Есірткі саудасы тыйылмай тұр
Есірткі саудасы тыйылмай тұр
283
оқылды

Есірткіні пайда көзіне айналдыр­ған­дар саны азаяр емес. Әсіресе, ин­тер­неттегі сауда көрігі қызып тұр. Қарағанды облысында соңғы үш айда заңсыз айналымнан 240 келі­ден астам әртүрлі есірткі заттары алынды. Сонымен қатар  транс­ұлттық қылмыстық топқа  тосқауыл қойылды.

Есірткі қылмысына қарсы тұру, есір­ткі заттарын өндірумен, тасымалдаумен, сатумен, сондай-ақ синтетикалық есірт­кінің жаңа түрлерін таратумен айна­лысатын адамдардың қылмыстық іс-әрекеттерін әшкерелеу және жолын кесу мақсатында Қарағанды облысының Полиция департаменті тұрақты негізде әртүрлі жедел-іздестіру шараларын жүзе­ге асырады. Нәтижесінде, 2021 жылдың 3 айында заңсыз айналымнан 240 келіден  астам (синтетикалық 7 кг, марихуана 145 кг, гашиш 89 кг) есірткі заттары алынды. Есірткімен заңсыз айналым жасағаны үшін ұсталған күдіктілерге қатысты 77 қылмыстық іс қозғалды. Есірткіні меди­циналық емес мақсатта пайдаланғаны үшін 57 қылмыс­тық іс сотқа жіберілді, онда қылмыскер­лерге ең қатаң жаза қол­данылатын болады. – Заманауи технологиялардың дам­уы, ғаламдық интернет желісінің кеңеюі кезінде денсаулық үшін өте қауіпті син­те­тикалық есірткіні көлеңкелі нарыққа шығаратын «жаңа» ұрпақ қылмыскер­лерінің саны көбейіп жатыр. Үш айда  Қарағанды облысының ПД Есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі өндірісі бойынша екі жасырын зерт­хананың қызметін тоқтатты. Мұнда қыл­мыс­керлер синтетикалық есірткіні өнеркәсіптік ауқымда шығарған. Есірткі сатушылардан тәркіленген түрлі заттар, арнайы құрылғылар, машиналар мен жабдықтар Камаз көлігіне әрең сыйды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Қарағанды облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Талғат Каскин.

Ұсталған ұстаз, күзетші...

2020 жылы есірткіні Telegram желісі ар­қы­лы сатқан 23 жастағы мұғалім ұсталды. Ол Қарағандыдағы мамандан­дырылған мектеп-интернатында дефек­толог-мұғалім болып қызмет атқарыпты. Тінту жұмыстары кезінде оқытушыға тиесілі есірткінің көп мөлшері табылған. Сот үкімімен ер-азамат кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса сот хаттамасында ұстаздың есірткіні сабақ пен жұмыс уақытынан тыс кезде таратқаны ай­тылды. Сонымен қатар өткен жылғы қыр­күйекте Қарағанды соты «ірі көлемде психотроп затты сатып алып таратты» деп айыпталған 25 жастағы Роман Фро­ловты 11 жылға бас бостандығынан айыр­ды. Сот бұған қоса оның психо­троп­ты заттарға тәуелділігін ескере оты­рып, есірткіден мәжбүрлі түрде емдеуді міндеттеді. Айыптау тарабының мәлі­метінше, тінту кезінде күдіктіден мефе­дрон партиясы, пирро­лидинова­лерофенон (PVP) және экстаз таблет­калары тәркіленген. Бұрын сотталмаған ер адам процесс кезінде тағылған айыптарды мойындап, басынан кешкен жайттарды баяндап берді. Кішкентай баласы бар екенін айтып, қатаң жаза­ламау­ды өтінді. Өзінің түсіндіруінше, ақша жетпегендіктен және ақымақтық­тың кесірінен есірткі­мен айналысқан. Айыптау тарабының мәліметінше (сотта мұны Фролов та мойындады), Фролов жасырын жұмыс істеген интернет-дүкенде есірткі тасы­малдаумен айна­лыс­қан. Кейінірек өзі де сайт ашып, есірткі сатып алатын клиенттер іздеген. Жақында Қарағанды қаласының ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында 52 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол гашиш есірткі затын сатқан. Азамат әскери күзетте күзетші болып жұмыс істейді. Аталған факті бойынша, яғни  Қылмыстық кодексінің 297-бабы бөлігі бойынша (есірткі заттарын заңсыз қолдану және сақтау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Трансұлттық қылмыстық топқа  тосқауыл

Қарағанды полицейлері трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті. Қылмыстық топты ұстау барысында олардан 70 келі синтетикалық есірткі мен 3,5 тонна прекурсорлар табылды. Ұйымдасқан топ еліміздің 5 облысында жүйкеге әсер ететін заттарды саудалаумен айналысқан. Есірткі заттарының заңсыз айналымымен айналысатын тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында Қара­ғанды облысы Полиция департаментінің басшылығы арнайы жедел-тергеу тобын құрды. Олардың жұмысының нәтижелері бойынша  ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің көмегімен Қазақстанның 5 облысының аумағында жұмыс істейтін 5 есірткі зертханасын құруға қатысы бар 10-нан астам адам ұсталды. – Қылмыстық істі тергеу барысында осы зертханаларды ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола отырып, Қазақстан Респуб­ликасының, Ресей Федерациясының, ТМД елдерінің және алыс шетелдердің аумағында психотроптық заттарды дайындаумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен айналысатын транс­ұлттық ұйымдасқан топ құрғаны анық­талды. Сондай-ақ Telegram және «Сиг­нал» мессенджерлері арқылы Қазақстан аумағында жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшесін басқарумен және үйлес­тірумен айналысқан, – дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин. Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ кураторлары психотроптық заттарды шетелден Қазақстан Республикасына жеткізу арнасын ұйымдастырған, психотроптық зат сұйық болған және автомобиль майлары мен қосалқы бөлшектер, алкогольді ішімдіктер, тұрмыстық заттардың, майлы радиатор­лар мен өрт сөндіргіштердің ішіне құйылып логистикалық фирмалар арқы­лы тасымалданған. Трансұлттық ұйым­дас­қан топтың қатысушыларынан құрғақ және сұйық түрінде алынған синте­тикалық есірткілердің жалпы саны 70 келіден астам дайын затты және 3,5 тон­на­дан астам прекурсорларды құрайды. Трансұлттық ұйымдасқан топты ұйым­дастыру және басшылық ету фактісі бо­йынша ҚР ҚК 264-бабының 1 және 2-тармақтары негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Түйін.

Қазақстанда есірткіні  таратушылармен күрес жүріп жатса да, ол туралы жарнама­лар ғимарат, қоршау, тротуарларда ашық­тан-ашық пайда болып жатыр. Сайт­тарда да сауда қызу. Есірткіні тарат­қан­дарға жа­за  күшейтілсе де әлеуметтік желі, сайт, мес­сенжерлерде жарнамалау тыйыл­май тұр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы