Атырау – өркендеген өңір
Атырау – өркендеген өңір

Ұлан-ғайыр қазақ даласының әр өңірінің өз орны, өз тарихы, өрнегі бар. Солардың қатарына Атырау облысы да кіреді. Бей­ресми түрде «қазақ мұнайының астанасы» атанған өңір тәуелсіз Қазақстанның еңсесін тіктеп, етек-жеңін жинауына теңдессіз үлес қосты. Тіпті, Атырау шетел инвесторлары қадам бас­қан ал­ғашқы өңірлеріміздің бірі еді. Бүгінде өңір тұтас Қазақстанмен бірге гүлденіп, дамып келеді. Бұл – тәуелсіздік жылнамасынан өзіндік орын алатын өлкенің жетістіктерінің бірі ғана.

Күрделі кезеңде мұнайға арқа сүйедік

Биыл Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл. Азат елдің дамуына әр аймақтың қосқан үлесі зор. Дегенмен еліміздің дамуында Атырау облысының орны бөлек. Өңірдегі мұнай қоры тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуға мол мүмкіндік берді. Алғашқы инвесторлар да Атырауға келді. Солардың қатарында «Шеврон» корпорациясы бар еді. 1993 жылдың 6 сәуірінде Алматы қаласында Нұрсұлтан Назарбаев пен Кеннет Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы 40 жылдық келісімшартқа қол қойды. Әлемдегі аса ірі кен алаңдарының бірін жайғастыру жобасын жүзеге асырудың іргетасы қаланды. «Ғасыр келісімшарты» деп аталып кеткен осынау тарихи құжатқа қол қойғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күн – Қазақстан экономикасы үшін де, «Шеврон» үшін де тарихи күн. Рес­публика іс жүзінде ірі капитал салымдарын тартып отыр, сөйтіп сол арқылы әлемдік бизнеске өзара пайдалы негізде онымен жұмыс істеуге ниеті бар екенін көрсетіп отыр» деп мәлімдеді. 1992 жылы Қазақстан, Ресей және Оман үкіметтері Каспий құбыр консорциумын (КҚК) құру туралы құжаттарға қол қойды. Ол Теңіз –Новоросийск мұнай құбыры арқылы Теңіз мұнайының әлемдік нарықтарға экспортқа шығарылуын қамтамасыз етуге тиіс болды. Осылайша, Қазақстанның орасан зор мұнай алыбының және жалпы ел экономикасы дамуының жаңа кезеңі басталды. 2007 жылдың аяғына қарай компанияның жалпы активтері 10,5 млрд долларды құрады. 2020 жылы «Теңізшевройл» компаниясы 26,5 миллион тонна шикі мұнай өндірді. Мемлекетке тікелей қар­жылық төлемдер 6,6 миллиард доллар болды. «Теңізшевройлды» кеңейту жобасы іске асырылғанда аталмыш компания 2023 жылы өндіруді 12 миллион тоннаға дейін арттырады. Бұл жылына шамамен 39 миллион тонна болады деп кү­тілуде. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында заманауи қайта жаңғырудан өткен кәсіпорынның бірегейі – «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС. Ол – еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыттарының бірі және ең ежелгісі. 2003 жылдан бастап зауытты қайтадан жарақтау жұмыстары басталды. Бұл науқан «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясы мен «Марубени Корпорейшн»  компаниясының арасындағы нысанды «толығымен дайын» күйде 2006 жылы тапсыруға міндеттелінген келісімшартқа сәйкес жүргізілді. Зауыт қайтадан жарақтанғаннан кейін оның өңдеу тереңдігі 92 пайыз­ға жетіп, зауыт АИ-95 автомобиль бензинін Еуро-2005 стандартына сәйкес өндіруге және қыс­тық дизельдік отынды қоспалар қоспай-ақ шығаруға қол жеткізді. Сондай-ақ «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС хош иісті көмірсутегі кешені жобасын сәтті аяқтады. Жобалық қуаттылығының жылдық көлемі 133 мың тонна бензол, 496 мың тонна параксилолды құ­раған жоба Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мұнай-химиялық кешендерді құрастыру іс-шаралар жоспарының шеңберінде жүзеге асырылды. Осылайша, Елбасының мұнай өнімдерін көбейту, оны ұтымды игеру тапсыр­масы орындалды. Хош иісті көмірсутегі жобасының сәтті аяқталуының елімізде болашақта жүзеге асатын мұнай-химия саласы үшін маңыздылығы өз алдына.

Балығы тайдай тулаған...

Атырау өңірі ТМД елдері мен алыс-жақын шетелдерге бағалы бекіре тұқымдас балықтарымен танылғаны сөзсіз. Тәуелсіздіктің таңымен балық кәсібі де дамудың сара жолына түсті. Аймақтағы «Жайық-Атырау бекіре» мен «Атырау бекіре зауыты» жыл сайын 7 млн шабақ өсіріп, Жайық пен Қиғаш өзендеріне, Каспийге жібереді. Бүгінде аналық балықтардан уылдырық алу оң нәтижесін беріп келеді. Caspian Royal Fish кәсіпорны тауарлы балық пен азықтық уылдырықты экспортқа шығарады. Жалпы, ауланған балықтардың жыл сайын жеті тоннаға жуығы Ресей, Украина, Әзербайжан мен Израиль елдеріне экспортталады. «Амангелді» балық шаруашылығы балық өнімдерін қақтап, ыстап, оны тауарлы маркілі қораптарға салып, елімізде және ТМД елдеріне экспорттауда алдыңғы қатарда келеді. Сонымен бірге Атырау өлкесі мал шаруашылығына қолайлы аймақ ретінде де танылған. Әрине, Нарынның құмында бұрынғыдай мыңғырған мал өсірген малшы жоқ шығар, алайда шаруа қожалықтарын құрып, облысты да, маңайдағы аймақтарды да азық-түлікпен қам­тамасыз етіп отырғандар аз емес. Бүгінде атыраулық малдың етіне Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы сияқты мем­­лекеттерден сұраныс бар. Әсіресе, қой етіне сұраныс жоғары. Аймақта еділбай қойының генефоны бұрыннан толық жасақталған. Қазір оның өнімділігі мен тұқымдық қасиетін одан әрі бүгінгі нарықтық талаптарға сай жақсарту мақсатында селекциялық-асылдандыру жұмыстары жүруде. Еділбай қойына қызығушылық танытатын, өсіруге ұмтылатын алыс-жақын шетелдіктер жетерлік. Жалпы алғанда, облыстағы жалпы өңірлік өнім 2020 жылдың қорытындысы бойынша 7 трлн теңгені құраған. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнімі 2,1 трлн теңгеге жетті. Атырау облысы даму көрсеткішінде респуб­лика бойынша Алматы мен Нұр­-Сұлтан қалаларынан кейінгі орында тұр. Ал мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі өңір экономикасының үлесі 10 пайыздан асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30 пайызға жуығы Атырау аймағына тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Аты­рау­дың үлесі 20 пайызға жетті.

Тарихымыз бен тұлғаларымызды түгендедік

Тарихсыз мемлекет болмайды. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында Алтын Орда дәуіріндегі астанамыз Сарайшық қаласының тарихи орнын сақтап қалуға жағдай қарастырылды. Сарайшық – аңызы мен ақиқаты қатар өрілген, тарих тұнған мекен. Еліміздің мәдени мұрасын сақтау үшін 2016 жылы облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлінді. Қорғаныс бөгеті құрылысының сәтті аяқталуы халық үшін үлкен қуаныш болды. Бұл күнде көне қаланы аспанасты музейге айналдыруда қауырт жұмыстар жүріп жатыр. Қала орнын сақтау үшін Атырау тарихи-өлкетану музейі мамандары мен археологтер бірлесіп жұмыс істеуде. Сарайшықты сақтауға қаражат бөлініп, жаңа жоба қолға алынғанын білген халық бүгінде оның сәтті жүзеге асуына тілеулес болып отыр. Сарайшықта халық армандаған «Сапар орталығы» құрылысын салу арқылы туризм дамуына жол ашылуы Мемлекет басшысының назарында тұр. Атырауда ел есінде қаларлық рухани дүмпу 2000 жылы болды. Осы жылы өнер астанасы Алматыда оқып, еңбек етіп жатқан өнер тарландары Атырауға ат басын бұрды. Атырау музыка училищесіне күй анасы Дина Нұрпейісованың есімі беріліп, ескерткіші тұғырына тұрды. Білім ордасының профессорлық құрамы Халық артистері Әзидолла Есқалиев, Шамгон Қажығалиев, Рыспай Ғабдиев, Қаршыға Ахме­дия­ров, Илья Жақанов, Ғафиз Есімов, Сағын Жалмышев, Мекес Төрешевтермен толықты. Қарымды қаламгерлер Әнес Сарай, Темірхан Медетбек, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Рахымжан Отарбаев, Ақұштап Бақ­тыгереева, Илья Жақанов, Ханбибі Есенғарева, Марфуға Айтхожина, Қажығали Мұқамбетқали, Светқали Нұржан, Айгүл Үл­кен­бае­ва, Елена Әбдіхалықова сияқ­ты азаматтардың шығарма­шылық кештері атыраулықтардың рухын көтеріп тастады. Жас ақын­-жазушыларды арқаландырған бұл үрдіс жалғасын табуда. Тәуелсіздіктің тағы бір артық­шылығы, еленбей қалған тұлғаларды халық алдына шығарып, есімі мен ерлігін насихаттап, оларға лайықты марапатын табыстап, олар туралы кино-пьесалар сахналап, жас ұрпаққа үлгі ету үрдісін қалыптастырды. Қазақ халқының Екінші дүние­жүзілік соғыстағы ерен еңбегі әлі де тарихи шындығын ашпаса да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш штурман-атқыш Хиуаз Доспанованың ерлігін паш етіп, қазақтың қанатты қызына Елбасы Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілуі егемендігіміздің елеулі оқиғасы болды. Кеңес Одағының батыры Әлия мен Мәншүкпен есімі мен ерлігі бірге насихатталып, жастарды Отанды сүюге, қорғауға, өркендетуге тәрбиелеудегі орны ерек боларын ескерген атыраулықтар қанатты қызға композиция­лық ескерткіш тұрғызды. Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы бас­тама Жеңістің 75 жылдығы қарсанында жүзеге асты. Үкіметтің қаулысымен 19 наурызда Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова есімі берілді. Міне, тәуелсіздіктің ерен үлгісі боларлық осындай істер Атырауда жүзеге асты. Бүгінде қазақтың үш биінің әсем ескерткіші, Құрманғазы мен Дина, мемлекетіміздің Әнұраны авторының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің, Халық жазушылары Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсен­баев, Фариза Оңғарсынова, дүлдүл күйші Қаршыға Ахмедияровтың, «Мұнайдың атасы» атанған Сафи Өтебаевтың ескерткішінің өзі та­ғылымды сабақ болып халықтың көз алдында тұр.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы