Жақында Фейсбук әлеуметтік желісінде Шымкент қаласындағы колледждердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін, бірақ аты-жөнін айтпауды өтінген азаматтың санат алу үшін тест тапсырып жатқанын, жақсы нәтижеге ие болса, жалақыларының 30 пайызға көбейетінін, сол үшін тесттен өтуге 350 мың теңгеден жинап беретіні туралы жазба жарияланған болатын.
Одан бөлек портфолиоға 50 мың теңге бөлек жинаймыз деген ақпарат да бар. Әлгі ұстаз өз күшіңмен тапсыруға ұмтылғаныңмен, комиссия 1-2 балл жеткізбей құлатады, тестті 3 рет тапсыруға мүмкіндік бар дегенді де қосқан. Алайда мұғалім мұны ашық айтудан қорқады, өйткені колледж басшылығына оның аты-жөні белгілі болса, оның білім ордасында жұмыс істеуі қиындайтынын жеке әңгімеде жеткізген. Осынау жазба әлеуметтік желі пайдаланушыларының пікірталасын туғызды. Тартысты пікірлер арасында анонимді арыз иесін жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Осынау қызу талқыға түскен жазбаға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те өз пікірін қалдырған. Министр тапсырма берілгенін, қажет болса, бұл істі құқық қорғау органдарына жолдайтынын жеткізген. Одан бөлек, жергілікті салаға жауапты басшылық тарапынан да жауаптар жолданды. Біз көтерілген түйіткілдің ақ-қарасын анықтау үшін Шымкент қаласындағы бірқатар тиісті сала басшыларына хабарласқан болатынбыз. Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы: – Бүгінгі таңда барлық тест жұмыстары, құжат жинау электронды түрге көшкен. Тіпті, құжатты қолға алмаймыз, мұғалімдер құжаттарын онлайн түрде «Халыққа қызмет көрсету орталығына» тапсырады. Барлығы да бейнебақылау арқылы тексеріліп отырады. Иә, 2019 жылы қаламызда мектеп мұғалімдеріне қатысты осыған ұқсас үлкен мәселе болған. 300-ден аса мұғалімнің санаттары жалған құжат арқылы өтті деген жайтпен алынып тасталды. 2020 жылдың ақпан айында осында қызметке келе сала мұғалімдер арасында біртіндеп түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тесттен өтпей қалғандармен жеке-жеке сөйлесіп, не үшін өтпей қалғанын сұрап, бейнетаспаға түсіріп те алдым. Осындай жағдайдан кейін тағы қайталануы мүмкін емес деп ойлаймын. Тіпті, колледж мұғалімдерінің санаты бойынша тест басталған да жоқ. Алайда, әлі де арада осындай делдалдар мен жемқорлар жүрсе, олардың кім екенін білуіміз керек. Мені әрбір мұғалімнің тағдыры алаңдатады. Алайда факт бойынша қай жерде кемшілік кетіп жатқанын анықтауымыз керек. Бізге беймәлім тұстарды, жемқорлықты жою үшін бізге арызданушы толық айтып берсе дейміз. Валентина ВАЩЕНКО, Шымкент қалалық кәсіподағына қарасты білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподағы комитеті төрағасының орынбасары: – Біз ұстаздардың құқығын қорғаймыз. Егер олардан қандай да бір шағым түссе, алдымен мәселені зерделеп кінә кімнен кеткенін тексереміз. Қалалық Білім басқармасы өкілдері мен мектеп директорларымен, мұғалімдермен кездесеміз. Шынында, сондай жағдай болды ма, сол талқыланады. Ақшаны жинап жатқан кім? Мұғалім өз еркімен берді ме, әлде мәжбүрлі түрде ме? Барлығы да сараланады. Колледж мұғалімдері тарапынан ақша жинау бойынша арыз-шағым түскен емес. Ал енді мектеп мұғалімдері бойынша осыдан екі жыл бұрын қаладағы 344 ұстазды тестті «дұрыс тапсырмадың» деген желеумен категорияларын алып тастаған. Бұған келіспеген №79 мектептің ұстаздары сотқа арызданды. Әзірге сотта іс қаралып жатыр. Иә, аты-жөнін айтқысы келмей жасырын хабарласатындар да бар. Олжас ҚҰСПЕКОВ, Ustudy.kz компаниясының бас директоры: – Жазбада тест тапсырушының орнына басқа адамды кіргізу жағдайы болады дегенді оқып қалдым. Бұл мүмкін емес нәрсе. Кез келген тест тапсырушы екі тексерістен өтеді. Мемлекеттік базадан адам бейнесін танитын биометрик жабдығы тұр. Ол адам түрін сканерлеп, баяғы ХҚО-на өткізген жеке куәлікпен сәйкестендіреді. Одан басқа кіреберісте жеке куәлік тексеріліп, адамның жеке қолы қойылып, логин-пароль табысталады. Былтыр болуы керек, Шымкент қаласында жалған жеке куәлік жасаған адамды ұстадық. Бірақ одан кейін мұндай жағдай болған емес. Жалпы, бұл – нарық. Мұғалімдердің өздері тестке көмек беретін адам іздейді. Сұраныс болған жерде ұсыныс болады. Мәселен, былтыр Қарағанды қаласынын бір қызды ұстадық. Біздің қызметкеріміз деп алдап, 200 мұғалімнен 30 мың теңгеден жинап алған. Одан соң Қызылорда қаласында да кездесті. Алаяқтық схема құрылып, 300 мұғалімнің логин-паролін алып, анықтамаларын жинап, фотошоппен «өтті» деген анықтама алып берген. Білім басқармасы тексергенде олардың барлығы жалған болып шыққан. Біз қазіргі таңда адами факторды алып тастадық. Ешкім ешкімге көмек бере алмайды. Қазір көмек беремін дегендері - мұғалімдерді алдау. БАҚ-тың міндеті – қоғамдағы түйіткілді жазу, жария ету, ал оны шешу – билік иелерінің құзыретіндегі іс. Өкінішке қарай, білім саласында қордаланған мәселелер екеуара әңгімеде, шай басындағы сұхбатта айтылып, ресми органдарға жетпей жатады. Себеп біреу – ұстаздар арызқой атанудан үрейленеді. Олардың арызы заң аясында ресми органдарға жеткен күннен бастап білім ордаларының басшыларынан қысым басталуы бек мүмкін. Аталған «сценарий» көпшіліктің жұмған ауызын ашпауға мәжбүр ететінін осы материалды жазу барысында байқадық. Бұл «үнсіздік режимі» білім саласындағы мәселелердің толық шешілуіне кедергі болып жатыр.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы