Қанатты сөз. Қарымды ой
Қанатты сөз. Қарымды ой
282
оқылды

Нұртөре Жүсіпті мен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан білемін.

Ойы қағылез, қаламы жүйрік журналистің жазғандарын мерзімді баспасөз беттерінен жиі оқып, риза болатынмын. Өміріміздегі әр алуан оқиғаның табиғатын танып, жаратылысын ашуға бейім, сөз дейтін киелі де қасиетті әлемге үлкен жауапкершілікпен қарайтын осы бір «орда бұзар отызды» енді-енді ауыздықтай бастаған жас жігітпен жақсы танысуыма «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке келуім себеп болды.

Дүние дүбірден құлағы тұнып, әлем әрі-сәрі күй кешіп, еліміз жаңадан ғана тәуелсіздіктің ақжол толқынына желкенін жайған тұс...

Бас газет босағасын осындай күрмеуі қиын күрделі кезеңде аттаған жаңа редактордың алдында тұрған мәселе көп болды... Күні кеше ғана «әлемнің алтыншы бөлігі» атанған алып империяның құрамынан тағдырдың оң жазуымен қансыз, соғыссыз бөлініп шыққан Қазақстанның ақпарат кеңістігінде көзге көрінбейтін жұмбағы мол майдан жүріп жатты.

Ол жаһандану дейтін ғаламдық сипаттағы жұмырбасты пенделердің жүрегінде, ой-санасында басталған майдан еді!

Ол жаңа қоғам қалыптаса бастаған тұстағы саяси, рухани және экономикалық дербестік үшін ұмтылған елдің егемендік майданы еді!..

Жасыратыны жоқ, бұл «майданда» «қызыл империя» құрсауынан жаңа құтылған «ескімен» толық қоштасып үлгермеген, «жаңамен» әлі ұғысып, та­быса қоймаған елдің ақпаратын ұстап отыру оңайға түсе қойған жоқ. Нарық әлекедей жаланып, өмірімізге ендеп ене бастаған осындай алмағайыбы мол кезеңде көзі ашық, көкірегі ояу қалам­герлердің орны айрықша еді. Қоғамның журналистиканы «төр­тінші билік» деп бағалағаны да осы тұста болатын. Осындай аса қиын да күрделі кезеңде қазақ баспасөзіне еліміздің ішкі жағдайы мен сыртқы геосаяси ахуалын мықты білетін тілі жүйрік, ойы қағылез, жаны таза, жүрегінің оты мол, қазақша сөй­лейтін, қазақша түс көретін «көкпаршы жігіттер» – нағыз журналистер керек болды. Қазақ елінің тәуелсіздігін шы­найы кәсіби журналист ретінде қорғай білетін, еліктеу мен солықтаудан ойын да, бойын да аулақ ұстайтын өз «төртінші билігімізді» қалыптастыру қажет екені күн тәртібінде тұрды. Міне... Нұртөре мен Нұртөрелердің қатары, олардың өкшебасар шәкірт-інілері ақпарат майданына осындай кезде келіп кірді. Нұртөре Жүсіп тәуелсіздік дәуірі тұсауын кескен қанатты қалам­гер­леріміздің қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан, толықтырған сондай «төр­тінші биліктің» талантты өкілі бола білді. Ол өміріміздегі өткір пробле­малардың қай-қайсысын да қалт жі­бермеді. Оның қалғу білмейтін қаламы төрткүл дүниеде болып жататын үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты оқиғалар мен өзгеріс, жаңа­лықтарды тез көріп, тез қорытты. Әрі қысқа, әрі нұсқа жазу үлгісін қалып­тастырды. Бүгінгі ұрпақ бірін білсе, бірін білмейтін 90-жылдардың ел санасын әбігерге салған шындықтары ұмытылып бара жатқаны өкінішті, әрине... Соның бірі – нарық. Даму мен өрістеудің жаңа сатысына өткен тұстағы көп жұртқа жаратылысы түсініксіздеу «нарық», «нарықтық қа­тынастар» дейтін ұғымдарды түсіндіру қажет болды. Сол қажеттілікті атқару, жаңа экономикалық қарым-қатынас­тарды елге түсіндіру мәселесі қиынға соқты. Тұңғыш Президентіміздің сө­зімен айтқанда, «осыған дейін фор­мациялық даму реті феодализмнен – капитализмге, капитализмнен со­циа­лизмге өтуді басынан кешіп келген алып кеңістік алғаш рет адамзат та­ри­хында социализмнен капитализмге бетін кері бұрды». Жер-жерде, ауыл-ауылда сұрақ көбейді. Соның бәріне жауап беру мін­деті алдан шықты. Бірте-бірте та­раған шаруашылықтардың кес­кіні өзгерді. Жасыратыны жоқ, халық жоқ­шылық пен таршылықтың қорығына келіп қа­малды. Экономикалық қиын­дықтар әлеуметтік сипат ала бастады. Қиналған ел газетке, газет арқылы мемлекет басшысына сенім артты. Ержұман Смайыл, Нұртөре Жүсіп, Мыңбай Ілес, Ербол Шаймерденов, Жанат Елшібек секілді басшылық құрамда жұмыс істеген ұлттың бас газеті осындай өмір, заман, уақыт шын­дығымен бетпе-бет келді. Содан шы­ғудың жолын іздеді. Мен «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезімде Нұртөре экономикалық мә­селелер жөніндегі орынбасарым болды. Біз сол тұста ел газеті «Егеменді» «ха­лықтың көзі, құлағы һәм тілі» ету ба­ғытында бірлесе жұмыс істедік. 1996 жылы мен Жазушылар одағына төраға болып кеттім. Нұртөре республикалық жастар басылымы «Жас Алаштың» бас редакторы қызметіне ауысты. «Жас Алашта» қызмет еткен кезеңде Нұр­төренің қаламынан небір өткір дү­ниелер туды, өзі де газет басшысы ретінде нарық қиындықтарына шырмалған газетті аз уақыт ішінде түрлендіріп, басылым шаруасын дөңгелетіп әкетті. Шынтуайтына келгенде...

Нұртөре Жүсіп тәуелсіздік дәуірі тұ­сауын кескен қанатты қалам­гер­леріміздің қа­тарын сапалы тұрғыдан молайтқан, то­лықтырған сондай «төр­тінші биліктің» талантты өкілі бола білді. Ол өміріміздегі өткір пробле­малардың қай-қайсысын да қалт жі­бермеді.

Нұртөре Жүсіптің қаламгерлік және ұйымдастырушылық қабілеті «Егеменде» ел әлеуметі мен эконо­мика, қаржы-қа­ражат мәселелерін қозғайтын «Қа­зақстан», «Ел» деген арнайы қо­сымша газеттер шығарылған тұста анық байқалған еді... Сол кезеңде оның «Оймақтай ой» деген айдар ашып, кейбір әріптестеріміз салақұлаш ма­қалаға арқау етер өмірлік шындықты небәрі үш-төрт сөйлемге сыйғызып, қысқа да нұсқа қалыпта жазатын еді. Экономика мәселелерін қазақы қа­лыпта, кеулеп, үңгіп, зерттеп, зерделеп жазатыны да маған ғана емес, әріп­тестеріне де, қалың оқырмандарына да ұнайтын. Сол еңбегі үшін ол Қа­зақстан Президентінің сыйлығын алды. Мем­лекетіміздің басшысы, Ел­басы Нұр­сұлтан Назарбаев Нұртөре Жүсіптің қаламгерлік қабілетіне жоғары баға берді. Нұртөренің айтылған басы­лым­дардағы журналистік шебер қолтаң­басы республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетіне басшылыққа келгенде де айқын байқалды. Ол осы газеттің бірінші бетінде қазақ қоғамының небір күрделі, күрмеулі мәселелерін атқан оқтай, жанған шоқтай жазбаларымен көтеріп отырды. Өз кезінде қатарынан бірнеше нөмірде «Ең арзан бас қайда?», «Үйде үзілетін ұлт», «Бордай тозған борбай», «Қазақтың төрі – Қорқыттың көрі», «Өлген итті өлтіріп көрдіңіз бе?», «Қайда құймақұлақ?», «У іше аласыз ба?» деген тақырыптарының өзі айқайлап айтып тұрғанындай, ұлт намысы мен рухын қайраған өткір де өзекті мақалалар жазды. Соның қай-қайсысы болса да өмірмен өзектес, уақытпен үндес, мәні мен мағынасын жоймас үздік мақалалар. Иә... Сөз – ойдың көрінісі. Ойың анық па? Сөзің де ажарлы, әділ болады. Осы орайда бас газетте жүргенде өзім байқаған, көңіл жеткен бірер жайт есіме еріксіз түсіп отыр. Біріншісі... Нұртөренің ақиқаттан аттамайтын сөз алдындағы адалдығы. Ол «Егеменнің» бетінен ғана емес, жалпы кез келген қазақ басылымынан ел құ­лағын елең еткізер бір жаңа, жақсы дүние оқыса, өзі жазғандай балаша қуанып, пікірін білдіріп, ойын бөлісетін. «Аға, мынау бір ескеретін нәрсе екен...», «Мына проблемаға мән беруіміз ке­рек!..», «Қазақтың тағдыры – біздің тағдырымыз!..», «Халық аман болса, біз аманбыз...», «Тілі жетім, ойы кедей         елдің ертеңі жоқ...» секілді ойларды сол кездің өзінде көп айтатын. Және... Ретін келтіріп, әлгі «Оймақтай ойға» салып жіберетін... «Елдің көзін ашпай, тұрмыс түзелмейді...», «Халыққа өзі отырған бұтақты кескізбеуді үйретуіміз керек!» секілді сөздері есімде қалыпты... Сол тұста қатардағы қарапайым оқырманнан бастап биліктің ең жоғарғы жағына дейін жеткен «Қазақстанда аштық бола ма, жоқ па?» деген арқаны аяз қауып өткендей естілер сауалнамамыз еске түседі. Мен редактор ретінде елдің айылын жыйғызар ащы ақиқатты ашып айтуды ұсындым. Нұртөре: «Ой дұрыс. Ақиқатты айту үшін Мұрат ақынның тілімен «Қауып еткеннен айтамыз...» деген сөзімен айдар берсек», – деді. Маған ұнады. Нұртөренің тақырыбына тоқтадық. Ел намысы мен жігерін қамшылайтын біраз ащы, өткір мате­риалдар жарық көрді. Оқырман көңі­лінен шықты. Екіншісі... Нұртөренің үлкенді сыйлап, кішінің қабағын таныр әділдігі, досқа адалдығы. Осының өзінен қа­ламгердің білімі мен білігі, парасаты мен пайымы, «ала жіп аттамас» аза­маттық бітімі аңғарылады. Төркінінде ұлты­мыздың ұлық қасиеттерімен қатар жалпы адамға тән адамзат баласына ортақ үлкен мәдениеттілік жатқан осынау кең мінез оның жаратылысынан ба деймін. Тура сөйлеп, ойын бүкпесіз тура айтуы да сол азаматтығы мен мә­дениеттілігінен бастау алып жатқаны күмәнсіз. Нұртөренің бойындағы егіз қозы­дай жарасқан осы бір екі қасиет оның қаламгерлік мінезін танып, тұлғалық болмысын бағалауға мүмкіндік береді. Сайып келгенде, бұл – қаламгер, қайраткер, үлкен ұйымдастырушы, көсемсөздің хас шебері, тәуелсіздік дәуі­рі шыңдаған тұлға туралы берік қалып­тасқан көзқарасым. Нұртөре хақындағы ойларымды та­разы басына қойып отырып, тілімнің ұшына қонақтай берген ендігі бір қыры – сөйлеу шешендігі. Оның бойында мұндай қасиеттің барына бұрын да сан мәрте көзім жеткен. Ойының өзгешелігі мен сөз жүйелеу, сөйлем құрау өзге­шелігіне ризалық сезіммен талай қол соққан сәттерім есіме түсіп отыр. Қаламгер-әріп­тесіміздің мінбенің апшысын қуырып, маң даланың апай төсін кезіп келе жатқан сәйгүліктей оза шапқан сәт­терінің ішінен айрықша есімде қалған біреуі жады төрінде жаңғырды. Ұлт намысына қамшы басқандай болған жылқы мен қазақтың егіздігі туралы көсіле сөйлеген, заман концепциясын арқалаған ұлтқа, ұрпаққа ой салар ауызекі, суырыпсалма сөзі, шіркін, көп болса ғой... деп едім сонда іштей. Бүгін де іні туралы сөз толғап отырып, сол сәт көз алдыма келді.

Нұртөренің айтылған басы­лым­дардағы журналистік шебер қолтаң­басы респуб­ликалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетіне басшылыққа келгенде де айқын байқалды. Ол осы газеттің бірінші бетінде қазақ қоғамының небір күрделі, күрмеулі мәселелерін атқан оқтай, жанған шоқтай жазбаларымен кө­теріп отырды.

Иә... Журналист Нұртөре Жүсіптің өз және өзге де тұстастарынан ерекшеленіп тұратын бір қасиеті кез келген мәселені көркем ой, кестелі тілмен жеткізе бі­луімен қатар, көтерілген мәселенің шешімін көрсететін нақты ұсыныстар айта білетіні дер едім. Мәселені көтеру, жазу, айту бар да, оны қалай шешу қажетін дұрыс және дер кезінде көрсете білу деген бар. Осы жағынан келгенде журналист-публицистің қатардағы көп жазарманнан ойы да, бойы да озық тұрғанын айту керек. Бұл сөзімізге дәлел іздесеңіз, автордың «Мың құмырсқа және Біз» деген кітабын асықпай, ап­тықпай зер салып, зейін қойып оқыңыз. Қаламы жүйрік қаламгердің бұл пуб­лицистикалық жинағы оқыған адамын ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Кітапта ұлт өмірінің кең панорамасы бар. Екі ғасыр тоғысындағы қала мен даланы қанат еткен ежелгі Алаш­ жұр­тының жаңа дәуірдегі күнгейлі, кө­леңкелі мінез-құлқы, жоғалтқаны мен тапқаны, өткені мен бүгіні, асылдары мен жасықтары қатар өріледі... Бұл – арысы мен ғарышын, алысы мен жақынын безбендеген жанның жүрек соғысы екені даусыз. Уақыт алға озған сайын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойымен жеткізер болсақ, қазақ үшін тәуел­сіз­діктен ардақты, тәуелсіздіктен қымбат ұғым жоқ екенін сезіне түсудеміз. «Мың құмырса және Біз» дейтін кемел ой мен келелі мақсаттарға же­телейтін, әрі көркем, әрі танымдық си­патта жазылған қалың кітаптың маңызы мен мәні де тап осындай қасиетті де қастерлі ұғымды ұлтымыздың Темір­қазығы етіп ұстағанында жатыр. Кі­таптың өне бойынан ой-санасын ел ертеңі алаңдататын, өткеннің бай тарихы мен бағлан тұлғаларын тануға, талдауға деген перзенттік ықылас менмұндалап тұратын шығармашыл, қайраткер-қаламгердің болмыс-бітімін қапысыз танимыз. Өмір мен қоғамдық ортадағы ұлт пен ұрпақ тағдырына бейжай қарай ал­майтын ақжүрек, адал, көпшіл, қо­ғамшыл, халықшыл Нұртөрені оның жазуынан, қаламынан туған әр сөзінен бөле-жара қарауға болмайды. Кітап пен қағаз бетінде ой толғаған Нұртөре мен өз ұстанымын жасырып-бүкпей, ашық, айқын айтатын өмірдегі, қызметтегі редактор, сенатор Нұртөре біртұтас. Осы мінезі оны достарының, әріптестерінің, ағайын-туыс, іні-шәкірттерінің ара­сында құрметке бөлеп келеді. Бір сөзбен айтқанда, мен білетін Нұртөре – қазіргі қазақ қоғамынан өз орнын өз мінезімен ойып алған Алаш ­тұлғалы азамат. Біз жаһандану заманы алып келген қиындықтар кеңістігінде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Бүгінгі алты құрлықты азап пен қайғының қорығына қамаған «ковид кезеңі» де сол жаһандану дейтін сұрапыл мінезді жұмбақ дәуірдің бір көрінісі. Құндылықтарымыз бен көпғасырлық рухани игіліктеріміздің басына қара бұлт төне бастағаны бәрімізді алаңдатады. Әрі-беріден соң әлемді «бір тізгін – бір қолда ұстауға» бағыттайтын жобаларды естігенде арқаңды аяз қауып өткендей боласың. Ұлт болмысын ұйыққа салу, ұрпақ санасын ұлттың көп ғасырлар бедерінде қалыптасқан үлгілерінен адас­тыру, тұма-бастауларын тұншықтыру мақсаттарында жүріп жатқан сұрапыл күреспен қаламгер, қайраткер, ұлт­жанды, көсемсөзші Нұртөре де бір сәт бойын аулақтатқан емес. Ол ұлтты, ұлттың ұлы құндылықтарын көзінің қарашығындай көреді. Аза­маттық ұстаным дейтін майданның алдыңғы сапынан көрініп, желдің өтінде жүреді. Нұртөре мінбеден сөйлеп, ойын ор­таға салса да, өзі басқарған, қызмет еткен басылым беттерінде адам, заман хақында серпіліп, үлкенді-кішілі мақа­лалар жазса да дәуірдің, қоғамның, ең бастысы ұлттың тамыр соғысын дәл тауып ұстайды. Нұртөре шығар­ма­шылығы біз өмір сүріп жатқан кез­еңнің кескіні мен мінезінен, сұрақ-сауалы мен жауабынан тұрады. Қара­пайым өмірлік мысалдан ой қорыту, түйін түю, бір сөзбен айтқанда, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айту арқылы оқыр­маны мен тыңдаушысын, көрермені мен безбендеушісін ұлттық ойлау кеңістігіне жетелейді. Әдеп пен әдіп дейтін хал­қымызбен ес білгелі бірге жасасып келе жатқан өрелі ой өрнекті мінезді серік етіп айтады өз айтарын. Соған көз жеткізу үшін астарлы ой мен бейнелі сөзге құрылған «мың құмыр­сқаның тағдыры» мен «Біздің», яғни қазақ жұртының болашағын сөз ететін үш беттік мақаланы қайыра оқу артық болмас еді. Қазір өзінің бойында бар туабітті қасиеттеріңді осы жолға ақылмен, па­расатпен, үлкен ұстамдылықпен ба­ғыттаудан асқан үлгі жоқ. Күштіні әлсіздің ала алмайтыны ежелден белгілі. Бірақ күресу, сақтана жүріп, сабырға бойұсыну, намыс дейтін алмастың өткір жүзін майы­рып алмай, тіліңді, діліңді, дініңді, жеріңді, еліңді сақтау үшін өмір атты майданның өтінде жүру – парыз! Ұрпақты замана талабына сай тәр­биелеу парыз! Ұлтқа, ұлт тұтастығына елдік қа­лыбымызды бұзбауға қызмет етуден үлкен міндет жоқ! Міне... Мен білетін Нұртөре Жүсіп – қа­зақ­тың елі мен жеріне осындай өлшеммен бойында барын арнап келе жатқан қа­натты сөз бен қарымды ойдың иесі!