджерге жіберетіні таспаланған. Артынша журналист паспорт құнын сұрайды. Делдал вакцинаның екі дозасын алғаны туралы паспорт 15 мың теңге тұратынын айтады. Нақтылау мақсатында қойған «eGov порталынан вакцина алғаным туралы мәлімет шыға ма?» деген сұраққа делдал «осыған дейін паспорт жасатқан тұлғалардың құжаттарын жібере аламын. Вакцинаның бірінші сатысын бүгін, екіншісін 18 мамыр салдырды деп жазамын. Содан кейін порталда вакцина паспорты шығады» деп жауап берген. Вакцина паспортын сатып алу бағасы қаладағы емханаларға байланысты өзгереді-міс. Арна таратқан ақпаратта, баға 5 мың мен 25 мың теңге аралығында деп көрсетілген. Ал паспортқа қол жеткізгісі келетіндер шетелге еркін саяхаттауды, жұмыста вакцина салдыру жайы қозғалмағанын қалайтын тәрізді. Одан кейінгі нұсқа – халық вакцинаның тиімділігіне сенбей, бойын ала қашады деген сөз. Мамандар пандемиямен күресте қоғамдық иммунитет қалыптастыру керегін жиі айтады. Елімізде қоғамдық иммунитет пайда болу үшін халықтың 60%-ы екпе салдыруы тиіс. «Екпе салдырғандар қоғамдық орында медициналық бетперде кимей жүруіне болады» дейтін жігерлендіру амалы қарастырылып жатқан сыңайлы. Өйткені АҚШ-та вакцина салдырғандар көшеде бетперде тақпаса да болады. Десе де амалға қарай әрекет етуді емес, денсаулықты сақтауды ойлаған дұрыс-ақ.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ