Ташкент төрінен жеті жүлде бұйырды

Ташкент төрінен жеті жүлде бұйырды

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты  мәре­сіне  жетті. Сары құрлықтағы бас­ты додада Қазақстан құ­ра­­­масының атынан 17 зіл­те­­мірші сынға түсті.

Атап айтқанда, ерлерден 55 ке­ліде Абылай Әуелханов пен Арли Чонтей, 61 келіде Игорь Сон мен Алексей Дроздов, 67 келіде Сай­рамкез Ақмолда, 81 келіде Алек­сандр Уваров, 89 келіде Нұр­ғиса Әділетұлы, 102 келіде Артем Антропов пен Рахат Бекболат және 109 келіде Ибрагим Берсанов бақ­тарын сынады. Ал әйелдер ара­сында 55 келіде Зүлфия Чин­шанло, 64 келіде Гүлнұр Ыбырай, 71 келіде Екатерина Быкова мен Айша Омарова, 81 келіде Карина Құзғанбаева, 87 келіде Раушан Ме­шітханова және +87 келіде Ай­зада Мүптілда өнер көрсетті. Биыл Азия чемпионаты Токио Олимпиадасына жолдама беретін рей­тингтік турнир болған соң ұлт­тық құрама жаттықтырушысы Ба­қыт Ахметов ересектер ара­сын­да жолдамадан үмітті Арли Чон­тей, Игорь Сон және қыздардан Зүл­фия Чиншанло сияқты сақа спорт­шыларды апарды. Қалған сал­мақтарда Париж Олим­пиа­да­сы­на баруы мүмкін деген жас спорт­шылар жарыс жолына шық­ты. Дегенмен сары құрлықтың бас­ты додасында жас спорт­шы­лардан құралған Қазақстан ұлт­тық құрамасы жақсы нәтиже көр­сетті. Ерлер құрамасы ұпай кө­р­­сеткіші бойынша жалпыко­ман­далық есепте жарыс қо­жайын­дары Өзбекстан мен азулы деген Қытай спортшыларының өзін артқа тастады. Қазақстандық ауыр атлеттерге Ташкент төрінен 7 жүлде бұйырды. Турнир қоры­тын­дысы бойынша, Қазақстан ер­лер командасы бірінші, Қа­зақ­стан әйелдер командасы төртінші орын иеленді. Қазақстан коман­да­сы – 1 алтын, 3 күміс және 3 қо­ла ме­даль жеңіп алды. Арли Чон­тей Азия чемпионы атанса, Абы­лай Әуелханов, Карина Құз­ған­баева және Нұрғиса Әділетұлы кү­міс жүл­дені қанағат тұтты. Ал Ека­тери­на Быкова, Айзада Мүп­тіл­да жә­не Артем Антропов қолаға қол созды. Жарыс аяқталған соң Қа­зақ­стан құрамасының бас бапкері Ба­қыт Ахметов турнирді қоры­тын­дылап, зілтеміршілердің өне­ріне бағасын берді. – Спортшылар Азия чем­пио­на­тында алға қойған мақсатын то­лықтай орындады. Ерлер ко­ман­дасы жалпыкомандалық есеп­те көш бастаса, әйелдер ко­ман­дасы төртінші орын алды. Бір жыл­дық үзілістен соң команда мү­шелерінің жарысты әбден са­ғынғаны бай­қалды. Әр спортшы соңына дейін тайталасып бақты. Жа­рыста тәжірибелі спортшылар мық­ты екендерін тағы бір рет дә­лел­деді. Кейбір жастарымыз үшін бұл мансабындағы алғашқы ха­лық­аралық турнирі екенін де ұмыт­паған жөн. Әрине, алда қа­теліктермен жұмыс істейміз, – де­ді бас бапкер. Ендігі кезекте жарысқа қа­тыс­қан қазақстандық зілтемір­ші­лер­дің нәтижелеріне аз-кем тоқтала ке­тейік. Қазақстан құрамасынан Азия чемпионатын 55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Арли Чон­тей бастап берді. Жерлесіміз қос­сайыс қорытындысы бойынша 255 (115+140) келі зілтемірді еңсеріп, Азия чемпионы атанса да, бұл турнирде өзінің үздік нә­ти­ж­есін көрсете алмады. Алда Қа­­зақстан ерлер құрамасынан Олим­­пиада ойындарына кім бара­тынын бапкерлер құрамы анық­тайды. Егер бар мәселені дәл осы Азия чемпионаты шешетін болса, онда жүлде бойынша Токио­ға Арли Чонтей лайық. Ал нә­тиже бойынша Игорь Сонның көр­сеткіші үздік болып тұр. Қыздар құрамасында Токиоға баруға үміткерлерден Зүлфия Чиншанлоға (55 келі) тең келері болмай тұр. Дегенмен биыл Азия чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойын­да­рының күміс жүлдегері жан­күйер­лер үмітін ақтай алмай, жүл­десіз қалды. Чиншанло жұлқа кө­теру бағдарламасында 92 келі зіл­темірді еңсеріп, кіші қола ме­даль иеленді. Серпе көтерудегі бірі­нші мүмкіндігінде 118 келіні ба­ғындырғанымен, қалған екі мүм­кіндігінде 122 келіні еңсере ал­мады. Сөйтіп, 210 келі нәти­жемен құрлық бәсекесін бесінші орынмен ақтады. Ташкенттегі турнирде ерлер құра­масынан 10 спортшы бақ сы­наса, соның 8-і жастар құра­ма­сы­нан биыл ғана ересектер қатарына қосылған жастар болды. Олардың көпшілігі үлкендер арасындағы алғашқы ірі додаға қатысып тұрса да, жоғары нәтиже көрсетті. Мә­се­лен, 55 келіде Арли Чонтейден 11 келі кем көтерген Абылай Әуел­ханов 244 келі (108+136) нә­ти­жемен Азия чемпионатының кү­міс жүлдесін жеңіп алды. Әр жа­рыста жоғары нәтиже көрсетуге ты­рысатын жерлесіміз бұл жолы да бас жүлдеден үмітті еді. Жұлқа кө­теруде 108, серпе көтеруде 136 ке­ліні көтерген отандасымыз 244 ке­лімен екінші орынға табан тіре­ді. Осылайша, Абылай ересектер ара­сындағы алғашқы Азия чем­пио­натында күміс жүлдеге қол жет­кізді. Бұл жас спортшы үшін керемет нәтиже. 89 келі салмақ дәрежесінде ел на­­мысын қорғаған 20 жастағы Нұр­ғиса Әділетұлы Азия чем­пио­на­ты­ның күміс жүлдегері атанды. Ол сер­пе және жұлқа көтеруде 372 (169+203) келіні еңсерді. Серпе кө­теру бағдарламасында Нұрғиса кі­­ші алтын жүлдені иеленсе, жұл­қа кө­теруде 203 келімен қолаға қол жет­кізді. 102 келіге дейінгі салмақ дәре­же­сінде өнер көрсеткен Артем Антропов қоссайыс нәтижесі бойын­ша 390 (168+222) келіні ба­ғындырып, қола жүлдеге ие бол­ды. Ал жастар арасындағы Азия чемпионатында 16 жасында топ жарып, жұлқа көтеру жатты­ғуын­да әлем рекордын орнатқан Рахат Бекболат жарысты бесінші орын­мен түйіндеді. Ол құрлық бә­секесінде 386 (173+213) келі ең­серді. Сонымен қатар 55 келі сал­мақта бақ сынаған Алексей Дроз­дов (278 келі) пен 73 келідегі Сай­рамкез Ақмолда (334 келі) Азия чемпионатын алтыншы, 81 ке­лі салмақта ел намысын қорға­ған Александр Уваров (320 келі) – төр­тінші және 109 келі салмақтағы Ибра­гим Берсанов (370 келі) то­ғы­зыншы орынмен түйіндеді. Қазақстан әйелдер құрама­сы­ның зілтеміршілері де жаман нә­тиже көрсеткен жоқ. Кіл ел чем­пион­дарынан құралған қыздар құрамасы 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 81 келі салмақта Карина Құзғанбаева 232 ұпаймен күміс жүлдегер атан­са, Екатерина Быкова (71 келі) мен Айзада Мүптілдә (+87 келі) қо­лаға қол жеткізді. 269 келі көрсеткішпен өз сал­ма­ғында үшінші сатыға көтерілген Айзада жарыстан алған әсерімен бөлісті. – Менің салмағымда жарыс жо­лына шыққан қытайлық, оң­түс­тіккореялық қарсыластарым өте мықты болды. Азия чем­пио­на­тына жақсы дайындалып кел­ген. Үшінші орын үшін айқастың өзі тартысты болды. Техника жа­ғы­нан аздаған қателік жібердім. Бұйыртса, оны жөндейміз деген ниет бар, – деді спортшы. Қош, сонымен Ташкент төрі­нен 7 жүлде жеңіп алған жерлес­те­­рі­міз жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді. Бұл көр­сет­кішке бапкерлік штабт та, зіл­те­мір­шілер де дән риза. Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов жолдама мәселесі толық ше­шілмегенін айтты. Оның сөзін­ше, іріктеу турнирі әлі жалғасады. Алда Африка чемпионаты мен жа­сөспірімдер арасындағы әлем бірін­шілігі өтеді. Ұпайлар сол кез­де толығымен есептеледі. Соның қо­рытындысы бойынша Токиоға ба­ратын зілтеміршілеріміз анық­талады.

Абылайхан ЖҰМАШ