Пандемия мамандықтарды «сұрыптап» берді
Пандемия мамандықтарды «сұрыптап» берді
162
оқылды

Коронавирус пандемиясы әлем экономикасымен қатар, ішкі еңбек нарығына да ауыр соққы болып тиді. Еліміздегі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, биылғы сәуір айында жұмыс тап­пағандардың саны миллионнан асып кеткен. Бір қызығы, бұл індет пай­да болғанға дейін «тасы өрге домалап тұрған» мамандықтар бір­ден құлдырап, керісінше елеусіз мамандардың қадірі артып шыға келді.

Қажетсіз мамандықтар

«Атажұрт» қоғамдық қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, мамандық таңдаудан Қазақстандағы мектеп түлектерінің 70 пайызы қателеседі екен. Ал елде тіркел­ген жұмыссыздардың 74 пайызы кезінде мамандықты ата-анасының немесе басқа да таныстарының нұсқауымен таңдай салғанын айтқан. Соның салдарынан университет түлектерінің жартысынан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Мысалы, қазір алған білімі мен істеп жүрген жұмысы екі бө­лек­тердің көшін заңгерлер мен эко­номистер бастап тұр. «Мамандығым – заңгер. Группаластарымның ішінде 2 бала ғана өз мамандығымен жұмыс істейді. Пандемия кезінде мораторий жарияланғаннан кейін қиын болды. Мамандық бойынша жұмыс істемей жүргендер көп. Өзімнің таныстарым құ­рылысшы, даяшы болып істейді», – дейді жарық қоюшы Айдос Қыздарбек. Осылайша, мамандығынан өзге са­лада жан бағып жүргендердің 8 мыңнан астамы мемлекеттік грантпен оқығандар екен. Бюджет шығынын тек 500-ге жуық түлек қайтарған. Ал аграрлық сала түлек­терінің небәрі 5-10 пайызы ғана жұмыс тапқан. Алайда басты мәселе білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың нашарлығында болуы тиіс. Бұл ретте Elite кадрлық холдингінің бас директоры Олег Парахиннің айтуын­ш­а, қазір мұнай-газ саласындағылардың өзіне сұраныс жоқ. «Өйткені мұнай бағасының төмендеуіне байланысты ондағы қызметкерлер жұмыстан қол үзіп қалған. Мамандық бойынша ең жоғары жалақы алатындар бұрынғыдай мұнай-газ емес, білім беру саласында көп», – дейді ол. Бірақ мемлекет білім беру ісін қолдауды арттырғанмен, бүгінде ол салаға да 11 350 маман қажет болып тұр. «Қажетті мамандықтар атласы жасалды. Бүгінде елімізде ғана емес, бас­қа мемлекеттерде де өзгерістер болып жа­тыр. Себебі еңбек нарығы – өте құбыл­малы. Жаһандану бар. Болашақта қандай мамандықтар жойылады, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырай­ды, қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, осының бәріне сараптама жүргізілді», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов. Оның айтуынша, қазір цифрлық технология бойынша жаңа мамандықтар шығып жатыр. Ал есеп­шілер, еңбекақы санайтындар жойылып бара жатқан мамандыққа жатады. Өйт­кені жұмыс орындары қысқарып, бәрі автоматтандырылмақ. Сонымен қатар Қазақстанда білім саласын жаулаған ірі платформа – Daryn. Online жобасы авторларының бірі Асқар Мақсат болашақта мұғалім маман­дығының да жойылуы мүмкін екенін ескертті. Себебі қазір оффлайнмен бірге онлайн білім беру қатар дамып жатқан дәуір. Оған мына жаңа жобаға 3 миллион оқушы мен 300 мың мұғалімнің тіркелгені дәлел. «Оффлайн білім беру ақырындап ығысады. Онлайн білім берудің түрлі амалдары пайда болады. Ұрпақ бірте-бірте жаңа білім беру жүйесіне бейім­деледі. Бір мықты мұғалім бүкіл елге сабақ беретіндей технологиялар жасалуы мүмкін», – дейді Асқар Мақсат.

Қажетті мамандықтар

Сонымен, елде сұранысы жоқ маман­дық иелері жаппай шетел аса бастады. Мысалы, пандемия басталғалы мемле­кеттер арасындағы шекара шектеулері бола тұра, 15 мың 600 маман көшіп кет­кен. Бұл – Қазақстанға келген мамандар санынан 3,5 есе көп. Жалпы 2020 жылы елден кеткендердің 4 471-і техникалық мамандық иелері, одан кейінгі 2 332-сі – экономист және 1 454-і педагог болып отыр. Ал қалған 541-і – заңгер, 230-ы – ауыл шаруашылығы маманы. Негізгі себептері өмір сүру сапасының төмен­деуі, болашаққа деген сенімсіздік кө­рінеді. Сондай-ақ қазір құрылымы өзгеріп жатқан еңбек нарығында 239 жаңа мамандық пайда болған. Онлайн режимде жұмыс істейтін қызметкерлердің айы оңынан туып тұр. Өйткені «заманауи мамандықтарды оқытатын қысқа курстар көбейгендіктен, дене еңбегін қажет ететін жұмыс түрлері біртіндеп нарықтан шыға бастайды» дейді маман­дар. Әсіресе кинезотерапия, эрготерапия, ядролық медицина, гериатрия сынды мамандықтар медициналық кадрларды даярлауға түзетулер енгізді. Оған дейін елімізде коронавирус індеті тараған тұста 4 мың дәрігер, 800 эпидемиолог жетіспейтіні белгілі болған еді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі қысқа уақытта медициналық оқу орындарын­дағы 300 студентті эпидемиолог мамандығына қайта оқытып, 9 мың дәрігердің біліктілігін арттыратынын мәлімдеді. Бірақ медицина ғылымдары­ның докторы Сәкен Әміреев басқа маман­дықта оқыған медицина қызмет­керінен тез арада эпидемиолог шығару мүмкін емес деп санайды. «Жай сөзбен маман даярланбайды. Маман даярлап шығару үшін ұстаздар, профессорлар болуы керек. Дұрысы, елдегі 6 медицина университетінде эпидемиология факуль­тетін қайта ашып, бұл мамандықты оқыту үшін жан-жаққа тарап кеткен мамандардың басын қосып, жинау қажет», - дейді профессор.

Сауатсыз кадр сапасыз ЖОО-дан шығады

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің 91 пайызы қазіргі оқу орнын бітірген жас кадрлардың талапқа сай келмейтінін алға тартуда. Сондықтан БҒМ студенттерге көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ министрлік 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша лицензияларға 60 қосымшасын қайтарып алды. Осы орайда айта кетер бір жайт, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, егер эпидемиологиялық жағдай осы күйінде сақталатын болса, Қазақстандағы жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде қалады. Ал шектеу шаралары күшейтілсе, біліктілігі төмен тағы 162,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Демек, Қазақстанда әлгіндей сапасыз орта және жоғары оқу орындары сауатсыз кадрлардың қатарын көбейтіп жіберген. Түйін.

Шын мәнінде, осылардың бәрі былтырдан бастап пайда болған проблема емес. Өнеркәсіптің өспей қалуы, еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасындағы байланыстың нашарлығы, мектеп түлектерін кәсіби бағдарлау жүйесінің болмауы жылдар бойы қордаланып келіп, енді соның салдары пандемия кезінде қатты байқалып отырса керек.

Еркеғали БЕЙСЕН